Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы «Келешек мектептерін» басқару моделі ретінде айқындалды.
Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлап отыр.
Аталған бастама аясында 5–8 қаңтар аралығында еліміздің әр өңіріндегі Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері базасында ұстаздарға арналған біліктілікті арттыру курстары мен мастер-кластар ұйымдастырылып жатыр.
Курстар барысында педагогтерге физика, химия, биология, информатика, жасанды интеллект, мектеп зертханаларын тиімді пайдалану дағдылары, сонымен қатар «Адал азамат» бірыңғай тәрбие беру бағдарламасының әдіс-тәсілдері оқытылып жатыр.
Еліміздің 20 өңірінде өтіп жатқан семинарлар «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» және «Тәрбие экожүйесі: практикалық шешімдер» тақырыптарын қамтиды. Оған 170 «Келешек мектебінің» директорлары мен директор орынбасарлары, сонымен бірге физика, химия, биология, информатика пәндерінің, STEAM және робототехника кабинеттерінің 1700-ге жуық педагогі қатысып жатыр.
Министрлік мәліметінше, бұл жұмыстар «Келешек мектептерін» тек жаңа ғимарат ретінде емес, мазмұны терең, сапалы білім беретін толыққанды экожүйе ретінде қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды, оның 84-і ауылдық жерде бой көтерді. Қазіргі таңда 170 мектепте оқу процесі басталды.
Бұл білім беру ұйымдары бұрынғы типтік мектептерге қарағанда 15–20 пайызға кең, ал техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары. Барлық келешек мектептері заманауи физика, химия, биология зертханаларымен, STEM және робототехника кабинеттерімен, коворкиң аймақтарымен, спорт және өнер залдарымен жабдықталған.
Басты мақсат – оқушылардың тұрғылықты жері мен әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау. Алдағы уақытта «Келешек мектептерінің» стандарттары мен басқару жүйесі еліміздегі барлық мектептің дамуына негіз болады.


