Қайырымдылық қорының 265-інші кілті индерлік отбасына бұйырды

  Индер ауданы Есбол ауылдық округіне қарасты «Жалаңаш жар» жерін мекен етіп, ұзақ жыл бойы баспана тауқыметін тартып келген Көшеновтер отбасы үшін күтпеген жерден жағымды жаңалық орын алды.

Келмеске кеткен Кеңес заманында мыңғыртып мал өсірген «Правда» кеңшарының егіншілері мекендеген жерде жалғыз өзі тұрақтап қалған жанұяның баспанасы тұруға жарамсыз. Жарығы мен жылуы жоқ, судың өзін биік жардан тартып ішіп отырған, бүгінгі ақпараттық даму кезеңінен кенжелеу қалып қойған елді мекенде тұратын отағасы Нұрбектің бір жанары туа бітті зағип болса, отанасы іргедегі Жайықтан ауланған балықты сатып әрі азын-аулақ мемлекеттік жәрдемақыны талғажау етіп келеді.

Сол отбасының туыстары өзара ақылдасып «Қарекет» қорынан көмек сұраған. Ауылдас, жерлестерінің осынау жанайқайын қорға жеткізбегенде олар әлі де осы тұрғын үйді мекен етіп қаларма еді кім білсін?! Адам ат ізін салмайтын жерде тұрудың өзі кім-кім үшін де оңай емес. Қанша қиналса да ешкімге мұң шағып көрмеген қарапайым отбасының қиын тағдырына жерлестері өздері бастама көтеріп, қоғамдық қор да қол ұшын созды.

- Менің осында келгеніме он жыл болды, жолдасым осы жердің тумасы. Бүгін бізді осындай үлкен қуанышқа бөлеп жатыр. Бәріне көп-көп рахметімді айтамын, - дейді отанасы Ғалия Иманғалиева.

dsc_0162

 -Бүгін «Қарекет» қайырымдылық қорының 265-інші кілті Нұрбек есімді әкемізге бұйырып, табыстап отырмыз. Оларды аудан орталығы Индербор кентінен көп қатарлы тұрғын үйден жанға жайлы 2 бөлмелі пәтерге орналастырдық. Үлкендермен бірге кішкентай бөбектердің де қуаныштарында шек жоқ. Олардың енді жаңа көршілерден достары боларына сенімдіміз, - дейді көптің ризашылығына бөленіп жүрген қордың Атырау облысындағы өкілі Жанарыс Сырымұлы.

Әрине, баспана жайлы болмаса тұрмыстың сайлы болмайтыны рас. Құтты қоныс болсын дейміз.

Сұңқар КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521