Иен даланың киесі киікті сақтау кеңесі

Ұлы даланың киесі киіктердің басына алабұлт үйірілгелі қаша-а-а-н. Қым-батқа бағаланған мүйізі сорына айналып, талай қаскөйлер ашкөздікпен қырғаны соншалық, кезіндегі үйір-үйір киіктердің шоғыры көзден бұл-бұл ұшты.  Абырой болғанда  осы қыстың қарсаңында киіктердің үйірлері аудан аумағына келе бастады деген жағымды хабарлар шыға бастады. Мамандардың сөзіне сенсек, қазір  киіктің мың бастайы  аудан көлемінде тіршілік етуде.

Киіктер бүгінде мемлекет тарапынан көздің қарашығындай қорғауға алынып, жан-жақты бақылануда. Осы орайда «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандарының қатысуымен «Киікті ұрпаққа сақтайық» атты жиын аудандық мәдениет үйінде өтті.

- Елімізде киіктердің шоғыры Бетпақдалада, Үстірт, Орал  аймақтарында шоғырланған. Былтырғы санақ бойынша елімізде 152 мың киік есепке алынса, соның жартысынан көбі осы батыс аймақта. Мемлекеттің қамқорлығы нәтижесінде киіктердің басы көбейе бастағасын жаңа қоныстарға шығуда.  Осыған сай негізгі шоғыры болған  Батыс Қазақстан облысы көлемінен Индер ауданы аумағына киіктер қоныс аударуда. Киіктерді қорғауға баса назар аударылып, заңсыз киік аулайтын қаскөйлермен күрес күшейтілуде. Сондықтан да біздің негізі мақсатымыз – заңсыз киік аулаудың алдын алу бағытында  насихат жұмыстарын  жандандыру. Даладағы үйір-үйір киікке қызығып қылмысқа бармасын, бұған  жергілікті ақсақалдар да ақылын айтып, ел байлығын сақтауға баса назар аударсақ, -деді алдымен сөз алған «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік кәсіпорны  бөлімінің басшысы Нұрбек Бекманов.

Аталған мекеменің ғылыми қызметкері Бақтияр Тәшенов қаскөйлердің қастандығы мен киікті қорғауға мекеменің де мүмкіндігі күшейтілгенін баса айтты.  

Мысалы, «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басқа мамандарды есептемегенде 250 инспектор болса, жол талғамайтын көліктер бұрынғы Кеңестік  УАЗ автокөліктерінен шетелдік заманауи «Хайлюкс» көліктеріне ауыстырылған. Ұшақ пен тікұшақтар да бақылауға пайдаланылуда. Киіктің картасы жасақталып, жүріп өткен

Сонымен қатар ғылыми қызметкер Бақтияр Тәшенов қасқырлардың да ерекшеліктерін айтып өтті.  Өйткені, киікті аулауға қасқырлар да із кесіп шығады. Соның ішінде еліміздің батыс өлкесінде қара қасқырлар кездесе бастаған көрінеді. Бұл кезінде Кавказ жағындағы соғыс қимылдарының зардабынан бізге қарай қоныс аударғандары болуы керек. Олар көбі кері кеткенмен жергілікті қасқырлармен шағылысып қалғандары да баршылық екен.

Сөз алған Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Азамат Әбіғалиев облыс көлеміне киік келгеннен бастап мобильдік топтар құрылып, қырағылық күшейтілгенін атап өтті. Сонымен қатар ол тұрғындардың сауалдары бойынша әуесқой аңшыларға байланысты толымды түсінік берді.

Тұрғындар арасынан сауал қойған есболдық Мұрат Баетов кезінде осы салада қызмет атқарғанын, сол кезде киіктердің Қазақстаннан Ресейге қоныс аударуы болғанмен кері қарай жібере бермейтіндігін, ал бүгінде қорғауға алынған киіктер шекара асып кетпей ме деген сауалын тастады. Бұған аталған бөлімнің басшысы Н.Бекманов көрші Ресеймен және басқа да көрші елдермен бұл мәселеде арнайы келісім барлығын, яғни киіктерге шекара жоғын атап өтті. Тұрғындар Тайыш Байбек пен Өтеғұл Жалғасбаев қасқыр мәселесін көтерді. Бұған облыстық бөлім басшысы А.Қуандықұлы бұл бағытта кешенді іс қолға алынғанын, егер де  қасқыр көбейіп кеткені туралы тұрғындардан  арыз түскен жағдайда аңшыларды  ұйымдастырып, қасқырдың көзін жоюға толық мүмкіндіктің  барын айтты. Сонымен қатар ардагер  Қуанғали Ғабсаламов еліміздің  Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр бола тұра киік қорғау мекемесінің атауы әлі күнге «Охотзоопром» аталуы оғаштық деп сынады. Бұған қонақтар   мұндай ұсыныстар айтылып жүргенін, болашақта өзгерту жоспарда барын айтты.

Жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Қ.Нұрлыбаев киікті сақтауға біркісідей атсалысуға, әсіресе, шаруа қожалық иелеріне сақ болуға шақырып, жергілікті әуесқой аңшыларға құжат алу жұмыстарында облысқа әлденеше рет барып сергелдеңге салынбай ауданнан да маманы бекітіліп,  жағдай туғызылса деген ұсынысын келген қонақтардың назарына беріп, жиынды қорытындылады.

Қорыта айтқанда, ендігі жерде  киікті заңсыз аулауға жол берілмейді, киік – қатаң бақылауда.

Саламат БАЗАРБАЕВ.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT