ЖАҚЫНДА ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ. КЕҢЕС ЖҰМЫСЫНА АУДАН ӘКІМІ СЕРІК НЫСАНБАЕВ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ АБЗАЛ РАМАЗАНОВ, КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ МЕН БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫ ҚАТЫСТЫ. КҮН ТӘРТІБІНДЕ БІР МӘСЕЛЕ ҚАРАЛЫП, АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОМОБИЛЬДЕР ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ ШАПАҒАТ ҒАББАСОВ «ИНДЕР- БОР КЕНТІ, «КӨКТЕМ» МӨЛТЕК АУДАНЫ 11 УЧАСКЕДЕ ОРНАЛАСҚАН 80 ПӘТЕРЛІК ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ БЕРІЛУ ТӘРТІБІ ТУРАЛЫ» ХАБАРЛАМА ЖАСАДЫ.
– Индербор кенті «Көктем» мөлтек ауданында 11 учаскеде орналасқан 7,1 позициялы 80 пәтерлік 1 үйдің құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, пайдалануға беруге дайын. Аталған тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Отбасы банк» тарапымен келісім жасалып, қарыз есебінде 2021 жылы 100 млн. теңге ішкі көзден облыстық бюджеттен кредиттік қарыз беріліп, үйдің құрылысы басталды. 2022 жылы 264,378 мың теңге беріліп, құрылыс жұмыстары жалғасты. Үйдің жалпы сомасы 1 178,472 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда осы сомма толықтай кредиттік қарызы төленіп, үйдің құрылысы аяқталып тұр. Осыған орай, аталған үйдің 10 пәтерін ипотекалық мақсатта, 10 пәтерін ауданымызға жаңа дәрігерлердің келуіне орай қызметтік пәтер ретінде және 60 пәтерін тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінде тұрған азаматтарға ұсынылады. Жоғарыда айтылған ұсыныстың мақсаты – ауданымызда салынған жаңа пәтерден төлем қабілеттілігі жоғары, жекешелендіру құқығымен 10 отбасы ипотекалық пәтерлі болады. Сонымен қатар, ауданымызға жаңадан дәрігерлер келіп, медицина саламыз дамып, қарқындай түседі, яғни жаңа дәрігерлер жаңа тұрғын үймен қамтылады, - деген бөлім басшысы тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінде тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтар, көпбалалы отбасылар мен жетім балаларға үйлі болу жағдайы жасалатындығын айтты.
Ауданда тұрғын үй салу мәселесі төңірегінде кеңес мүшесі Бағытжан Құнас алдағы жылдары үй салу барысында ипотекалық үйлер берілетін жағдайда алдын ала хабарлануы қажеттігін айтса, аудандық мәслихат депутаты Нұртас Құспанов арнайы санаттарға салынатын үйлерді округтерге салу қажеттігін, себебі ауылдағы азаматтар кентте көшіп келіп жатқанын, бұл ауылдағы білім беру ұйымдарында бала санының азайып кетуіне себеп болып отырғанын жеткізді.
– Бүгінде ауданда 29 100 адам нақты ем қабылдаушылар санатында есепке алынған болса, соның 16 400-і – кентте тұратындар. Қазір Елтайда 2000, Бөденеде 1300 тұрғын қалып отыр. 2022 жылға дейін кенттің басында 12 мың халық болса, қазір 16 мың 400-ге өсті. Осы ретте мониторинг жасап, тұрғындарды ауылдарға шоғылдандыру мәселесін қарастыру керек. Кенттен үй берілген сайын ауылдағы халық орталыққа қарай көшуде. Ауылда 1500 тұрғын болмаса, дәрігерлік амбулатория ұстай алмаймыз. Бұл мәселені нақтылап қарауымыз керек. Сонымен қатар, екінші мәселе ауданда коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар көп. Бір жылдары медицина қызметкерлері бюджеттік қызметке жатпайды деп тізімнен шығып қалды. Біздер – шаруашылық басқару құқығындағы мекемеміз. Халықты ауданға, ауылға тұрақтандыру бағытында бюджет қызметіне жатпайтын қаншама адам үйге мұқтаж. Қаншама адам үй жалдап жүр? Адамдар көше берсе, ауылда кісі қалмай қалады. Сондықтан мониторинг жасалу қажет, – деді аудандық орталық аурухана директоры Анаргүл Доспаева.
Аудан әкімі Серік Нысанбаев ұсыныстар назарға алынатынын айта келе, кезекте тұрған азаматтарға талдау жасалатынын жеткізді. Кезекте тұрған отбасылардың басым көпшілігі бюджеттік қызметкерлер болуы мүмкін. Қазіргі таңда пилоттық жоба ретінде 10 пәтерді ғана ипотекаға ұсынып отырмыз. Егер нәтиже жақсы болса, алға қарай несиелік үйлердің санын көбейтеміз. Осыған сай әрі қарай бұл бағытта қандай жұмыстар жасала - тынын анықтайтын боламыз, - деді ол.
Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әлифолла Балахметов көтерілген мәселе бойынша айтылған барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынып, мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, арнайы қарар қабылданатын айтты.
Жадыра НАРМАНОВА