Индер аудан әкімі Дарын Дүйсембайұлы өз есебін кент тұрғындарының негізгі өзекті мәселенің бірі – апатты үйлерді көшіруден бастады.
Бұл бағытта 2022 жылы кенттегі апатты танылған З.Қабдешев көшесіндегі №7 және №11 үйдегі 16 тұрғынға тұрғын үй алып берілді. Былтыр З.Қабдешов көшесіндегі №5,9,12 тұрғын үйлердегі 24 пәтер көшіріліп, апатты тұрғын үй иелері баспаналы болды. Ал биыл апатты деп танылған үйлердің 70 отбасын жаңа үйге көшіруді жоспарлаған. Бұл – Д.Қонаев көшесіндегі 6А,6Б,6В және Қазақстан көшесіндегі №44,45,47, З.Қабдешов көшесіндегі №13,15 үйлер.
– Қазіргі таңда 33 отбасы жаңа үйде қоныс тойын тойласа, қалған 37 апатты деп танылған пәтерге конкурс ашылды. Тамыз айының соңына дейін аталған пәтердегі отбасылар жаңа үйлеріне көшетін болады. Осы жұмыстар аяқталса, соңғы 3 жылда апатты үйлерді көшіру бойынша – барлығы 110 отбасы жаңа үйлі болады. Бұл жұмыстарды жыл сайын жалғастыра береміз. Одан бөлек, кенттегі «Көктем» шағын ауданында 80 пәтерлік бес қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Қазіргі таңда 7.1 позициялы үйдің құрылысы аяқтала келіп, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарда бар. Ал 8.1 позициялы екінші үйдің құрылысы әзірге мердігер мекеменің құрылыс жұмыстарына салғырттық танытып, берілген мерзімде аяқтамауына байланысты тоқтап тұр. Қазіргі таңда сот мекемені жосықсыз деп таныды, қайта конкурсқа салу үшін құжаттамалары жасалуда, - деді аудан әкімі Дарын Дүйсембайұлы.