Бүгінге жіті ішек аурулары әлі де кең таралған аурудың қатарында,оның таралуы бойынша жіті респираторлық вирустық инфекцияларынан кейін тұрақты 2 орында. Жіті ішек аурулары кіші жастағы балаларға қауіптілігі жоғары.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша дамушы елдерде жыл сайын 1 млрд. жіті ішек аурулары тіркеледі, олардың ішінде 5 жасқа дейінгі балалардың үлесі 65-70 пайызды құрайды. Жыл сайын диареядан 3 млн. бала көз жұмады(оның ішінде 80% 2 жасқа дейінгі балалар); Жіті ішек аурулары/инфекциялары/ – әлемде және біздің елімізде де ең көп таралған жұқпалы аурулардың бірі. Бұл аурумен барлық жастағы адамдар жаппай ауырады. Бірақ аурудың қауіптілігі 2 жасқа дейінгі жастағы балалар үшін өте жоғары деп есептеледі.
Жіті ішек жұқпалы аурулары дегеніміз микроорганизмдердің бірнеше түрлері себеп болуы мүмкін, әсіресе, жиі бактериялардың себебінен туындайтын тағам және тұрмыстық қатынас арқылы жұғатын, адамдар үшін ағзаның сусыздануымен қауіп төндіретін жұқпалы аурулар тобы. Барлық жұқпалы аурулар сияқты бұл инфекциялар да егде жастағы ересектер мен балалар, әсіресе, 5 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті. Ол қауіп ағзаның сусыздануы, ішек жолдарының бұзылуы, асқынған жағдайда өлімге әкелу есебінен болады. Жіті ішек инфекцияларының түрлері өте көп, ең көп таралған түрлері – сальмонеллез, дизентерия, иерсиниоз, эшерихиоз, кампилобактериоз, іш сүзегі, ботулизм, тамақтан уланулар, вирусты гепатиттердің А, Е түрлері, т.б. Бұл инфекциялардың медициналық тұрғыдан өзіне тән ерекшеліктері бар.
Алайда олардың клиникалық ортақ белгілері мен алдын алу шараларының бірдейлігі де мәлім. Әсіресе, жіті ішек инфекцияларының күннің жылынуымен, жаз мезгілдерінде көбеюі ең негізгі белгілерінің бірі болып табылады. Жаз мезгілінің басталуын ескере отырып, яғни бұл жұқпалы аурулар туралы ақпараттармен халықты құлақтандыру арқылы алдын алу шараларын жүргізу, халық денсаулығын қорғау – санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Сол себепті бүгінгі ақпараттандыру бағыты осы мақсатта болмақ. Жіті ішек аурулары сырқаттанған адамнан сау адамға жұғады. Аурудың жұғу жолдары – тағам арқылы, су арқылы және тұрмыстық қатынас арқылы, сырқаттанған адамның нәжісі немесе құсығымен бөлінген микробтар тағамға, суға және тұрмыстық заттарға түсетін болса және мұны дені сау адамдар тұтынса, сырқатты жұқтырып алады. Әсіресе, балалардың тұтыну заттары мен ойыншықтары инфекцияның бір адамнан екіншісіне жұғуына себеп болады. Жұғу жолдарының халық арасында ең көп таралған жолы ретінде жеке бас гигиенасын сақтамауды және шыбындардың ластануын атауға болады.
Тағам өнімдерін сақтау мен дайындауда тазалық ережелерін орындамау, қол тазалығын сақтамау, лас суларда шомылу, жеке гигиена және балалар ойыншықтары мен ыдыс-аяқтардың тазалығын сақтамау жұқпалы ауруларға әкеліп соқтыратын негізгі факторлардың бірі. Ескеретін бір жайт, 2 жасқа дейінгі балалар, жасанды тамақтанатын балалар мен шала туған балалардың ауруға шалдығу қаупі жоғары деп есептеледі. Жіті ішек инфекциялары емі бар, емделуге болатын және негізгі себеп болған микробтарға қарсы емі бар аурулар тобына жатады. Алайда, медициналық көмекке кеш жүгіну ауруды асқындыру мен ағзаның сусыздануы (іш өту және құсу) салдарынан, қызудың көтерілуі салдарынан әртүрлі асқынулар мен адам ағзасы жүйесінің бұзылымдарына, өлімге әкелеіп соқтырады. Яғни сырқаттанған жағдайда жедел дәрігерлік көмекке жүгіну шарт.
Ол үшін жіті ішек ауруларының белгілерінен хабардар болсаңыз, сәйкесінше медициналық көмекті ерте алуға да мүмкіндігіңіз бар. Сонымен, жіті ішек ауруларының клиникалық белгілері: дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас айналу, дененің ауырсынуы, жүрек айну, іш аймағының ауырсынуы, құсу, іш өту /жиі өту, үлкен дәреттің сұйылуы/. Жіті ішек инфекцияларының қауіптілігі неде?
1) Ағзаның сусыздануы – құсу мен іш өту нәтижесінде адам ағзасындағы сулар мен тұздардың сыртқа шығуы;
2) Инфекция токсикалық шок – дене температурасының жоғарылауы салдарынан әртүрлі жүйелердіге өзгерістер.
3) Пневмония
4) Жедел бүйрек жеткіліксіздігі
Егер жоғарыда аталған ауру белгілері байқалса, төмендегі шараларды мүлде жасауға болмайды:
1) Ауырсынуды басатын дәрілер/анальгетитктер/ қабылдау;
2) Өздігінен әсері белгісіз дәрілерді қабылдау, бұл ауру ағымын ауырлатып, науқастың жағдайын нашарлатуы, тіпті, кері әсер етуі мүмкін.
3) Жылы грелкалар пайдалану, бұл ішектегі микроорганизмдердің көбеюі мен қабыну процестерінің асқынуына әкеледі.
4) Өздігінен ем тағайындамау, шұғыл түрде медициналық көмеке жүгіну/дәрігерді үйге шақырту, дәрігерге бару, т.б./.
Жіті ішек ауруларының алдын алуға болады және бұл өте қарапайым шаралардан тұрады. Олар:
- Жеке бас гигиенасын сақтау
- Қайнаған немесе бөтелкеленген су пайдалану
- Жемістер мен көкөністерді жуып жеу, кішкентай балаларға қайнаған сумен - жуып беру;
- Тағам өнімдерін дайындауда термиялық өңдеуді дұрыс жүргізу
- Тез бұзылатын өнімдерді тоңазытқышта сқатау
- Тұрмыстық қалдықтарды жинамау, шыбындарды жою /өйткені олар ауру микробтарын тасымалдайды/
- Әжетхана мен қол жуатын орынның тазалығын сақтау
- Балардың тамақ ішетін ыдыстары мен ойыншықтарының тазалығын сақтау
- Ерте жастағы балаларға тамақ дайындағанда тазалықты сақтау және тұтынатын кезде дайындау /ерте дайындап қоюға болмайды/
- Сырқаттанған адам медициналық көмекке жүгінуі тиіс. Жүгінбеген жағдайда ауру қоздырғыштарын сыртқы ортаға таратып, басқа адамдардың сырқаттануына әкеледі. Жоғарыда аталған жіті ішек ауруларының алдын алу шаралары өте қарапайым. Бұл шараларды орындауға әрбір тұрғынның мүмкіндігі бар. Тек жауапкершілікпен қарауды ғана қажет етеді. Ендеше, жауапкершілік және тазалықты сақтау арқылы өзіңізді/балаларыңызды/ және өзгелердің жіт ішек жұқпаларынан қорғаңыздар.
Қосымбаева А.Д.
Индер аудандық ТКҚСҚБ басқармасының
санитариялық-эпиедмилогиялық бөлімінің басшысы