Маңдай тердің жемісі

Индер ауданында өткен көктемде 1630 га жерге егін егу жоспарланған болатын. Оның ішінде 475 га картоп, 465 га көкөніс,  190 га бау-бақша дақылдары, 500 га жерге екпе шөп отырғызылған.  Егін егумен айналысу үшін  жер алған 100 ге жуық шаруа қожалықтың ішінде 50-і биылғы жылы өз жұмыстарын бастап кеткен.

Олардың арасында Бөдене ауылдық округіне қарасты «Асылан» шаруа қожалығы да бар. «Алғабас-Жорық» каналының бойынан жер теліміне қол жеткізген соң отбасы мүшелерімен бірлесіп егілген тұқымның өнімін алуда. Қожалық жетекшісі Мәрияш Жасағанбергенованы сөзге тартқан едік.
– Осы канал бойынан  8 га жер алдық. Бірінші рет 1 гектардай жерге  егін егіп бастаған болатынбыз. Оған қауын, қарбыз, тағы басқа да бау-бақша дақылдарын еккен едік. Өздеріңіз білесіздер көктемгі жауын мен зиянкестің пайда болуы салдарынан алғашқы еккен тұқымдарымыз жарамсыз болып қалды. Ер кезегі үшке дейін деген ұстанымды басшылыққа алып қайыра тұқым септік. Өздеріңіз көріп отырсыздар жағдайымыз жаман емес.  Мемлекет тарапынан берілетін субсидияларға да қол жеткізе бастадық. Жоқтан бар жасай білген адам ғана өз мұратына жетеді ғой. Десек те жұмысшы қолының жетіспей отырғаны жасырын емес. Қажетті жалақыңды төлейміз дегенмен ешкім келгісі келмейді. Бірақ өз күшімізбен жағдайдан шығып отырмыз,- дейді қожалық жетекшісі.
Бүгінде олар алғашқы өнімдерін арзан бағамен ауылдағы және      аудан орталығындағы базарларға шығарыпты. Жергілікті өнімге деген сұраныстың көптігі соншалық, алдағы уақытта басқа да бақша дақылдарын әкеліп сатпақшы. "Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы" деген.   Алға қарай жұмыс ауқымын кеңейткісі келіп отырған қожалық өзге де әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, тәжірибе толықтырмақ ниетте.

Сұңқар ЕРСАЙЫНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521