Биыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы жариялануына байланысты ауданымызда әр салада еңбек етіп жүрген мамандардың жұмысын насихаттау мақсатында «Еңбек адамы» айдары жалғасуда.
Индер ауданы Мансап орталығы тұрғындарды жұмыспен қамту, жұмыссыз азаматтарға кәсіби кеңес беру, жастарды еңбек нарығына бейімдеу бағытында нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Тұрақты және уақытша жұмыс орындарын ұсыну, қайта даярлау курстарына жолдама беру, әлеуметтік қолдау көрсету — орталық жұмысының негізгі бағыттары.
Осы жауапты жұмыстың жүйелі түрде атқарылуына 2018 жылдан бері үлес қосып келе жатқан тәжірибелі қызметкер — Губайдуллина Зере Асқарқызы.
Зере Асқарқызы – өз ісіне адал, тұрғындарға тиімді жұмыс табуға және еңбек жолын дұрыс бастауларына бағыт-бағдар беруді басты міндет санайтын білікті маман. Әсіресе, жас түлектерге «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы қолдау көрсетіп, жастардың кәсіби қалыптасуына ықпал етіп келеді.
Айта кетсек, Атырау облысы Еңбек мобильділігі орталығының шешімімен Индер ауданы Мансап орталығы «Үздік Мансап орталығы» деп танылды. Бұл мәртебе — Зере Асқарқызы секілді жауапты мамандардың еңбегінің жемісі.
Адал еңбегімен ел сеніміне ие болып жүрген осындай қызметкерлер — ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының берік тірегі.
Индер ауданы әкімінің баспасөз қызметі

