Шіліңгір шілденің ыстығы мен құрғақшылықтан әсерінен тобыққа жетпейтін өсімдік атаулысы да сарғыш тартып, әбден-ақ топырақ түске боялған даланың шаңын аспанға көтере шыр айнала соңына қалың тұман қалдырып жүрген қызғылт «Камаз» көлігінің қапелімде не істеп жүргенін бейғам жан түсінбесі де кәміл.
Бақсақ, ол көрші батыс Қазақстан облысындағы «Фумигация» ЖШС-не (басшысы Жаслан Сағат) қарасты көлік пен арнайы мамандары екен. Өздерін бір оператор және жүргізуші А.Надиров пен Артур Айтмуханбетовпыз деп таныстырды. Кең байтақ Қазақстанның барлық түкпірінде болып үлгерген жігіттер ашық-жарқын, көңілді жандар болып шықты.
Даусы жер жарғандай қатты шығатын «К-700» трактордың моторынан қуат алатын «ЯМЗ-238» газогенератордың дауысын сәл басқан соң, аудан әкімі мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы С.Есетовтың бекітуімен берілген Индер ауданы бойынша қауіпті зиянды организм саяқ шегірткеге қарсы 2018 жылғы өңдеу жұмыстары болжанған учаскелерді «даклоприд» дәрісімен улап жүргендерін баяндады.
Табиғаттағы өзгерістер ме, әлде экологияның соншалықты нашарлағанынан ба, әйтеуір, Абай атамыз «Шырылдауық шегіртке ала жаздай ән салсаң, селкілде де билей бер» деп мысқалдаған шағын жәндіктен де келер зиян олқы емес, бүгінде орасан зор болып тұр ғой.
Әсіресе, топтасып ұшатын итальян прусы өте қауіпті саналатын болып шықты. Бұл зор зиян тек табиғатқа, малға-жанға ғана емес, бюджеттің қаржысына да жеңіл тиіп отырған жоқ. Бірақ қауіпті қайдан дерің бар ма?!
Сондықтан жылма-жыл облыстық бюджеттен арнайы қаржы қаралып, итальялық прус пен саяқ шегірткелер, яғни зиянкестер жоспарлы түрде уланып келеді екен.
-Жылма-жыл зерттеу, зерделеу жұмысы жүргізіліп, қорытындысына сай өңделетін жерлердің көлемі анықталып, іс-шара жасақталып, бюджеттен қаржы сұратылады. Мәселен, биыл Өрлік округіндегі «Құттыбике», Көктоғайда «Қара апан», «Көктерек», «Шархат», Есболда «Бағырлай», Елтайда «Система», Бөденеде «Алғашық», Жарсуатта «Шымырау» нүктелері, барлығы 2080 га. жер осы өңдеу жұмыстарымен қамтылды.
Бұл саяқ шегірткенің үшінші шағындағы ұрпағы болып табылады. Олар осы улаудан соң екі тәулікке дейін өсімдік атаулымен қоректенген, демалған жағдайда өледі. Жұмысымыздың нәтижесі болар, жылма-жыл саяқ шегіртке бар жер азайып келеді,-деді жол бастап жүрген «Фитосанитария» РМК аудандағы маманы Қуанәлі Жұмашев мән-жайды таныстырып тұрып.
-Бұған дейін 210 гектар жер итальян прусына қарсы өңделген болатын,-деді сол арада «Индер аудандық аумақтық инспекциясы» МК басшысы Талғат Махметов. Ол да осы өңдеу жұмыстарының уақтылы өтуіне ынталы екендігін жасырмады.
Бір шашқанда 500 метрлік аумақты қамтитын удың қаншалықты зиянкес, шегіртке атаулының көзін құртты оны енді келешек көрсетері сөзсіз.
Ал төбеден аптап ыстық күйдіріп, төменнен жабысқақ сары құм тұншықтарған сары даладағы өсімдік атаулының ерні жаңбырды аңсағандай кезере үнсіз жабырқап жатқаны қиын-ақ. Сай-саланы суға толтырып,сары даланы нұрға бөлер мөлдір тамшыларға деген сағыныш ізі әр тұста сайрап жатыр.
С.ХАЛЫҚОВ.
Бөдене ауылы.