СОРЛЫНЫҢ СОҢҒЫ КҮНІ

...Оның бар денесі тақтайға таңылып қозғалыссыз жатқанына да екі ай болып қалған. Екі аяғы бар ма, жоқ па, оны өзі де білмейді. Әуел баста үй ішінен, туған-туысқандары ағылған.

Бірақ мұның сал болып жатқаны ұзап бара жатқан соң олар да пышақ кескендей тыйылды. Жалғыз анасы ғана анда-санда келіп, кішкене бөлме ішін ойбайлап дауыстап, тар жерді азан-қазан етіп, басына көтеріп кетеді. -Ойбай, ойбай, сорлы, сенің тірі өлік болып жатқаныңнан, кетіп-ақ қалғаның жақсы еді. Бишара мен не бітіремін, ойбай. Бір күйік болдың-ау, өзімнің төрімнен көрім жақын отырғанда. Не әкелем саған? Дүкеннің бәрі удай. Жалғыз сүтке сауып отырған ешкіні соямын ба, қасқа-ау, саған. Әлгі қатының жүр есігінің боғын төрге тасып. Ол да бір қай жетісіп жүр дейсің. Осылай анасы кеткен соң бәрі де бұрынғы қалпына қайта енеді...

Дала дегенде жамау-жамау терезеден түскен жыртық сәуле ғана көзіне түсіп, кейде мазасын алатыны бар. Бірақ бүгін ол көңілді оянған сияқты. Сонысын білдіргісі келгендей көңілін жібіте жанындағы науқастарға мойнын бұрғаны сол еді, әлгілер бөлме ішін бастарына көтере қарқылдамасы бар ма. Ха-ха-ха, жаным-ай, ха, ха, хи, хи.. * * * Өсе келгенше ол өзінің дәл есімін білген емес. Әрине, оған бас ауыртып, қамыққан бұл да жоқ. Әкесі ұл келді деп қуанып, шешесі ана атанып тұңғыштарына азан шақырып ат қоймақ болып, есік алдындағы жалғыз тоқтының кезексіз туған қозысын сойып, көрші-көлем бұл үйге жиналар сәттегі қызықты «Соғыс, соғыс басталыпты» деген арқаны қарыған ызғарлы сөз сап тыйыпты. Әлгінде ғана дүниеге келген сәбиге ат қоймақ болған көп жұрт, сыпырыла тұрып алаңға жиналып, ол жылап-сықтауға ұласып, әкесінің күртесіне оралған бейкүнә нәресте дүниеге келмей-ақ жатып ұмытылғандай болған.

Тек байғұс әкесі майданға аттанарда нәрестені есіне алып, «Әкел әлгі, Жаубасарды бір иіскейін» деп кеудесіне мейірлене басқан екен, жарықтық. Қайран әке сол жалмауыз қасапхана ортасынан оралмай қалды. Содан кейін мұны ешкім бүйтіп мейірін төге кеудесіне де баспапты-ау. Ертелі-кеш қой соңына ерген ана байғұс, бұларды иесіз үйге жалғыздан–жалғыз тастап, шұңқыр қазып соған отырғызып кететін көрінеді. Кейіннен соңына бір қызалақ бала еріп, жыртық көңілі жамалғандай болғанмен, үйде үнемі қамалып отыру өз әсерін тигізді ме Жаубасар біртүрлі қимыл қозғалысы көзге оғаштау болып өсті. Оның үстіне жасына жетпей тозған терідей болған жүзі қосылып, кейінірек құрдастары бұл жылағанда күліп, қуанғанда жылап жүр деп жұбататын. Одан бертін келе, тіліне жара шыққыр, құрдастары осы Сорлы деген атты азан шақырмай қойып, жабыстырды. Оған себепші де өзі шешесі.

Сонау соғыстан әкесі оралмаған соң шешесі жылап-еңіреп «дүниеге келмей жатып көкірегіме шоқ бастырдың ғой, шұнақ құдай. Не өңкиіп тұрсың, сорлы, сен жетімсің» деп екі қолымен егіліп тұрған мұның ту сыртынан күңірене түйгіштегенде жиналған жұрт әзер айырып алған. Содан міне сүреңсіз өмір сүрлеуімен құлап-тұрып жүріп келеді. Бас болып біреуге ақыл айтып, не топты бастап көрген емес. Қайта бұған бәрі ақылшы. Кіші, үлкені бар дегеніне көндіріп, айтқанына жүргізіп әдеттенген. Шешесі үйлестіріп үйлендірген қатыны Қатира да кей сәттері жұдырығын ала жүгіретінді шығарды. Оң жақта отырып, торсықтай қос ұл тапқан осы Қатира қойдан бір келгенде мұның үйінде тамақ әзірлеп жүр екен. Әй, әй деп шешесін іздеген болып еді, үшті-күйде жоғалған. Сол кеткеннен шешесі бір аптадан кейін оралды. Сөйтті де, көрші-көлемді шақырып, әлгілерге бір шай беріп, мұның үй болу, отау құру ырымын жасап жіберді. Бірақ оның мән-мағынасын түсінген бұл жоқ. Қойын бағып кешкісін келгенінде Қатира үй ішін билеп алған. Кейін тіпті Қатира бір жаққа шығып кетсе оны жоқтап елегзитінді шығарды. Сөйтіп жүргенде өзінің көшірмесіндей ұл сүйді. Анасы байғұстың қуанышында шек болмады. Ал бұл соған көп мән бермегендей. Аға шопанның сұсты қабағынан қаймығып қойға кеткен болатын. Баласы да әке жүріп өткен жолмен аумай-төкпей жүре бастаған сәтте анасы байғұс оңашада бармағын тістейтін. -Ана қатынның қос жүгірмегі мынаған күн көрсетпей әбден милақы қылған ғой, сорлы, - деп бұған қарайтын.

Ал бұл шешесінен ала алмай жүрген өші бардай мырс ететін де қоя салатын әдетіне басады. -Әй, сорлы, неңе жетісіп күлесің, өзіңнің қатарларың шешелерін үлде мен бүлдеге бөлеп отыр. Жейін дегені алдында, жемегені артында. Сабырбайдың қойын бағып ұшпаққа шығармақсын ба. Одан да қалаға көшейік-те. Ана бастығың келгенде айтпайсың ба?! -Әй, саған несіне айтып отырмын. Еркек болсаң бірдеме тындырар едің, сен сорлы,- деп шешесі төрттағандап тұрып бара жатқанда бұл қор ете түсті. Шешесі болса шарасыздана ернін сылп еткізе сыртқа беттеді. Содан анасының күштеуімен отбасы совхоз орталығына көшіп келген. Бірақ Қатира мен шешесі, балалары ғана. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс Сабырбай шопан «құдайы келсе де Жәкеңнен айрылмаймын» деп мәймөңкілеп, бұған көз қысып көштің соңын ала бере алып қалды. Сөйтіп, бұрын өз үйінің шаруасына икемі жоқ бұл енді аға шопанның қолбаласындай күйге енді. Сабырбайға да керегі сол екен. Ол анда кетеді, мұнда кетеді. Шопан жоқта әйелі, баласы бар, әйтеуір, қожасыз болмады. Оған төрт класты әзер бітіріп баласы келіп қосылды.

-Сенен не шықсын. Сорлы әкеңнің жүрісі анау,- деп оқытушылары айтсын, айтпасын имитіп екілігін қойып, тұрса сопақ, отырса опақ қыла бергесін шешесі жіберіпті. Ол қайта жалғыз өзіне ес болды. Құрдастардай көрісіп, бір-біріне түсінісіп, әңгімелесетінді шығарды. Газет оқымаса да, теледидар көрмесе де, күні бойы самбырлап сөйлей беретін радиоларынан естігенін әңгіме етіп, біраз шүйіркелесе өмірлерін өткізе берді. Әйтеуір дауласпайтын. Бірін-бірі тыңдап, үнсіз бас изесіп, әңгіме-дүкен құратын. Кезекті бір жолға шығарда қайтып мейірімі түсті кім білсін, мұны аға шопан қалаға ала барды. Мыжырайған тоқал үйдің жанына тұрып, «ертең осы уақытта әзір бол, алып кетемін» деп көлігімен жүріп кетті. Үйге енсе, зіңгіттей-зіңгіттей екі жігіт еріндерін жыбыр еткізіп, мұны қаға-маға сыртқа беттеді. -Әй, мынау әкелерің ғой, ең құрымаса амандассаңдар қайтеді,- деп соңдарынан дауыстаған шешесі сөзін құлаққа ілген де ешкім болмады.

Күн-түн демей ұлы екеуі тапқан табысы мына екі жігіттің ішкен асы, киген киімі болып жатқанын ұғып болмаған бұл болса, шешесі отыр демеген соң қипалақтап, өзі үйінен соққан салқындық өңменінен кері итеріп, есіктің алдында біраз тұрып қалды. -Әй, сорлы, өз үйіңе ұялатындай не жазып едің. Төрге шықпайсын ба?- деген соң ғана барып жайғаса бергені сол еді, есіктен көрші қатын еніп, мұны көргенде екі көзі жайнап жүре берді. -Ә, апа, Жаубасар келген екен ғой. Қап жақсы болғанын қарашы. Шырағым, жүрші далада бір шөмелей шөбім бар еді, тиеп келе қояйық,-деп сөзге келтірместен ала жөнелді. Біреудің сөзін жерге тастап көрмеген бұл да бұйдаланған тайлақтай оның соңынан емпеңдей жөнелді.

Содан көршісінің «кішкене» шөмелейін бір машинаға майыстыра тиеп алып, ұзын арқанды белден салып жіберіп тартып қалды.... Одан арғысы есінде жоқ. Қалғаны жамбас сүйегін күтірлете тақырға сарт ете түскені. Болды. Қалай әкелді? Кім әкелді? Бірін білмейді. Содан бері осы тақтайда таңулы жатыр. Арқасынан сәл төмен жағы ашиды. Қасындағылар әңгімелерінде «адам көп жатса арқасы тесілетін көрінеді» дейді. Шамасы соның дәл өзі болмаса не қылсын... * * * Манағылар күлкісін сап тыйып, мұның жүзіне қарағанда төбеге қадалған қос жанардан жас парлай ағып жастыққа сіңіп жатқанын көрді. -Өй, мынаған не болған ей, қой баламысың, жылағаны несі, доғар әрі,-деп қауқылдасып өре түрегелгенде, оның жүзі жадырай түсіп, әп-сәтте баянсыз тірліктің құны маған бес тиын дегендей сылқ ете түсті. Қолынан ұстай алған біреуі «жарықтық жүріп кетіпті» деп күңірене тіл қатты.

Бұл өмірден бір рахатын көре алмай, алыс сапарға аттанған қуаныштан ба, қайғыдан ба, әйтеуір, жанарынан бейкүнә жас домалай шығып жатты. Таңырқағандардың арасынан бірі: -Сорлының соңғы күні екен ғой, мынау дүзіқара дүниеден құтылғанына қуанғаны-ау шамасы,-деп күбірлей әлі суып үлгермеген жүзін жуған моншақтарды алақанымен сипай берді, сипай берді. Басқалары да бұл пендесіне бір ауыз жылы сөз арнамағандарына өкінгендей еш жауап қатпады...

Сүйеу ХАЛЫҚОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521