Заманауи кітапхана жүйесі

«Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар - білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды».
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІҮ отырысында сөйлеген сөзінен.

 


              2017 жылдың 12 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, «Қазақстанда 2020 жылға қарай барлық кітапхана қоры сандық жүйеге өтуі тиіс» - деп Қазақстан кітапханаларының алдына үлкен міндет қойған болатын. Аудандық кітапханада цифрлы кітапханаларды дамытуға байланысты WEB-RABIS жүйелік бағдарламасы 2019–шы жылдан бастап іске қосылды. Аталған бағдарламаны облыс бойынша алғашқылардың бірі болып тез меңгеріп алғанымыз - біздер үшін үлкен абырой деп санаймын. Қазіргі таңда осы бағдарламаның «Комплектование» және «Каталогизатор» модульдерімен толықтай жұмыс атқарып келеміз. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің барлық кітап қоры аталған базаға тіркеліп, біздің кітапханашыларымыз керек кітаптың атауын жазып, аудандық кітапханада және оның бөлімшелерінде бар-жоқ екендігін уақыт жоғалтпай оңай анықтай алады. Сонымен қатар «Толық мәтінді дерекқор базасы» жасақталып, күннен-күнге толығуда.
             Президентіміз Қ.Тоқаев 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Келесі мәселе. Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі - барынша цифрландыру» - деген еді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бізге ең алдымен кең форматтағы кәсіби сканер(СКАН) аппараты ауадай қажет болып, сонымен қатар ауылдық кітапханаларымызды толықтай компьютермен қамтамасыз етіп, интернет жүйесіне қосу өзекті мәселе болып келді.
2022 жыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі үшін есте қаларлықтай, жағымды жаңалықтарға толы жыл болды.
            Президенттің тапсырмасын орындауда Индер ауданы әкімдігінің қолдауымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 21 компьютермен, 17 көп функциялы принтермен және тағы да басқа көптеген технологиялармен толықты. Сонымен қатар, барлық ауылдық кітапхана бөлімшелері интернет жүйесіне қосылды. 

whatsapp-image-2023-01-19-at-09_53_15
         Заманауи кітапхана жүйесін қалыптастырудағы атқарылған істердің ең ауқымдысы – көптен бері армандап келген кәсіби сканер (СКАН) аппаратының алынуы. Mikrobox Book2net Kiosk A3 кәсіби сканері Германияда жасалынып, бүгінгі таңда біздің кітапханашыларымыз аталған құрылғымен танысып, үйренуде.
        Алдағы уақытта біздер ең алдымен өлкеміздегі ақын-жазушыларымыздың шығармаларын, сондай-ақ ауданымыздың тарихы туралы құнды деректерді сандық нұсқаға көшіруден бастаймыз деп жоспарлап отырмыз.
        Кітап – руханият бағының баға жетпес жемісі. Ол қай ғасырда да адамзат тарихында ерекше ардақталып келе жатқан ең басты мәдени құндылық. Ал кітапхана – бір ұрпақтың екінші ұрпаққа парыз бен парасат өсиетін жеткізіп отырған қасиетті орталық, ғасырдан - ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік білім мен біліктіліктің, әділет пен адамгершіліктің киелі ордасы. Сондықтан да цифрландыру жолындағы жұмыстарымыз өз нәтижесін беріп, біздің цифрлық форматқа енгізген кітаптарымыз болашаққа мұра болып, әлемдік деңгейге шығар күнде алыс емес. Оның барлығы да уақыттың еншісінде.

Дина АРЕНОВА,
Индер аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521