Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – бизнесті дамытудың жаңа серпіні. Президент бұл Жолдауында да көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталғаны белгілі. Әсіресе агроөнеркәсіп кешенін дамыту жобаларын қолға алып, сондай-ақ індет кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнеске қолдау шараларын арттыру туралы тапсырмаларын кәсіпкерлер жылы қабыл алды.
Жалпы кәсіпкерлердің құқығын қорғап, оларға кеңес беруде біраз жұмыс атқарылып келеді. Дегенмен өзекті мәселелерде жоқ емес. Бұл туралы Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Индер аудандық филиал директоры Сағынғалиев Дәурен Аманбекұлы да ашық айтып отыр.
-Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Көп нәрсеге қолбайлау,-дейді ол.
Расында да өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау, елімізде ет, жеміс -жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт, өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болатыны жөнінде мемлекет тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып жүр. Тіпті, Президент Қ.Тоқаев: «Суару жүйесін жүйелендіру керек. Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды»,-деп шегеледі. Президент тапсырмасынан соң ысырапқа жол бермей тиімді пайдалану жөнінде шаралар қолға алынуда.
Филиал басшысының айтуынша, теріс экономикалық салдарларды еңсеру үшін республика бойынша 700 мыңнан астам кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер берілген. Ал Индер ауданы бойынша 1977-ге жуық кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалып, кәсіпкердің екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары алдындағы несиелік төлемдері 1 жылға шегеріліпті. Шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен секторларында шағын және орта бизнестің барлық қолданыстағы кредиттері бойынша жылдық 6%-ға дейін пайыздық мөлшерлемелерді мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз ету жөніндегі Президент жүктеген міндет кәсіпкерлерге едәуір көмек болып отыр.
-Аудандық кәсіпкерлер палатасына бизнес субъектілері әсіресе жер алу, мемлекеттік сатып алу, мәселері бойынша жиі келеді. Бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша аудандық, деңгейдегі комиссиялар құрамына мүшеміз. Сол себепті де, кәсіпкерлікке қатысты қандай да сұрақтарыңыз болса, аудандық палатаға жүгінулеріңізге болады,- дейді Д.Сағынғалиев.
Оның айтуынша, мемлекеттік қолдаулар аясында жылда жалғасып келе жатқан 2021 жылға тегін «Бастау-бизнес» курстық оқуы бар. Оны жұмыссыздар, мүгедектігі бар жандар, көп балалы ата-аналар және кәсіпкерлер оқи алады. Оқу тегін әрі мұнда кәсіпкерліктің дағдыларын үйреніп шығады. Оқуды бітіргесін сертификат алып, мемлекеттен бөлініп жатырған қолдауларға қатысуларына толық мүмкіндік бар. Айталық, бұл сертификатты алғаннан кейін Еңбек бағдарламасы арқылы 583 600 теңге көлемінде үкіметтен берілетін қайтарымсыз грантқа ие бола алады. Әрине, «әзір асқа тік қасық» дегендей емес, оның да өзіндік тәртібі бар. Сертификатыңызбен және оқу кезінде бизнес тренері жасап берген бизнес жоспарын аудандық жұмыспен қамту орталығына апарып тапсырады. Содан кейін комиссия отырысында жоспар сәтті өтсе ғана мемлекеттік грантка ие бола алады. Содан соң ғана касіпкер ретінде өз кәсібін бастайды. Бұл жерде грант халыққа қажетті, не болмаса жаңа бизнес идеяларға басымдық берілетінін қаперде ұстаған жөн.
Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылыда 6 пайызбен несие алуға болады. Қазіргі таңда барлық салаға несие беру көзделген, алайда оның бәрі кепіл арқылы ғана. Міне, ауыл тұрғындарын қинайтын осы кепіл жайы екені баршаға белгілі. Өйткені, кепілге міндетті түрде тұрғын үй салынса, ауылдағы ағайынның баспанасының бағасы төмен болып шығады. Бұл да көптен қойылып келе жатқан мәселелердің бірі. Алайда көпбалалы аналарга 4 пайызбен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ орталығынан берілетінін біле жүрген жөн. Несиенің көбі жаңадан кәсіп бастаймын деушілерге арналған. Сол сияқты «Даму» қоры арқылы екінші деңгейлі банктерден несие алуға әбден болады.
Жалпы жаңа кәсіп бастау жөнінде толық кеңесті аудандық кәсіпкерлер палатасына келіп алуға болатынын тағы да қаперге береміз.
Ж.ИСЛАМҒАЛИЕВ