Индерлік Абай ағамыз ешкімге жалтақтамай қарекет етіп, қоян өсіруді кәсіпке айналдырған.
-Өзім Бөдене ауылының тумасымын. Сол жақта күні кешеге дейін еңбек етіп, зейнетке шықтым. Біраз жыл "Индер" көкөніс-сүт совхозында автокрановщик болып жұмыс жасадым. Сол кездері ауылда азын-аулақ тауығым болғанда неге қоян өсіріп көрмеске деп жүр едім. Содан 2007 жылы аудан орталығына жанұя жағдайымызбен көшіп келген соң, босқа отырмай, қарапайым қоянның бес аналық, бір аталық түрін сатып әкеліп, өсіріп көріп едім, дұрыс бабын білмегендіктен болар 100-ге тарта көжегімді өлтіріп алдым. Әрине, қай заттың да зейнетімен қатар бейнеті де қатар жүретіні шындық. Бірақ қай кезде де адам баласы бастаған ісін қолға алған соң, жігерленіп, құлшына еңбек етуге талпынып тұрады емес пе,- дейді қояндарын таныстыра жүріп.
Жалпы, шағын қораның бір бөлігінде жыпырлаған ұзынқұлақ қояндарына арнап жасаған қондырғыларының өзі біркелкі, ұқыпты. Тіпті оның ішінен саққұлақ қояндары жемі мен шөбін жеп, суын ішеді. Ал олардың қалдығы мен қиы өздігінен төмендегі қоқыс жәшігіне төгіледі. Арнайы қорапты қолы шебер кейіпкеріміз өзі екі жыл дегенде құрастырыпты.
Жалпы, қоянның көжектері әуелгіде өте кішкентай, нәзік болады. Адам баласы секілді жылылықты, сипағанды ұнатады. Бір жетінің аралығында қос құлағы қалқайып, қоян кейпіне ене бастайды екен. Негізінен қояндар аптап ыстыққа төзбейтін көрінеді. Олар 270 С градустан жоғары температурада өздерін қолайсыз сезіне бастаса, 330 С градус ыстық олардың өміріне кәдімгідей қауіпті көрінеді. Ал оны тамақтандырудың өзі үлкен жұмыс екендігін әңгімелеп берді кейіпкеріміз.
-Мен бұл жануарды біріншіден, ермек, екіншіден, етін жеп отырғандықтан асырап келемін. Ғалымдар бұның етін диеталық тағам ретінде қолданса пайдалы екенін айтады. Себебі, оның құрамында ағзаға қажетті дәрумен өте көп. Ал холестирин мүлдем болмайды. Тіпті терісінен тігілген тондар қай кезде де сәннен түспейді. Ал мен, осының терілерін пайдаға асыра алмай келемін. Әне, бәрі жинаулы тұр. Қояндардың аналығы жылына үш-төрт мәрте төлдеп, алтыдан сегізге дейін, тіпті одан да көп көжек әкеледі екен. Зейнеткердің айтуынша, көжектеріне 12 күн дегенде үстеріне жүн бітіп, 20 күнде жауып кетеді. Ал оларды 45- 60 күннен кейін айырып, шағылысқа салуға болады. Қазір қорасы тарлық ететін Абай аға келешекте қоян шаруасын кеңейтсем дейді. Міне, жасы жетпіске жақындаса да шаршамайтын кәсіп иесі отбасымен ортақ істің игілігін көріп, апай екеуі немере-жиендердің бақытына бөленіп отыр.
Айта кетейік, өткен жолы оның темір тұлпарды қалай құрастырып, жан бітіргені туралы айтқан болатынбыз.
Шынында да Абай Мұхамбетқалиев ағаның бұл істері көпке үлгі боларлықтай.
Диас АЙБАР