"Халқыма ерекше ризамын"

Қазіргі кезде бір-біріне ақысыз көмектесу дегенді естісе күлкілі нәрсе сияқты болып көрінетіні рас. Алайда, өзгеге қолғабыс етуге асығып тұратын жандар бар. Олар – еріктілер. Түрлі қайырымдылық істердің басы-қасынан табылып жүрген олар жұмылған жұдырықтай бірлікте еңбек етуде.

Бұрындары ел арасында «асар» деген дәстүр болыпты. Онда да көпшіліктің көмегімен егін жинау, шөп шабу, үй салу сияқты ауыр жұмыста көмектескен екен. Бұл дәстүр қазір қайта жанданып, қазақтың мәрттігін ғана емес, бауырмашылдығын, кең жүректілігін, ұйымшылдығының бейнесін көрсетуде. Ауырып жатқан балалардың емдомына, тұрғын үйге мұқтаж жандарға ақшалай жинақ шоттарын ашса, жағдайы төмен отбасыларға азықтүлікпен қамтамасыз ету арқылы халықтың алғысына бөленіп келеді.

Сондай баспана бақытына ие болғандардың бірі – көпбалалы ана Назгүл Мурсейітова. 2019 жылы «Иман жастары» еріктілер тобының бастамасымен «Көпшілікпен – баспана» акциясы ұйымдастырылып, жерлестердің, атымтай жомарт жандардың арқасында бас-аяғы 3 млн. теңге жиналып, сол қаражатқа Индербор кентінен сатып алынған 2 бөлмелі пәтердің кілтін Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің сол кездегі бас имамы Батыржан қажы Мансұров келіп табыс еткен болатын.

Назгүл жолдасымен 2003 жылы шаңырақ көтерген. Үй иесі өмірден өткен ол 5 баламен жалғыз қалды. Тағдыр тәлкегіне мойынсұнбаған ана қазір мәдениет үйінде қызмет атқарады. Осылайша 15 жыл бойы жалдамалы пәтерді паналаған отбасы 2019 жылы Ұлыстың Ұлы күні мерекесі қарсаңында пәтерлі болып, қуанышқа бөленген еді. Бүгінде ол сол шаңырақта отбасымен өмір сүріп келеді. Алды 17-де, ал кішісі 6 жаста.

Бізбен әңгімесінде бұл күнді ұзақ күткен ана: -Жалдамаған пәтер, аттамаған табалдырық болмады. Тіпті, пәтер ішіндегі шектен тыс ылғалдың салдарынан бір қызымның өкпесіне ота жасалды,- деп көзіне жас алды. – Шыны керек, пәтер кілтін алған күнім әлі есімде. Балаларымның қуанғанын көріп, ет-жүрегім езілген еді. Қуаныш сыйлаған, баспаналы болуыма септігін тигізген халқыма, кәсіпкерлерге, «ӘйіпҚажы» мешітіне рахмет айтудан шаршамаймын. Барша баспанаға мұқтаж жандарға осы бақытты тілеймін,– дейді көпбалалы ана Назгүл Мурсейітова.

Иә, жаңа үйге қадам басқан балалардың қуанышында шек жоқ! Ұл-қыздары түрлі жарыстарда бой көрсетіп, анасын қуантып жүр. «Көп түкірсе – көл» дегендей, халқымыздың даналығын бойына сіңіріп, алғысқа бөленіп жүрген жандар аман болсын! Жадыра НАРИМАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521