Жақында Атырау қаласында облыстық қазақ күресі федерациясының кезектен тыс жиыны өтіп, оған аталмыш күрес жаттықтырушылары қатысты.
Онда №1 Атырау облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бимырза Тайжанов бүгінде облысымызда қазақ күресін дамыту, әсіресе аудандарда жандандырып сол арқылы Қазақстан, әлем барыстарын шығару өткір мәселе екенін, ал оны жүзеге асыру үшін федерацияға жаңа президент сайлау қажеттігіне тоқталды. Осы орайда ол бұл жұмысқа облысқа белгілі мәдениет және спорт қайраткері, Индер ауданының Құрметті азаматы Нысанғалиев Алтынбек Бұхарзаұлының кандидатурасын ұсынып, қатысушылар бірауыздан қолдады.
А.Нысанғалиев сенім білдіргендері үшін алғысын білдіріп, облыста қазақ күресін дамытуға бар күш-жігерін салатынын айтты.
Жиынға Қазақ күресі федерациясының Азия құрлығы бойынша хатшысы Рафаэль Хабиров қатысты.
Ж.ІСІМ.