Бөдене ауылындағы «Менің елім – бақыт бесігі» атты көркөмөнерпаздар байқауы сән-салтанатпен аталып өтті. Алдымен көпшілік ауыл тұрғындары Нақыш Құмашева мен Гүлзара Өсерқызының көрмесін тамашалап, киіз үйдің ішіндегі ақтан ауыз тиіп, көрермендер залына бет алды.
Байқау шымылдығы «Туған жер – мақтанышым» тақырыбындағы көрініспен ашылған соң, Кенжеғұл Жалғасбай жетекшілік ететін домбырашылар ансамблі А.Мусағалиевтың «Салтанат», Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлете ойнады. Кейін Меруерт Қуанышева «Астана» әнін жүрекке жеткізе шырқаса, Мейрамбек Мурзакенов Махамбеттің «Мен, мен едім, мен едім» термесін тебіренте төкті. Ал Жанна Аманованың шерткен Ғ.Құрманғалиевтың «Ақ Жайығына» қол соқпаған жан болмаған шығар, сірә. Сол сияқты мектеп түлектері Жанна Өрбісінқызы, Гүлдана Тайырова, Аймекен Құрмашева, Гүлбаршын Сариева мен оқушы Айгерім Бейімбетова қос ішекті домбырамен әннен шашу шашып, Ғ.Құрманғалиевтың «Сәлем» әнін орындап, халықтың шексіз алғысына бөленді. Одан әрі Сәбит Мамаев, Әлібек Нұрғалиев, Кеңес Сәрсенғалиев туған елге, туған жерге арналған ақындардың өлеңдерін шегіне жеткізіп оқыса, Жолдықыз Нұрғалиеваның «Туған жер, өзің дегенде» әні құлақ құрышын қандырып жіберді. Ал әжелер ансамблінің «Жайлаукөл кештері» әні шара көркін әсерлі етіп жіберсе, «Әсем әуен» дәстүрлі әншілер тобының «Маржан қыз» әнін орындауы тіптен бөлек болды. Сондай-ақ шара барысында Жанар Дюсенова жетекшілік жасайтын бишілер тобы «Мұнайшылар» мен «Сауыншылар» билері өз кезеңінде жақсы көрсетілсе, Айсана Ексебаева мен Ботакөз Нұрбекова халық әні «Ақбақайды» қобызда орындады. Кеш аяқталар тұста Олжас Аққалиев пен Ақбөбек Мұхамбетжанова «Атырау-арман» әнін сахнада асқақтатса, жеке дауыста Тәттібек Қабдырахманов пен Қадірбек Әмірғали мектеп ұжымынан құралған хормен «Дендерім – байтақ мекенім», «Туған елім» әнін айтып, кешті аяқтады. Айта кетейік, бұл байқауда ұйымдастырушылар ауыл тұрғындары Жаңылсын Өтепқалиева, Кәрім Хамидуллин, Жолдықыз Нұрғалиеваның құттықтауларын слайд арқылы көрсетіп отырды.
Қорытынды сөз алған алқа төрағасы Жеміс Тілепқалиева өткен жылдармен салыстырғанда ауылда тым-тәуір шығармашылық ізденістің барын, байқауда мерейгер аға-апалардың мерекемен құттықтауы ұтымды шыққанын тілге тиек етіп, шараның жақсы өткендігін айтты.
Осылайша бөденеліктердің бір күні өнер құшағында тербелді.
Диас АЙБАРОВ.
Бөдене ауылы.