Атырау облысындағы елді мекендерді су басу қаупі жоқ

Атырау облысында көктемгі су тасқынына дайындық басталды. Қазір өңірде елді мекендерді су басу қаупі жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей,көктемгі су тасқынына дайындық, оны өткізу және ықтимал залалды азайту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленген. «Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің Астрахань, Волгоград және Орынбор облыстарындағы бас басқармаларымен Волгоград пен Ириклин су қоймаларындағы гидрологиялық деректерді алмасу басталды. Қазір Орынбор облысындағы Ириклин су қоймасынан орташа тәуліктік су жіберу көлемі секундына 15 текше метрді құрайды. Ал, Волгоград су қоймасының турбиналары арқылы орташа тәуліктік су ағынының көлемі – секундына 4 720 текше метр. «Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, су тасқынының негізгі болжамы наурыздың бірінші онкүндігінде күтіліп отыр. Ал, Волгоград облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі бас басқарманың мәліметіне сүйенсек, Еділ өзенінің төменгі гидрологиялық бекеттеріндегі су орташа көпжылдық деңгей шамасында болжанып отыр», -деп хабарлады департаменттің

Қазір Атырау облысында көктемгі су тасқынының алдын алу іс-шарасының жоспары бекітілген. Аудан әкімдіктерімен 24 760 құм салынған қап, 26,5 тонна жанар-жағар май, 615 тонна құм дайындалды. Сондай-ақ, құтқару бөлімшелерінен 310 адам, 55 техника, 20 жүзу құралы, «МИ-8» тікұшағы дайындыққа келтірілді. Жергілікті бюджеттен төтенше жағдай зардаптарын жоюға 1 млрд 92 млн 693 мың теңге қарастырылған. «Атырау облысының аумағында 1967-1994 жылдары салынған ұзындығы 513 шақырымды құрайтын бөгеттер бар. Оның 181 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Автомобиль жолдарында 421 су өткізу құбыры салынған. Оның ішінде 238-і республикалық маңызы бар автожол, ал, 183-і облыстық маңызы бар автожол, 68-і теміржол бойында орналасқан», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.


 inform.kz



ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521