Апатты үй тұрғындары жайлы баспана кілтін алды

Ауданда апатты деп танылған тұрғын үйлердің отбасылары жаңа баспанаға көшірілді. Аудандық әкімдікте өткен кездесуде аудан әкімі Дарын Шамұратов  тұрғындарға жаңа баспана кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
Ауданда апатты үйлердің тұрғындарын көшіру соңғы 3 жылдан бері  жүйелі түрде шешімін тауып келе жатқаны қуантады. Айталық,  2022 жылы – 2 үй, 16 пәтер,  2023 жылы – 3 үй, 24 пәтер тұрғындары жаңа баспанаға көшірілді. Ал биылғы жылы  апатты деп танылған үйлерді көшіру мақсатында 72 отбасын жаңа үйге көшіру жоспарланған еді.  Олар – Индербор кенті Қазақстан көшесіндегі  №44, 45,47, З.Қабдешов көшесіндегі №13,15,  Д.Қонаев көшесіндегі  №6А, 6Б, 6В үйдің тұрғындары. 
Кент орталығындағы «Қазақстан» көшесі мен «Барлаушылар» бөлігіндегі З.Қабдешов көшесіндегі аталған екі қабатты қамыс үйлер өткен ғасырдың ортасында  салынған, шын мәнінде олар қабырғасы қақырап, төбесі құлап, іргесі сөгіліп, аңғал-саңғал болып, кенттің көркін кетіріп тұратын еді. Ескі қамыс үйлердің жайсыздығымен қатар  өртке тұтанғыштығы зор  болатын. Оның бірін өрт шалғанда лезде өртеніп, тұрғындары қыс ортасында панасыз қалған болатын. Ал, Д.Қонаев көшесінде орналасқаны әуелде ескі аурухана болған, біріне-бірі жалғасқан көнетоз ғимараттар еді.  Оны 90-шы жылдардағы күрмеуі қиын кезеңде үйге мұқтаж болған бірқатар тұрғын баспанаға айналдырып алған-ды. Әркім әр жеріне есік пен терезе шығарып, қалауынша бөлме қосып, жылу қазандығын салып, ескі ғимараттарды жамап-жасқаумен болды. Сорақылығы сол, айналуға келмейтін тап-тар ауласында әжетханасын да орналастыруға тура келді. Кәріз жүйесі болмағандықтан, тұрғындардың үйтпеске амалы да жоқ еді. Осындай оңбай тұрған үйлерді көптеген тұрғын жылдар бойы мекен етті.
– Сіздердің апатты жағдайдағы үйлеріңіздің орнына өздеріңіздің таңдауларыңызбен үй сатып алынып берілді. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Бұл игі іс облыс әкімінің тікелей қолдауының арқасында мүмкін болып отыр. 
Апатты деп танылған үйлердің биылғы жоспарланған межесін жаңа баспанаға көшіру ісі сәтімен жүзеге асып отыр. Жасыратыны жоқ, бастапқыда тұрғындардың бірқатары бізге сенімсіздік білдіріп, жаңа үйлерге көшіру шешілмейтін мәселе, тек құр уәде дегендерді де естіген едік. Енді, міне, 3 жылда 112 пәтердің тұрғыны  жаңа қонысқа ие болып отыр, - деді аудан әкімі Дарын Дүйсембайұлы. 
Көпшіліктің көкейінде апатты ғимараттардан босаған жерлер қай мақсатқа қолданылады деген сұрақ туындары сөзсіз. Жиын барысында аудан әкімі оның да жауабын айтып өтті. Атап айтқанда, босаған ескі аурухананың ғимараттарын құлатып, орнына М.Әуезов  атындағы орта мектебіне жапсаржай салу жоспарланып отыр. Бүгінде аталмыш мектептің спортзалы мен акт залы тарлық етуде екен. Ал «Барлаушылар» бөлігіндегі З.Қабдешов көшесіндегі апатты үйлерден босаған 3 гектарға жуық жердің орны тазаланып бола келген. Оған әлеуметтік нысандар, балалардың шығармашылық үйі, саябақтар салу жоспарланған.  
Жиын соңында жаңа баспаналы болған тұрғындар аудан басшылығына, салалық мамандарға  қуаныштарымен бөлісіп,  ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, аудандағы қалған 12 апатты көпқабатты үйдің 121 пәтер иесін бөлінген қаражат көлеміне қарай көшіру кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.


С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT