Ежелден кәсіптік білім берудегі басты тұлға болып өндірістік шебер танылса, бұл талап бүгін де өзгерген жоқ. Қайта ерен маңызға ие бола түсті. Өйткені колледж партасынан кәсіптік білім алған жас маман оны өндірістік ортада дәлелдей білуі керек.
Міне, осы бағытта кәсіптік білім берудегі жаңашылдықпен жұмыс істеуге бетбұрыс жасаған 100 білім ордасының бірі болып таңдалынған аудандағы жұмысшылар ұстаханасы саналатын көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжінде де бірқатар ілкімді істер атқарыла бастады.Сол мақсатпен бүгінде колледжде аккредитациялау жұмысы жүргізіліп жатыр. Оны Қазақстандағы тәуелсіз институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу орталығының сыртқы сараптамалық тобы іске асыру үстінде.Соңғы кезде мұндағы қолға алынған жаңашылдықтың бір көрінісі колледж аудандағы жұмыс беруші орындармен арада тіке байланысты тереңдете түсіп, оларға кадр дайындап беру жөніндегі келісімшарттарға отыруды жүйелі жолға қоюға мүдделік танытуда.
Бұл игі бастамаға аудандағы іргелі кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары да үн қосса, ынталылық танытса, жергілікті жерден шыққан маманның өзі алыстан қызмет іздемей, өз жерінде пайдаға асып, көркейтуге үлесін қосар еді. Сөз жоқ, бұл алдымен екі жақты іскер байланыс, жауапкершілік пен түсіністіктің арқасында іске асатыны анық.
Сондықтан да аталған колледж директоры Бағытжан Құнас бастаған ұжым басшысының орынбасары Асылбек Мұстафа, өндірістік шеберлер Мұрат Қапашев, Әзидолла Шәріпов, Қайырғали Таудаев,Нұрсұлтан Таудаев, тағы басқалары қостаған топ Есболдағы «Слава», Көктоғайдағы «Шаңырақты», «Құлыншақ» іргелі шаруа қожалықтарында болып, жұмысты ұйымдастыру жайларымен танысып шықты.
-Негізі қазіргі талапқа сай студенттерге сапалы кәсіптік білім беру үшін, оқу базасы, оқулықтар түбегейлі жаңаруы тиіс қой,-деді өндірістік шеберлер шаруа қожалықтарындағы жаңа әрі шет елдік ауыл шаруашылығы техникалары паркін аралап көріп жүріп.-Әрине, бұл техникалардың бір өзі бірнеше қызметті атқаратындықтарын, басқа да ерекшеліктерін біздер интернет желісі арқылы біліп, дайындалып, шәкірттерімізге үйретуден жалыққан емеспіз. Мұндай ізденіс біздің жұмыс дағдымызда бұрыннан бар,-дейді тәжірибелі өндірістік шебердің бірі Әзидолла Іләшұлы.
Әрқайсысының 35-25 жылдан осы саладағы жұмыс өтілдері бар шеберлердің, шынында да айтар ойлары, пікірлері де аз емес екен. Оны да ортаға салып, өзіндік ойларын жоғарыда аталған сараптамалық топ өкілдері алдында қорғап жатты. Ал оқу орны басшысы болса бүгінгі таңда базаны жетілдірудің жедел шаралары алынып жатқанын таныстыра кетті.Сапар барысында аккредиттік топ мүшелері «Құлыншақ» шаруа қожалығындағы жұмысшылардың демалыс, тамақтану орындарымен де танысты. Ұжым мен колледж арасындағы шарттың мән-жайын, басқа да базалық кәсіпорындар мен қожалықтардың ішкі тыныс-тіршілігі, жас маманға жасайтын жағдайлары, артықшылықтары туралы көбірек білуге ұмтылды.
С.БИСЕНОВ
Индер ауданы