Өткен жазда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне барған 30 атыраулық қазына–кеуде ардагерді екі-үш күн бойы гүлге оранған Астана көшелерімен әрлі-берлі тасыған екі жеңіл автокөліктің ішіндегі гу-гу әңгіменің желісі әлі күнге көңілімізде сайрап тұр.
-Мәңгілік Ел өзінің мәңгілік жадында қалдырар істерімен ғана қадірлі бола алады. Егер менің замандастарым Тәуелсіздікке қол жеткен тұста осыншама мүмкіндікті бос жіберіп, барымен, яғни әлі жеткен аз-мұз жұмысты жасап, көңілдерін соған тоғайтып, тарих берген мерзімдерін өтеп жүрсе, ертеңгі ұрпақ ата-бабаларымыздың мұнысы несі екен деп сынамай ма бізді?!
Шырақтарым, осыны да осы күннен ойлап-пішкен, көре білген, басшы, баршаны осыншама күрделі шараға жұмылдырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстан басқа айтарым жоқ. Алыстағы бір елде ЭКСПО болып жатыр десе, көрмек түгілі мойнымызды да бұрмас едік. Енді міне, орасан зор жасампаз іске куә болып отырған жоқпыз ба?!-деп тебіренген сонау Тайсойғанның құмынан жұбайы Сәуле апаймен қол ұстасып Астанаға келген 80 жастағы Аманғали Қалмағамбет қарттың төбіренісі естен әлі кетер емес.
Қарттардың осылайша бір-біріне шерткен сыр, айтқан әңгімелеріне құлақ түре отырып, журналистік әуестігімізбен Астананың көк-жасылға оранған көрікті жерлері мен түрлі ескерткіштеріне таңдана қарап, үлгергенімізше сыртылдатып суретке түсіріп келе жатқанда мұндағы көше атаулары ерекше елең еткізбесі бар ма?!
Таңданысымызда шек жоқ. Япырым-ау, Әлия мен Мәншүкке үйреніп кеткен көзімізге Айғаным-Ш.Уәлихановтың ақылман әжесі, Ұлбике ақын, Қыз Жібек, Айман-Шолпан, Айша бибі, Ақбаян, Ұлпан, Домалақ ана, Қарашаш ана, Ақкербез, Ақжүніс, Ақтолқын, Айтаңсық, Ақын Сара, Ләйлі-Мәжнүн, Жұбан ана, Баршын, Дина Нұрпейісова, Баян сұлу, Ұмай ана, Тұмар ханым, Еңлік-Кебек (екі жерде), Кербезқыз, Гауһартас, Қызбел, Мәриям Жагорқызы, тағы да басқа әр қазаққа ыстық аяулы жандардың мөлдіреп тұрған есімдерін көріп, тіпті еліміз, Астана үшін ерекше риза күйде болып, кеудемізді мақтаныш кернеп кетті.
Бұл арада «Қала атауларының тарихы мен ұлттық дүниетанымға негізделген пәлсапалық әрі көркемдік әлемінің сырлары ашылған сайын Елорда және Тәуелсіздігіміздің символы ретіндегі Астананың да мазмұны тереңдей бермек» дегенді «Астана ономастикасы» кітабы өте орынды еске салыпты.
Осында ғалым Б.Әбдәли-ұлы «Астана ономастикасы-Қазақ елін, туған тілі мен мәдениетін тұтастырушы фактор» дегеніне де қосылмасқа болмайды. Соған бір нақты дәлелдей, жалпы 2012 жылға дейін Астанадағы 309 көше жаңа атауға ие болған. Бұл үлкен де өлшеусіз еңбекті іске асырған жандар ерекше алғысқа лайықты.
Расында да 40 үздік сәулетшінің арасынан таңдап алынған жапон маманы Кисе Куракаваның «Өмір принципі» бойынша салынып жатқан Астана тек қазақ елінің орталығы ғана емес, оның саяси, мәдени, әлеуметтік, тарихын танытып, бүгіні мен ертеңіне де тағылым болып тұруы керек-ақ. Соданда 20 жылда 2 млн.360 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 20 мың 781 пәтер пайдалануға берілгенінің өзі де барша Қазақстанға ғана емес, Орта Азияға, әлемге үлгі болар көрсеткіштердің бірі.
Ал құрылыс пен жаңа атау беру жағынан өзге қалалардың бірі де ілесе алмайтын мұндағы Аңырақай, Ағыбай батыр, Адырна, Айғыржал, Айнатас, Айпара, Ақан сері, Ақжайлау, Аққұм, Ақсу-Жабағылы, Алпамыс батыр, Алтыбақан, Алтын сақа, Атырау, Сарайшық, Басықара, Бекет ата, Дәулеткерей, Жиембет жырау, Жұмекен Нәжімеденов, Исатай Тайманов, Құрманғазы атаулары айшықтай танытып тұр. Мұндай игі іске әр кезде қала басшылары болған Ә.Жақсыбеков, Н.Нығматулин, Ө.Шөкеев, А.Мамин, И.Тасмағамбетов, Ә.Исекешов, т.б. еңбектері ерен.
Ал ономастикалық комиссияда әр жылдарда Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова, Р.Нұрғали, А.Сейбембек, Қ.Салғара, А.Смайыл, Н.Ораз, Д.Қамзабекұлы, В.Гундерев сынды танымал тұлғалар болса, тіл басқарамасын ақын Қ.Әбілов, О.Асанғазыдай елжандылардың болғанын қосыңыз. Олардың мақсатты жүргізген жұмыстары арқасында 90 пайыз көше атаулары жаңаланып үлгерілген. Осылайша абыздар мен батырлар үні, асылдар қайраты жаңа ерік-жігерден қуат алып, жаңа дәуірді жаңғыртып отырған жайы бар.
«Демек, Елорда басшылығының ономастика саясаты мен шараларында мемлекеттік-ұлттық мүддені көздегеніне қоса зиялы қауымның интеллектуалдық әлеуетіне сенгені, арқа сүйегені толымды түпкі нәтижені дүниеге әкелді» деп қорытынды жасалынады аталған кітапта.
Елбасының: «Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз мекен еткен қасиетті қазақ жерінің бір бөлігін-аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дархан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, солтүстіктегі шұрайлы өңірге суық көзінің сұғын қадайтындар бар кезде біз мына жылы жерде, әсем қала-Алматыда тыныш отыра алмас едік.
Біз Алатаудың бауырына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жаннаты Жетісуды қимай-қимай кеттік. Тарихтың қатал талабы осындай» деп мән-жайды нақтылап тұрған сәтте ұғымдар мен атаулардың азаттық идеясына сәйкес жүйеленуі Елордадан бастау алып, байтақ елімізде салтанат құруына жол ашу әр азамат, әсіресе билік тұтқасындағы әр басшының қастерлі борышы екенін әркез есте сақтасақ керек.
С.ХАЛЫҚОВ.