Қыстан қалжырап шыққан малда не ес болушы еді. Күздегі мизам шуағына көтеріле қар астында қалған тіске ілінер-ілінбес көкке жармасып әуре. Анадай жерде таяғымен белін тіреп, төрт-бес ірі қарасын жаяу айдап бара жатқан ауыл тұрғыны да біреуге аманатын тапсырғалы бара жатыр. Бұл «аманат» дегеніңнің жауапкершілігі өте жоғары. Бұрындары ол малға көздің қарашығындай қарап, бірдеңе бола қалса, «Ұят болады» деп орнын толтырып беретін. Қазір заман ауысқалы ол құндылықтар қаншалықты сақталатыны бізге беймәлім.
Күн шайдай ашық. Кенет анадай жерден қарсақ кезігіп, «сендер кімсіңдер?» дегендей бір қараған күйі жай бүлкілмен өз бағытына жүре берді. Аң қашса, жол болады деп ырымдайтын ата дәстүрі бар.
«Иә, сапарымыз сәтті болсын», – деді Олжас та әңгімеге араласып. Олжекең – жас болса да еңбекке икемді, жөн білетін азамат. Әйтпесе, тұтас бір ауылдың аманатын арқалап, әкім болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі.
Жолдың оң қапталында 20-ға тарта үйірдің иесі көк айғыр алаңсыз тынығып тұр. Жылқы ішінде ала көп. Бауырын жаңа көтерген құлындарға әрнәрсені бір қызықтап, енесінің бауырында ойнақ салып жүр.
Бір ерекшелігі, биыл жер жылдағыдан ерте көктегені байқалады. Оны қырдағы ағайын да айтады. Қызғалдақ, құртқашаштар гүл атып үлгеріпті. Көкжасыл еркеккөк, жусан, қоңырбас, мортық арасынан сары, қызыл, көк түсті жайқалған гүлдер шығып, қырға кілем төсегендей күйге енген. Тамаша көрініс. Ал, құртқашаштың тамырымен күбі шелекті ыстайтыны есті жұрттың есінде бар шығар. Дегенмен, әлі жаңбыр жоқ, оның үстіне «Жазғытұрымғы жел жардай атанды құлатады» дегендей, енді жауын болмаса, қуаңшылық болып кетуі де әбден мүмкін.
Ж.Амантурлин