Жолшыбай біз аман-саулық сұрасып, «Алатөбе» қыстауына сәл аялдадық. Байырғы «Правда» совхозының жылқышысы Берік Сидеғалиев сол қыр адамдарына тән көңілмен алдымыздан шығып амандасып жатыр.
Жұбайы Қарашаш екеуі осы өңірге жақсы танымал сыйлы жандар. Балалары ауылдағы ағайындарының үйінде жатып білім алса, өздері үйреншікті шаруаларымен айналысып отыр. Оның үстіне соғым айы болғандықтан ауыл жақтан таныс-тамыр келіп, соғым сойылып, бірісін жілікке бөліп жатыр екен.
Берік әуелден асау үйретуші әрі қасапшы да. Жаңағы жілікке бөлу дегеніңіз – кез келген адам біле қоймайтын өнер. Келілеп емес, 12 жілікке бөліп, сүйектің ұлылығына қарай шабыстыра бөлу үшін де математика қажет. Өйткені, бөліп алған адамдардың сыйлы қонағы, оған арнап тартар сүйегі болатыны сөзсіз. Сондықтан да жамбастың ұясын бұзбай, тең жасау – үлкен жауапкершілік. Әрі десеңіз бұл да ұлттық құндылығымыз.