Далада шөптен целлофан көп

Жалпы халықты көкөніс, бақша өнімдерімен қамту жұмысының өте қажет екені түсінікті ғой. Бұл игі іске Индер ауданы Елтай ауылының бұрынғы Аманкелді атындағы кеңшары лайықты үлесін қосса, бүгінгі тұрғындары да одан тартынып қалып жүргендері жоқ. Бірақ осы істің бізді ренжітетін бір тұсы бар.

Ол егін салушыларға жер ауылға жақын маңнан, сол бұрынғы дұрыс суландыру алқабынан беріліп жүр. Соның ішінде Есқайырова Қалықызға 30 гектар жер 2011 жылы берілген екен. Оның бұл жерді пайдаланғанына 9 жыл болды. Олар өздерінің аянбай еңбек жасағандарының арқасында жылма жыл мол өнім жинап та келеді. Бақшаларынан өнімді мол алу үшін қияр мен қызанақты сәуір айында отырғызған кезде целлофанмен жабады. Өнімді күзде жинап алады да, манағы целлофандары сол жерде қалып қояды. Ал оның жерді бүлдіретінін бәріміз де жақсы білеміз. Бірақ мұны тәртіпке салатын кім?

Жиналмай қалған осы целлофандарды өз көзіммен көргендіктен, Жер-Анаға жаным ашығандықтан, осы мақаланы жазып отырмын. Мұны оқығаннан кейін тиісті орындар нақты шарасын алады деген үміттемін. Қазір осы жерде Елтай, Ынтымақ, Есбол ауылдарының ірі қара малдары, жылқылары жайылып жүр. Осы малдардың целлофандарды жеп, қоя ауруына шалдықпайтынына ешкім де кепілдік бере алмайды. Айтқан пікіріме нақты мысал келтірсем, жақында өз қажетіме осы жерде жайылған сиырымды сойған едім. Ішінен асырып айтқан кісіге екі киллодай целлофан мен жіптер (шпагат) шықты. Мен малымды арам өлтірмей адалдағаныма қуандым. Осыған байланысты тағы айтайын, Доңға (Мұқанбет,Қабден) мәйітінің маңынан 5-6 гектардай жер жыртылған, бірақ ешкім де еш нәрсе отырғызбаған. Осыншама жерді сонда жыртып, бүлдірген кім?

Егер осы жерлер жыртылмаған болса малдың жайылымы болатын еді ғой. Тағы да тоқталатын өзекті мәселінің бірі, осы жердегі шамамен 6-7 гектардай жерге өткен жылы біреу бақша салған, оны тамшылатып суару әдісімен өсірген. Өнімді жинап алған да, бақшасын суарған пластмасса құбырлары сол күйінде қалып, жайылымдық жерлерді бүлдіріп жатыр.

Меніңше, осы жер туралы заңға сәйкес пайдаланған жерді күтіп, баптау әрбір жермен жұмыс жасағандардың міндетіне кіреді. Олай болса, жер туралы Заңның сақталуын кім бақылайды, кім олардан соны талап етеді?

Өмірден өткен кеңестік кезінде мен еңбек еткен Аманкелді атындығы шаруашылықтың егіншілері осы целлофанды пайдаланбай-ақ мол өнім жинаушы еді. Осы орайда айтпағым, бақшашыларға жыл сайын жаңа жер бергеннен гөрі, 4-5 жыл пайдаланған жерлерін қайталап, тиімді ұстауды үйреткен жөн санаймын.

Өмірден өткен кеңестік кезде шаруашлықтардың жерді пайдалануын ауыл шаруашылық басқармасының мамандары қатаң бақылауда ұстайтын. Меніңше, сол басқару жүйесі өзгергенімен, аталған құрылым әлі бар. Ондағы мамандар сонда немен айналысады?

Сондықтан да мен жер заңдылығын сақтауға, тиісті мекемелер мамандарына «Сын айтса-сынба, шын айтса тыңда» деген даналықты ескерсе демекпін.

Тасқали ТЕМІРБОЛАТОВ,

Елтай ауылының тұрғыны.

сурет дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521