Реформалар – ел игілігі үшін

 

Бүгінде елдегі саяси реформалар жаңа өзгерістермен жаңаша қарқын алып жатқаны белгілі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет үйінде өткен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген кеңес отырысында ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталғанына тоқталып, «Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық  қатынастарды қайта құруымыз керек. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр» деп атап өтті.

Алдымен 2019 жылы Қазақстан Президенті мемлекетте саяси реформаларды жүзеге асырудың алғашқы пакетін ұсынғанын айтуымыз керек. Содан бері бірнеше сатыдан өткен саяси өзгерістер ендігі уақытта елдің  даму кілтіне айналуы тиіс. Референдум арқылы Конституцияға енген өзгерістер, жердің шетелдіктерге сатылмауы және жалға берілмеуі, саяси партияларды тіркеу үшін қажетті жақтастар санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайту, сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға міндетті түрде 30 пайыздық квотаны беру, митингілер туралы мүлдем жаңа заң, ауыл әкімдерін, алдағы уақытта аудан әкімдерін сайлау сынды халықтың үмітін ақтайды деген басқа да бірқатар шешім қабылданды.

Әсіресе, Мемлекет басшысының биліктің халыққа жақын болуын ерекше тапсырып, осы орайда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын  баршаға ортақ міндет етіп қойғаны белгілі. Яғни, билік пен бұқара арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана жаңаруға бет алған қоғамға үйлесімді мемлекет қалыптастыру – негізгі мақсат. Бүгінде бұл жүйе өз жемісін бере бастады. Оның бір көрінісі бұрынғыдай әкімге кіру үшін арнайы жазылып, уақыт күтудің қажеті жоқ.

Қазір «Ашық әкімдік» арқылы тұрғындар қалаған уақытында өтініштерін айтып, тікелей жолыға алады. Сонымен қатар, 3 ай сайын аудан әкімі әр округке барып, халықпен кездеседі. Айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалысы туралы есеп беріп, емен-жарқын әңгіме бөліседі. Бұған қоса, әлеуметтік желі әркез жұмыс жасап тұр.

Мәселен, Индер ауданында «Telegram» әлеуметтік желісінде күнделікті халықтың тұрмыс-тіршілігі айқын көрініп тұр. Тіпті, қарапайым нәрселерге дейін әкімнің назарын аударуды сұрап жататындар бар. Ал оның бәріне тиісті сала басшылары жауап беріп жатса, аудан әкімі де тұрғындардың сауалдарына арнайы уақыт бөледі. Осының бәрі түсіне білгенге жауапкершілік. Сондай-ақ, ауыл әкімдерін халық өзі сайлап, ол да тиімділігін көрсете бастағанын көріп отырмыз. Бұл да реформаның жемісті жолдарының бірі десек қателеспейміз.    

Жалпы атап өтуіміз керек, әрбір мемлекеттің дамуында шешуші тарихи кезеңдер орын алатыны сөзсіз. Сол кезеңде қабылданған шешімдер мен жасалған іс-қимылдар бүкіл елдің алдағы уақытта, болашақта қалай өмір сүретінін, қандай бағытта дамитынын айқындайды. Өткен отыз жылдықта тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінен өткен ел бүгінгі күні Мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған, жүйеленген реформаларды қабылдауы арқылы шешуші кезеңге өтіп жатыр.

Иә, саяси реформалар жасалды. Елді түбегейлі жаңғыртудың экономикалық-әлеуметтік бағыт-бағдары туралы да Президент Жолдауында жарияланды. Экономикалық саясаттың іске асуы экономиканың шикізаттық емес секторларын дамытудан, импортқа тәуелділікті азайтудан, ауыл шаруашылығын алға қоюдан, шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы ілгерілеуден көрініс табуы қажет екені белгілі.

Сол сияқты, ауыл шаруашылығын қайта құру, еңбек өнімділігін арттыру да халықтың құлағына жағымды тигені сөзсіз. Президенттің «Ауылды дамыту» тұжырымдамасын да басым айтуымыз керек. Бұл ауыл халқының аңсап отырған арманына демеу. Енді осы тұрғыда атажұрт аяғынан тік тұрып, ел экономикасына еселеп үлес қосады деген сенімдеміз.

Қазір облыста Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асырып, реформаларды жүзеге асыруда біраз жұмыстар қолға алынуда.  Қайткенде де жасалып жатқан барлық реформалар халық игілігі, болашақ қамы үшін іске асырылуда. Сондықтан, бүгінгі алмағайып кезеңнен аман өтіп, өркениетке ұмтылу үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбектенуіміз қажет. Сонда ғана көшіміз көлікті, көңіліміз көрікті болары сөзсіз.

Жанай АМАНТУРЛИН,

облыстық мәслихаттың депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521