Бруцеллез індеті малдан адамға жұғып жатыр. Бұл індеттің зардабынан адам мешелдік жағдайға жетіп, ұрпақсыз қалуына да әсер етеді екен.
Ауданымызда мал ауруларының өршуі осындай өкінішті дәрежеге жеткізуде. Мал ауруларының осы және басқа да індетіне орай облыстық ветеринария саласы мамандарымен ауданда семинар ұйымдастырылды. Алдымен аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Өмірғали Темірғалиев аса қауіпті мал ауруларының алдын алу бағытында жасаған баяндамасында бруцеллез ауруының негізінен ұсақ малдардан өршіп отырғанын атап өтті.
Бүгінде Елтайда-81, Есболда-19, Бөденеде-13, Өрлікте-10, яғни аудан бойынша барлығы - 123 мал осы ауруға шалдығыпты. Ауруға шалдыққан малдарды көршілес Батыс Қазақстан облысының Трекино ауылындағы «Жеңіс» мал сою цехына санитарлық союдан өткізілген екен.
Ал аудандық ветеринария және ветеринариялық бақылау бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Балғабай Кәриев:
–Кейбір мал иелері мал ұстау ережесін толық сақтамау салдарынан ауруды жұқтыруына себеп болып отыр. Әрі ауырған малды жасыратындар кездеседі. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары жүруде. Өкінішке орай кейбір мал ұстамайтын адамдардан да бұл ауру шығып отырғаны алаңдатады, – деді ол.
Бұл бағытта аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев бруцеллездің негізі жеке сектордан шығып отырғандықтан, барлық ауылда қораларды тазалауға міндеттеуге мәжбүр болып отырғанын, бір жақсысы дезинфекция жасалған қорадан бруцеллез жойылып отырғанын атап өтті.
Жиын барысында «РВЗ» ШЖҚ РМК аудандық филиал директоры М.Зинеденова бруцеллез ауруының диогностикасы, «РЭО» РММ облыстық филалының басшысы М.Кемелбаев бруцеллез ауруының қолайсыз ошақтардағы жұмыстар туралы айтып өтті. Басқа да мал ауруларының алдын алуға қатысты мамандар пікірлерін білдірді.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.