Еңбек-адамның өмір сүруінің басты тірегі, жетістікке жетудің жалғыз жолы. Қазақ халқы ерте заманнан бері еңбекті қасиет тұтып, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, еңбекқорлықты ерекше бағалаған.Бүгінде бұл ұстаным өзектілігін жоғалтқан емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім- еңбек адамының мәртебесін көтеріп,қоғамда еңбек мәдениетін насихаттау мақсатында қабылданған маңызды қадам.Президент өз сөзінде: «Еңбек адамы-елдің тірегі.Қазақстанның дамуы, экономикасының өркендеуі, әлеуметтік тұрақтылық-барлығы адал еңбекке негізделеді.Біз еңбекке деген көзқарасты жаңғыртып, оны ұлттық құндылық ретінде дәріптеуіміз керек»-деп атап көрсетті.
Бүгінгі таңда әлемнің дамыған елдері табысты экономика мен әлеуметтік тұрақтылыққа еңбекке құрметпен қараудың арқасында жетіп отыр.Кәсіпкерлік, өндіріс, ауыл шаруашылығы, ғылым,өнер-барлығы да еңбексіз алға баспайды. Атақты неміс экономисі, Гарвард университетінің профессоры Иозиф Шумпетер: «Кәсіпкер болу-басқаның істегенін істемеу» деген.Шын мәнінде,өз ісін адалдықпен, жауапкершілікпен атқарған адам ғана табысқа жетеді.Кәсіпкерлік-табанды еңбектің, шыдамдылықтың және ізденістің нәтижесі.
Осы орайда ауылымызда маңдай терімен, еңбегімен халықтың алғысына бөленіп жүрген азамат, азаматшалар аз емес.Солардың бірі «Нұрбике» азық- түлік дүкені мен мейрамханасының иесі Клара Қаденқызы Абдирова.Ол көп жылдық еңбегінің арқасында кәсібін дамытып,халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді.Оның адал еңбегі мен кәсібіне деген сүйіспеншілігі өзгелерге үлгі боларлықтай. Жуырда осы еңбек адамының және оның қызметкерлерінің қатысуымен «Кез келген еңбек қадірлі» атты өнеге сағаты ұйымдастырылды. Іс-шара барысында К.Қаденқызы адал еңбектің маңыздылығы,кәсіпкерлікті бастау кезіндегі қиындықтар, қазіргі таңда бірнеше адамды жұмыспен қамтып,тапсырыс берушінің сұранысын,талап-өтініштерін қанағаттандырып отыратынын, кәсіпкерліктің қоғамға пайдасы және еңбекқорлықтың табысқа жетудегі рөлі туралы ой қозғалып,еңбекке құрметпен қарау,өз ісін сүйіп атқару,табанды болу туралы тағылымды әңгімелер айтылды.Сөзге Р.Қойшыбаева,А.Қауашевалар араласып, өздеріне міндеттелген қызметтеріне аса жауапкершілікпен, тиянақтылықпен, сыпайылықпен қарайтындарын жеткізді.
Бұл кездесудің басты мақсаты-қоғамда еңбекке деген оң көзқарасты қалыптастыру,еңбек адамдарын дәріптеу, құрметтеу,жастарға кәсіпкерлік пен табысты еңбектің қыр-сырын түсіндіру. Осындай өнегелі бастамалар арқылы елімізде еңбекке құрмет арта түсері сөзсіз.Әр адам адал еңбегімен өз отбасына,қоғамға,еліне пайда әкелсе,бұл еліміздің дамуына қосылған зор үлес болмақ.
Еңбектің қадірін түсініп, еңбек адамын бағалау-өркениетті елдің белгісі.
Айгүл Серікқалиқызы
Жарсуат ауылдық кітапханасының кітапханашысы