АСТАНА ҚАЛАСЫНДАҒЫ РОЗА БАҒЛАНОВА АТЫНДАҒЫ «ҚАЗАҚКОНЦЕРТ» МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ КОНЦЕРТТІК ҰЙЫМЫНДА ӨТКЕН І РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «СЕРПЕР» ҰЛТТЫҚ ӨНЕР БАЙҚАУЫНДА «ЖЕТІГЕН» НОМИНАЦИЯСЫ БОЙЫНША ИНДЕР БАЛАЛАР ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ ГИНАЯТОВА ДАНАГҮЛ ҚАЙЫРЖАНҚЫЗЫ ІІ ОРЫНДЫ ЖЕҢІП АЛЫП, 1 МИЛЛИОН ТЕҢГЕЛІК СЕРТИФИКАТҚА ИЕ БОЛДЫ.
Байқау ұлттық мәдениет пен өнердің озық дәстүрін жаңғыртып, қазақ халқының бай мәдени музыкалық мұрасын насихаттап қана қоймай, қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттырып, жас таланттарды анықтап, төл өнерді дәріптеуге бағытталған. Байқаудың бірінші кезеңі онлайн түрде өткен. Онда Данагүл шетел композиторының күрделі шығармасынан өзінің таңдауы бой- ынша А.Вивальдидің «Концерт», шертпе күйден Қайрақбайдың «Бұлғын-сусар», төкпе күйден Динаның «Науысқы» шығармасын орындаған. Ал, Астана қаласындағы Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт залында өткен екінші кезеңде барлық қатысушыға міндетті Бауыржан Ақтаевтың «Көктем сазы», виртуоздық сипаттағы шетел композиторының күрделі шығармасынан В.Мальяровтың «При в долине, при в лужку», аспаптың мүмкіншілігін көрсететін халық әніне заманауи интерпретациядан халық әні «Әгугай», заманауи композитордың күйінен Бауыржан Бекмұханбетовтің «Алтыныма», қатысушының техникасы мен шеберлігін көрсететін шығармадан Құрманғазының «Жима» күйін орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
– Күнделікті дайындықтың арқасында тапсырмаларды жақсы орындап шықтым. Жетіген номинациясы бойынша Алматы, Астана, Атырау, Көкшетау қалаларынан бес қатысушы бақ сынадық. Жетіген аспабын колледжде оқып жүргенде үлкен курс студенттерінен, Бауыржан Ақтаев ағайымыздан сабақ алып, домбыра аспабымен бірге қатар алып жүрдім. Биылғы оқу жылынан ба- стап мектебімізде жетіген класы ашылды. Қазіргі таңда осы екі аспаптан сабақ беремін, - дейді Данагүл Қайыржанқызы.
Айта кетейік, байқау Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ