Шаруасы шираған шаруашылық

Ауданда нарық талабына сай бейімделіп, алғашқы құрылған шаруа қожалықтың бірі "Тоқбай". Бүгінде малын өсіріп, егінін егіп шаруасын ширатып отырған бұл шаруашылықтың жетекшісі Садықов Сағат Шәріпжанұлының өнегесіне тоқталмақпыз.
Жоспарлы экономика заманында елімізде көптеген колхоздар мен совхоздар болды. Олардың қатарына Бөдене ауылында «Индер» көкөніс-сүт совхозы аудан орталығы халқын ауыл шаруашылығы өнімдерімен үнемі қамтып тұрғанын жасы үлкендер жағы жақсы біледі. Алайда, 90-жылдардың басындағы нарықтық қатынастарға көшкен өтпелі кезеңде ірі өндіріс ошақтарының өзі тұралап қалды. Ауылдағы  аяғына нық тұрған талай шаруашылықтар да бұрынғы жағдайынан айырылып, бытырап  жатқан қиын шақ болатын. Совхозда механизатор болып еңбек ететін Сағат Шәріпжанұлы да көппен бірге жұмыссыз қалды. Аудандық атқару комитетінде секретарь-машинист қызметін атқаратын жұбайы Гүлбарам Мұқашева да қысқартуға ұшыраған қиыншылық кезең еді.  Енді қайтпек керек? Үбірлі-шүбірлі отбасын қалай асырау керек? Жаппай жұмыссыздық белең алған сол кезді қазіргі жағдаймен  мүлде елестете алмас едіңіз. Қапелімде не істерін білмей қалған кейіпкеріміз  Сәкең немере ағасы, ауданға белгілі шаруашылық басшысы болған Алдаш Исаевтан кеңес сұрай барады.
- Қапаланба, бауырым, өз алдыңа жеке шаруашылығыңды ашып тәуекел жаса. Әрине, жеке қожалықты алып жүру оңай шаруа емес. Бірақ  бұл істі сенің атқарып кетеріңе сенемін, - деп ағасы үміт отын жағып, қолдау білдіреді.   
Жеке қожалық ашуға тәуекел жасаған  кейіпкеріміз совхоздан қалған жердің   5 гектарын  рәсімдеп, көктем шыға шаруаға белсене  кіріседі. Жерін жыртып, оны қолдағы барымен қоршайды. Қауын-қарбыз, көкөніс дәнін сіңіре салып, ала жаздай тырбанып жүріп егінін мәпелеп күтумен болады. Маңдай термен келген еселі еңбегінің арқасында ісі өнікті болып, жылдан жылға ширап, шаруасын кеңейте береді. Содан бері қаншама қиындық кездессе де шаруашылық тізгінін мықты ұстаған Сағат Шәріпжанұлы іскерлігімен танылып, бүгінде аудандағы белді шаруашылықтың біріне айналды.
Былтыр Қазақстанның өсімдік өсірушілерінің алғаш рет ұйымдастырылып отырған республикалық слетінде ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің қолынан «Үздік егінші» төсбелгісімен марапатталды.
Ілкіде ісін егіншілікпен бастаған ол мал шаруашылығын да қатар дамытады. Рас жаңа кәсібін бастаған 2001 жылы мал дегенде қолында бір қашары ғана болыпты. Бүгінде сиырды 100-дің үстіне жеткізсе, жайылып жүрген жылқылары да баршылық.
Сәкең бүгінде ұрпағын да өзі бастаған кәсіпке мықтап баулыған.  Отбасындағы үлкені Әділет Садықов, жеке қожалығындағы мал шаруашылығымен айналысса,  кіші баласы Әсет егін өсіруді  қолға алған.   
Бұл шаруашылық  мал азығын даладан іздемейді,  өздері дайындайды. Жылда 7- 8 гектар жерге люцерн шөбін егіп, мал азығына толыққанды пайдаланып отыр. Сонымен қатар шаруашылығында жеміс ағаштарының да түр-түрін өсіреді.
«Алғабас-Жорық» каналы бойында қатарлас отырған шаруашылықтармен бірге кезектесіп, күнделікті жаңа сауған сиыр сүтін аудан орталығына жеткізіп отыр.
- Әрине, шаруа жасаған жанның қиындықтары да жетіп артылады. Егін еккен жеріміз «Алғабас-Жорық» каналынан бірер шақырымдай қашықтықта болғандықтан  су жіберуде қиындықтар да туып  қалатыны бар. Ал, бастысы шүкірміз, қолқанатым балаларыммен бірге мүмкіндігінше шаруашылығымызды дамытып келеміз, - дейді ол.
-Сағат Садықов жетекшілік ететін "Тоқбай"  шаруа қожалығы аудан орталығындағы сауда орындарына және жәрмеңкелерге  тұрақты  түрде ауылшаруашылық өнімдерін шығарып,  аудан халқын қолжетімді бағамен қамтуда сүбелі үлесін қосып отырған негізгі шаруашылықтардың бірі, - дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тоғайбай Салахадинов пен бас маманы Абай Абдировты сөзге тартқанымызда.


С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT