Елден көрмегенді көлден көріп отыр

Орынбордағы Соль-Илецк курорты бұрынғы тұз каръерлерінің қалдығынан атышулы демалыс аймағына қалай жетті?

Батыс Қазақстан облысындағы Шалқар көлі ше? Аталған көлдерден артық болмаса кем түспейтін   Индердің Тұздыкөлі мен каръерлерін қалай қадеге жаратып, халық игілігіне пайдалануға болады?!

 Осы сауалдарға аудан әкімі С.Арыстанның басшылығымен индерлік кәсіпкерлермен бірге Ресейдің Орынбор облысындағы Соль-Илецк және көршілес облыстағы Шалқар көлінің туризм саласының жетістіктерімен танысып, тәжірибе алмасуға барған сапарымызда жауап іздеп қайттық.

Тұзтөбеден басталған...

Қазақстаннан Ресейдің шекарасынан өту рәсімі жолға қойылған. Жолаушылардың алтын уақытын алатын ешқандай әкімшілік кедергі жоқ. Төлқұжатпен шекарадағы құжат тексеруден бірден өтсе, жеке куәлігі барлары осы елде қаншалықты болатынымызды жазып, қосымша көші-қон картасын толтырдық. Шекараға  енгенімізден бастап ұялы байланысымыз, ондағы фейсбук, ватсап, в контакте, инстаграм сынды әлеуметтік желілердің бәрі айырылып қалып, өзге елге аяқ басқанымыздың дәлеліндей болды.  Елек өзенінің осы аймақтағы бөлігі көрші елдің иелігінде қалғанын көріп қап дескеніміз де жасырын емес. Солтүстік бағытымызға орай жердің көгі де көбейіп,  кезіндегі Қазақ АССР-інің тұңғыш астанасы  - Орынбор қаласына да жеттік. Жайық өзеніміздің өр басынан да  көпірмен өттік. Орынбор қаласы да Жайықтың екі бетінде орналасқандықтан біз енді Еуропа жағынан Азия бетіне өтіп, Соль-Илецк қаласына беттедік. Облыс орталығы Орынбормен арасы 70 шақырым екен.  Біздің делегацияны Соль-Илецк қалалық округі басшысының орынбасары-аппарат жетекшісі Немич Валинтин Михайлович қаланың қақпасынан күтіп алды. Өзі бастап жүріп қаланың тарихынан бастап, бүгінгі тыныс-тіршілігін таныстырып шықты.

Жергілікті қазақтар бұл жерді ежелден Тұзтөбе атағаны белгілі. Қазірде қалада жергілікті қазақтар көп. Қалалық өлкетану мұражайында да бұл араны бұрынан қазақтар мекендеп, тұзды асқа әрі емге кеңінен пайдаланғандығы туралы деректер келтірген.  Кейін 18 ғасырда Орынбор губернаторы И.Неплюевтың тапсырмасымен тұзды қажеттеріне жарата бастаған. Қаланың іргесі осы тұз өндірісінен басталады. Шахталарда сотталып жер аударылған адамдардың ұзақ жылғы азапқа толы ауыр  еңбектерінің ізі қалыпты. Олардың қашып кетпесі үшін аяқтарына темір шынжыр мен кісен салыпты. Мұның бәрі қалалық өлкетану мұражайында арнайы бейнеленген. Қазір Ресейдегі  өмір-бақи жазаға кесілетін атышулы  түрменің бірі "Черный Дельфин»  осы қалада. Нақтырақ айтсақ, туристік орталықтың іргесінде орналасқан, қарауыл мұнаралары мен-мұндалап көрініп тұр.  Жалпы  қаланың іргесі 1754 жылы қаланыпты. Әуелі Илецк, кейін Илецкое защита, ал 1945 жылдан Соль-Илецкіге айналыпты.

 1774  жылдың 18 ақпанында қаланы атақты Е.Пугачевтың көтерілісшілері  басып алып, тұз өндіруге жегілген  тұтқындарды босатып, қамалды жермен-жексен етіпті деседі. Бүгінгі оның атында осы қалада көше де, орналасқан үйі де бар. Қазір де тұз кәсіпшілігі жалғасын тауып, курорттық аймақтың іргесінде шахталық әдіспен тұз өндіретін «Руссоль» кәсіпорны жұмыс жасайды.

Каръер көлдерін қадеге жаратқан

Соль-Илецк көлдеріне әуелгіде біздің Тұздыкөлдегідей жылда  азын-шоғын адам өз бетімен түсіп жүріпті. Соңғы 7-8 жылда ғана аймақты кәсіпкерлерге беріп, дамытып, бүгінде әйгілі курорт дәрежесіне жетіп отыр. Тиімдісі курорт аймағы қаланың іргесінде орналасқан. Яғни  коммуналдық жүйелермен қамту қиындық тудырмаған. Аймақтың айналасы қоршалып, ішке  енуін ақылы түрге айналдырған. Қала орынбасарының ұсынысымен бізге жеңілдік жасады.

Курорт аймағында «Развал», «Дунино», «Тузлучные», «Новые» сынды шағын 4 көл қатарлас орналасқан.  Әрқайсысының тұздылығы әртүрлі. Ең көлемді Развалдың өзінің тереңдігі 18 метрге дейін барса,  ені 300 метрдің айналасы ғана. Бұрынғы тұз өндірген каръердің орны екен, кейін су басып кетіпті.  Біздегі №99 каръердің шағын көлдері  секілді. Ал Индердің Тұздыкөлімен немесе №100 каръерімен салыстырғанда шалшық су дерсің. Көл біздегідей тұзды болғандықтан батпайсың. Жағада киім шешетін орындар, су ағарлар, күн қағарлар орнатылған. Олардың негізгі тіреуін темірден істегенімен кәдімгі ағаш талдардан шетен тоқып қойыпты.

Көлге түскендер, жағасында жағалай күнге қыздырынып жатқандардың көптігі сондай ине шаншар жер жоқ деуге болады. Қала халқының саны 27  мың болса, туристердің саны  маусымдық кезеңінде миллионға дейін  жетеді екен. Көпшілігі Ресейдің ішкі қалаларынан көрінеді. Демалушыларды сөзге тартқанымызда мұнда күннің ашықтығына, тұзды көлдің түрлі сырқаттарға таптырмас емдігіне әрі бұл курорттың қолжетімділігі қызықтыратындығын айтты. Көл суының құрамы  Израилдегі әлемге әйгілі  Өлі теңізден кем түспейтіндігін алға тартады.

Дегенмен Соль-Илецкі курорты әзірге маусымдық ғана. Негізінен жаздың үш айымен қатар мамыр мен қыркүйек айларында да демалушылар болады екен. Енді курортты аймақты жыл бойына демалатын орынға айналдыру мақсатында кешенді құрылыс нысандары салынып жатқандығын қала округінің орынбасары  Валентин Немич  атап өтті.

Шағын кәсіпкерлікке – шалқар жол

Қалаға бірнеше шақырым жақындағаннан-ақ жалданатын   «жилье», «комната» деген белгілер кездесе бастайды. Қонақ үйлер де бар, бірқатары жаңадан салынып жатыр. Көлдердің жағасындағы үйлердің бәрі дерлік жағалай хабарландыру іліп, үй жалдап отыр. Жергілікті қазақтар да бұл кәсіпті қол етіпті. Соның бірі  Құспан деген азаматтың үйіне жолымыз түскенде көрдік. Шағын ғана ауласында өзінің тұрғын  үйіне  қарсы туристерге арнап екі қатарлы бөлек үй тұрғызған. Айтуынша, 30-36 адамға  дейін турист тұрақтайды. Олардан күніге 350  рубльдің шамасында  үй жалдағанда қомақты табысты есептей беріңіз. Көл жағаларында киіз үйлерін демалыс үйлеріне айналдырып отырған жергілікті қазақтар да жетерлік. Туристерді қызықтырып табыс табуға түйе мен жылқыны да  пайдаланып отыр. Маңына барып түйені фотоға түсіріп жатсам, «фото  100 рублей» деп бір қазақ баласы орыс тілінде ұсыныстарын саңқылдап жеткізіп тұрды. Қазақтың қымызынан да дәм татуға жиналғандардың қарасы көп. Фотосурет арқылы бейнелеген небір тұлғамен бірге түсуге болады. Олардың ішінде Ресей Президенті В.Путин де, атақты әнші Алла Пугачева да бар. Асханаларында үлкен қазандарды сапырып түрлі тағамның небір шұрайлысын пісіріп жатқандардың дені өзбектер. Қадам басқан сайын астма сынды тыныс алу жолдарына арналған, тері ауруларына арналған емдік бөлмелер орналаса берген. Түрлі қолөнер бұйымдары, қаланың атауымен естелікке алып кетуге лайықты сувинерлер  туристерді қызықтыруда. Соль-Илецк тұзынан қыз-келіншектердің бетін әрлеуге небір косметикалық өнімдер  саудаға шығарылған. Курортты аймақтың қақ ортасында  орыс тілінде  «Қазақ еліне» арналған әнге билеп жатқандардың қарасы көп. Сергей Бритойсов шырқап тұрған бұл  ән әлеуметтік желілер арқылы белгілі болса, шет жерде көзбен көргеніңде әсерің бөлек екен. Қадам басқан сайын сауда өріс алған,  ұлтарақтай жердің өзін қадеге асыруда. Әрі «Соль-Илецк-Ресейдің қарбыз астанасы» тауар белгісіне ие екен. Күндіз күнге қыздырынып, көлге түскен туристер кешке мейрамханаларды жағалайды. Жер-жерде көңілді дискотекалар. Ойын-сауықтың түнгі уақыты да шектелмейтіндігі жазылған. Әсіресе, көпшілікті қызықтырған «Старая мельница» кешенінде болғанымызда бәрі үйлесімін тапқан екен. Ескі диірменнің ішін тамаша мұражайға айналдырыпты. Оның айналасы да тарихи жәдігерлерге толы. Осыған дейін пайдалануда болған көне самаурын, ат арба, алғашқы телефондар, шам, қамыт секілді қарапайым бұйымдардан кісі қызығарлықтай тамаша жәдігерлер жасапты.

-1980 жылдары осы қалаға келгенімде  шағын, тып-тыныш қала еді. Сол кезде мына диірмен ешкімге керегі жоқтай қаңырап тұрғанын көргенмін. Қазір бәрін жарқыратып қойғанына таңғалып тұрмын, - дейді бізбен бірге сапарлас болған аудан әкімінің орынбасары Мұхамбетқали Алдерзин.

Округ басшысының  орынбасары  В.Немич кәсіпкерлердің саудасы қызып аяғынан тұрып кеткенше ешқандай салық салынбайтындығын мысалға келтірді.

Туризмді дамыту –заман талабы

Ал, шеті шексіз көрінетін өзіміздің Шалқар көліндегі демалыс базасын көргенде туризмі бізден бір саты жоғары тұрғанын көріп едік. Аймақтың инфрақұрылымы қамтылған әрі  көлдің жағасында шағын ауылдың  болуы  демалыс аймағына оң ықпалы болары анық. Бірақ көптеген киіз үй үлгісінде салынған қонақ үйлер қаңырап бос тұр. Соль-Илецкінің курортымен салыстырғанда туристерінің саны жер мен көктей айырмашылықты бірден аңғарасыз. Қызмет сапасы да қалыс қалғаны көрініп тұр. Яғни  барды ұқсатпай отырғанымызға куә болар едіңіз. Оқсата білсе Тұздыкөлімізді  айтпағанда каръер көлдерінің өзімен тамаша демалыс аймағын жасауға болар еді деген ой келді сосын.

Кәсіпкерлер арасынан сөзге тартқанымызда, Керімбай Сабырғалиев пен Елдос Жанғалиев үкіметтің қолдауымен Тұздыкөл басына инфрақұрылым барса, шипажай ашылса қосымша кәсіпкерлік нысандарын ашуға мүмкіндік барын, ал әзірге оған салған  шығынды жабу оңайға соқпайтындығын айтады.

Кәсіпкер Жамбыл Дауталиев: «Тұздыкөлді Соль-Илецк курортының дәрежесіне жеткізу үшін ірі кәсіпорындардың демеушілігі болмаса әзірге мүмкін емес. Ал әзірге электр энергиясын жел, күн генераторы арқылы  алып, суын тасымалдап жергілікті жеке кәсіпкерлер шағын демалыс орнын ашуына мүмкіндіктері бар.  ХХІ ғасырда Тұздыкөл жағасын  жетімсіретіп қоюымыз индерлік азаматтарға сын»,-дейді.

Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаты Сағидолла Құлғалиев, аудандық кәсіпкерлік және туризм, жер бөлімдерінің басшылары Бағытжан Сахипов, Амангелді Саламат құрамында  3 автокөлікпен барып келдік.

Ал Ресейдегі демалыс аймағына бастап барған аудан әкімі Серік Бисешұлын сөзге тартқанымызда:

- Соль-Илецк курортын дамыту арқылы, туризмге жол ашып, сол арқылы  шағын кәсіпкерлігін дамытып, қала халқының жағдайын жасап отыр. Көрші елдің осындай жетістігін аудан кәсіпкерлерімен  бірге барып, оларды көзбен көріп, тыныс-тіршілігімен танысып, тәжірибе алмасқанын қаладық. Индер Тұздыкөлін халықтың игілігіне жарату мақсатындағы бұл сапарымыз өз мақсатына жетті. Сонымен қатар облыстағы кәсіпкерлермен де Тұздыкөл басына шипажай не басқалай демалыс орындарын салуға келіссөздер жүргізудеміз. Сәтін салса бұл бағытта үлкен жоспарларымыз бар,-деді.

Қорыта айтқанда, Соль-Илецк кезінде үрей билеген атышулы түрмесімен белгілі болса, бүгінде бұрынғы каръерден қалған қалдық көлдерді туризм аймағына айналдырып шалқып отыр. Біздің үлгі  алар тұсымыз да көп. Осы сапар жаңа бастамаларға сеп болады деген сенімдеміз.

Саламат БАЗАРБАЕВ.

Орал-Шалқар-Орынбор-Соль-Илецк.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT