КЕЗ КЕЛГЕН ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ РӘМІЗІ БОЛАТЫНЫ СЕКІЛДІ ӨЗ ВАЛЮТАСЫНЫҢ БОЛУЫ ДА ЗАҢДЫЛЫҚ. ӨЙТКЕНІ, ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАНЫ ЖАРИЯЛАП, ОНЫ АЙНАЛЫМҒА ТҮСІРУ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ БАСТЫ ҚАДАМДАРЫНЫҢ БІРІ САНАЛАДЫ.
Бүгінгі күн – еліміздің күнтізбесінде де, тарихында да орны бөлек ерекше күн. Өйткені, 1993 жылдың 15 қарашасында тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді. Бұл күн қазақстандық валютаның дүние есігін ашқан күн болып есептеледі. Тәуелсіздігіміз бен теңдігіміздің символы болған төл теңге егеменді ел екендігіміздің шынайы айнасы болды және бола бермек. Иә, төл теңгеміз – тәуелсіздігіміздің басты нышандарының бірі. Ел тарихындағы тағдырлы сәтте дүниеге келген ұлттық валютамыз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстанның дербес қаржылық, экономикалық жүйесін қалыптастыруға негіз қалады. Экономиканың дамуында қазынашылық саласының рөлі өте зор. Қазынашылық саласы тарихи тұрғыдан қарағанда мемлекет байлығының сақталуына жауап береді, ақша қаражаттарын тиімді жұмсауды және сақталуын қамтамасыз ететін қаржылық орган. Бүгінгі таңда қазынашылық жүйесі еліміздің қаржы жүйесінің басты бөлігі болып отыр. Алайда, бұл қазынашылық қызметінің биік шоғыры емес, келешекте атқарылатын жобалар әлі де көп. Құрылғаннан бастап қазынашылық бюджет жүйесінің бір буыны ретінде лайықты орын алып, көптеген қалыптасу мен даму жолынан өтті.
Мәселен, 2004 жылы бірыңғай ақпараттық ортаны қалыптастыру үшін қазынашылық жаңа ақпараттық жүйеге көшсе, 2011 жылы «Қазынашылық-Клиент» жүйесі енгізілді. Жүйенің басты мақсаты – бюджет процесін бақылауға мүмкіндік беру, қаржылық операцияларды уақытылы жүргізу. 2012 жылдан бастап қазынашылық органдары бюджет қаражатының жергілікті насаналы мақсаттағы бюджеттік қағидатқа сәйкестігін бақылау үшін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарына қызмет көрсетуді бастады. 2017 жылдан бастап қазынашылық органдары жеке серіктестердің міндеттемелерін және инвесторларға кепілдіктерді орындауды қамтамасыз ету мақсатында жеке серіктестердің міндеттемелері мен концессияларын тіркеуді жүзеге асырды. Құрылыстар бойынша шығындардың негізділігін бақылау және салық төлемдерінің толықтығын қамтамасыз ету мақсатында құрылыстар бойынша бюджеттік инвестициялық жобаларды мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу іске асырылды. 2021 жылдан бастап әлеуетті өнім берушілердің электрондық депозитарийін жүргізу қамтамасыз етілді.
Өзін-өзі басқару бюджетінің IV деңгейін енгізу іске асырылды. Ол 2 кезеңде орындалды: бірінші кезең – 2018 жылы халық саны 2000 адамнан асатын аумақтарда, ал екінші кезең – 2020 жылдан бастап барлық жерде. Әрине оның бәрі - бұл салада қызмет еткен және қызмет атқарып келе жатқан сауатты да, білікті қызметкерлеріміздің еңбегінің жемісі.
Бүгінде аудандық қазынашылық басқармасында бірнеше жыл тұрақты еңбек өтілдерімен қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар А.Абдрахманова, О.Дабысова, Л.Жұмағалиева, С.Ермағамбетова ауданымыздың республикалық және аудандық бюджеттен, жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінен қаржыландырылатын 46 мемлекеттік мекемеге және 3 мемлекеттік сатып алу субъектісіне қызмет көрсетеді.
Зейнеткеріміз Д.Тілегенованың да қосқан үлесі орасан зор. Еліміздің бюджет саясатын іске асыруға қаражатты жұмсауда тәртіп пен заңдылықты нығайтуға, ең жаңа озық технологияларды енгізуге, мемлекеттің алға қойған міндеттерін шешуге және орындауға үлесімізді қосып, алдағы уақытта да адал қызмет атқара береміз деген сенімдемін.
Гүлдариға ЧУЙНШКАЛИЕВА,
аудандық қазынашылық
басқармасының басшысы