ТҰЗДЫБҰЛАҚҚА ҚАУІП ТӨНДІ!

Т ұздыбұлақ - біздің заманымызға дейінгі сегізінші ғасырдан бері келе пайда болған деген ғылыми тұжырым жасалған табиғаттың тамаша сыйы.

Содан бері халыққа шипасын дарытып, елге ырыздығын беріп келеді. Алайда Жайық өзенінің тағдыры қыл үстінде тұрса, соңғы жылдары Тұздыбұлақтың да басынан бағы тая бастады ма деген қорқыныш сезімі мазалайды. Өйткені, жыл сайын көлге құйылатын бұлақ көздері көзден бұл-бұл ұшып, «Мына жерді Күркіреуік деп атайды» десең қазіргілер күлетіндей жағдайға жеттік. Марқұм академик Қасан Қамашевтан көзі тірісінде сұрағанымызда, қазылған карьерлердің кесірінен жердің қысымы азайып, бұлақтар бұрынғыдай атқыламайды деген еді. Оның үстіне, ауа райының жылынуы, қардың өте аз түсуіне байланысты жер астындағы мәңгілік мұздың еріп таусылуы да мүмкін деген болжам жасауға да болатындай. Қырық күн шілде айында балшыққа түсуге барғандар тұзға түсу мәдениетін білмегендігі өз алдына – айналасын қоқысқа толтырып, шашып кететінін қайтерсің.

Тіпті, кеше ғана жер тарихы қызықтырған азаматтарды сапарлатып қайтқанымызда Тұздыбұлақтың қып-қызыл қан-жосадай болып жатқанын көріп, жағамызды ұстағанбыз. Байқауымызша, бұрын техника бөлшектері қалып, әбден тозып, тотқа айналған тәрізді. Және судың бетінде жанар-жағармайдың қалдығы байқалады. Бұл біз тұтынып отырған ас тұзына кері әсерін тигізбей ме деген қауіп бар. Әрине, өндіруші кәсіпорындар шаң жуытпасы белгілі. Бұл туралы Ғылым докторы, геология профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының мүшесі Нәсіпқали Сейітов: - Судың бетіндегі анау жұп-жұқа үлдір арасынан да көмірсутек өнімдерінің (бензин, керосин, солярка) немесе байырғы майдың әдетте су бетін көмкеретін жұп-жұқа қабыршағына ұқсайды. Бірақ ол жерге мұнай өнімдері немесе байырғы май массасы қайдан "келуі" мүмкін? Бұл табиғаттың өз өнімі деп жорамалдау қисынға келіңкіремейді. Қайткенде де бұл үлдір қабыршақ адам әрекетіне байланасты пайда болған шығар,- десе, ардагер эколог Марат Мұқанов мұны дереу анықтау қажеттігін, әйтпесе, әлемге әйгілі тұз көліне орасан зор қауіп төнуі мүмкін екендігін айтты.

Ал Атырау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Бақтығалиұлына мән-жайды баян еткенімізде: -Сіздердің бұл дабылдарыңыз бойынша зертханалық талдамалы бақылау бөлімінің мамандары су сынамаларын алып, химиялық талдау жүргізетін болады. Соған сай тиісті жұмыстар атқарылады,-деді. Қайткенде де экологияға жауапты мамандар мұны анықтап, тиісті шарасын алады деген сенімдеміз.

Жанай АМАНТҰРЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT