БОЛАШАҚ БАҒДАРЫМЫЗ ҮШІН ҚАЖЕТ

БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНІҢ БІРІ РЕТІНДЕ ХАЛЫҚ САНАҒЫНЫҢ ӨТУІН АТАП ӨТЕР ЕДІК. ӘРБІР ОН ЖЫЛ САЙЫН ӨТЕТІН АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТЫҢ ӨЗ ҚЫЗЫҒЫ МЕН ҚИЫНДЫҒЫ БАР ЕКЕНІ ДАУСЫЗ. БІР КЕЗДЕРІ АУДАНДЫҚ СТАТИСТИКАНЫ БАСҚАРА ЖҮРІП ХАЛЫҚ САНАҒЫН ӨТКІЗУГЕ ҚАТЫНАСҚАНДАРДЫҢ БІРІ, БҰЛ КҮНДЕ АУДАНДЫҚ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫН БАСҚАРАТЫН СӘКЕНОВ ӘДІЛГЕРЕЙ МҰРАТҰЛЫНА ЖОЛЫҒЫП, СОЛ КЕЗ ЖАЙЛЫ ТІЛДЕСКЕН БОЛАТЫНБЫЗ.

Әділгерей Мұратұлы, өзіңіз бір кездері жетекшілік еткен басқарманың санақ жұмысымен айналысқанын жақсы білеміз. Сол жөнінде айтып берсеңіз...

-Алдымен аудандық газет редакциясына сұхбатқа шақырғандары үшін алғыс білдіргім келеді. Өзім бұл саладан кеткеніммен, әлі күнге дейін сырттай бақылап қана қоймай бұрынғы әріптестеріммен тығыз қарымқатынастамын. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда халық санағы 1999 және 2009 жылдары екі рет өткізілген болатын. Биыл қазан айында Тәуелсіз Қазақстанның тарихында үшінші мәрте халық санағы өткізілгелі отыр. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» Заңына, «Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдерін бекіту туралы» Үкімет Қаулысына сәйкес, сондай-ақ әлемдік деректермен салыстырмалылықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда халық санағы он жылда бір рет жүргізіледі. Ал 2015 жылдың маусымында БҰҰ-ы 2020 жылы халық санағының кезекті раундын жүргізу керектігін жариялаған болатын. БҰҰ-ның ұсынымын назарға ала отырып, ТМД мемлекеттерінің Басшылары Кеңесінің 2016 жылдың қыркүйек айында Бішкекте өткен отырысында, ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде кезекті халық санағын 2020 жылға барынша оңтайлы мерзімде — 2019 жылғы қазаннан бастап 2020 жылғы қазанды қоса алғанда жүргізу туралы шешім қабылданды. Осы қабылданған шешімге сәйкес, Қазақстан Республикасы халқының кезекті ұлттық санағын 2020 жылдың қазан айында өткізу белгіленді және «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысы қабылданып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Сол жылғы санақ түрлі себептерге байланысты өтпесе, 2020 жылы елімізде коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты күрделі жағдай қалыптасып тағы кейінге шегерілді. Осы жолғы халық санағы «Қазақстанда әркім маңызды!» атауымен өткелі отыр.

-Сіз 2009 жылғы өткен санақтың басы-қасында жүрген едіңіз. Соны еске бір алсаңыз...

-Дұрыс айтасыз. Алпыстан асқан жасымда халық санағын өткізуге қатынасып, басы-қасында болғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Ол кездер қиындықтан жаңа шығып енді еңсе көтеріп келе жатқан кезең болатын. БҰҰ бастамасымен он жылда бір өтетін халық санағын елімізде наурыз айында өткізу жөнінде Үкіметтің арнайы қаулысы бекітілді. Осы қаулыға сәйкес ауданда арнайы комиссия құрылды. Комиссияның төрағалығына аудан әкімінің орынбасары бекітілді. Шыны керек, бір жылдың ішінде комиссия төрағасы үш рет ауысты. Басқармада 5 адамнан басқа артық адам жоқ. Сөйтіп жүріп аудан әкімінің алдына мәселе қойып, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 40-тың үстінде адамды санақ жұмысын үйлестіруді қолға алған болатынбыз.

-Осы жұмысқа тартылған жұмыссыз азаматтар арнайы дайындықтан өткізілген болар? -Әрине, мұндай маңызды іске кіріспестен бұрын әрбір азаматты жан-жақты дайындадық. Қазіргі АБК ғимаратының үлкен залынан арнайы орын беріліп, аптасына үш реттен семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Олар дайындықтан өткен соң қолшам, қаламсап, ысқырғыш, санақ жөніндегі түсіндірме кітапшасы бар арнайы сөмкемен қамтамасыз етілді. Ауданда санақты өткізу жөнінде Есбол және Индербор кентінен екі учаске құрылды. Осы учаскелер арқылы ауданға қарасты ауылдық округтермен бірге шалғай елдімекендермен қырлық жерлерін түгел аралап шықтық.

-Санақты өткізу барысында қандай жұмыстар атқарылады, қандай құжаттар толтырылады?

-Мен әңгіменің ашығын айтайын, санақты өткізуге қатынасушы адам ең алдымен психологиялық тұрғыда дайын болу керек. Неге дейсіз ғой. Отбасында тұратын әрбір мүшемен жеке-жеке сөйлесіп құжат толтыру үшін әрқайсысына кемінде 25 минут уақыт кетеді. Әрбір үйге барған санақшы алдымен өзін таныстырып, келудегі мақсатын түсіндіріп, азаматтарды дайындап алады. Өйткені адам болған соң әркімнің мінезі әрқилы болады ғой. Арнайы дайындалған парақшада туған жылынан басталған өмір жолы тізіліп жазылады. Қайда жұмыс істеп, оқығаны туралы да анық көрсетілуі тиіс.

-Санақшылар барған кезде сол уақытта тұрғындар қандай талаптілектер қояды?

-Өте орынды сауал. Ол кезде ең өткір проблемалардың алғашқысы жұмысқа тұру еді ғой. Тұрғындар маған жұмыс тауып бересіздер ме деп шарт қояды. Былай қарағанда санақшы жұмысқа орналастыруға жауапты органның өкілі емес. Десек те талап-тілектер жазып алынады, кейін комиссия отырысында мәселе қылып қаралады. Нәтижесінде санақшылардың жүруі арқасында көптеген азаматтар жұмыспен қамтылды. -Ара-тұра бюджеттен босқа қаржы шығындап, санақ өткізудің не қажеттілігі бар деген пікір айтылып жатады. Неліктен? Сол кездегі аудан халқының саны қанша болды? -Сіз айтып отырған пікір бұрын да айтылды. Қазір де айтылып жүр. Санақ өткізудің маңызы ерекше. Себебі осы санақ арқылы елімізде тұратын халықтың санын, өзге ұлттардың санын, жұмыссыздардың санын, азаматтардың білім дәрежесін, халықтың әлеуметтікэкономикалық тұрмысын анық зерделеуге мүмкіндік беріледі. Сайып келгенде бұл мемлекеттің экономиканы дамытуға арналған кешенді бағдарламасын қалыптастыруға жол ашады. Ал, сол кезде аудан халқының саны 31 мың 408-ге жетті. Осы жолы өткізілгелі отырған халық санағына аудан жұртын белсенділікпен қатынасуға шақырамын.

-Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: Сұңқар КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521