Карьер сорымызға шықты

ИНДЕРБОР КЕНТІНІҢ ІШІНДЕ БҰРЫННАН ҚАЛҒАН БІРНЕШЕ ІРІЛІ-ҰСАҚТЫ КАРЬЕР, ТАБИҒИ ЖЫРАЛАР БАР. СОНЫҢ ІШІНДЕ НЕБІР ТҮРЛІ ҚОҚЫСПЕН БІТЕЛІП КЕЛЕ ЖАТҚАНЫ, ӘРІ ЕҢ ІРІСІ МАХАМБЕТ ПЕН АҚТАУ КӨШЕЛЕРІНІҢ АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ЕСКІ КАРЬЕР ЕКЕНДІГІ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. АЛ ЖАҚЫНДА ОСЫ КАРЬЕРГЕ ГИПСОКАРТОН ҚАЛДЫҚТАРЫНЫҢ ӨТЕ ҮЛКЕН КӨЛЕМДЕ АРНАЙЫ ТӨГІЛГЕНІНЕ КУӘ БОЛДЫҚ.

ГИПСОКАРТОН ҚАЛДЫҚТАРЫ ТӨГІЛУДЕ

Кезінде құрылыс жұмыстарына қиыршық топырағы алынған бұл карьерге тек құрылыс қалдықтары, малдың қиы төгіліп бітелсе бірсәрі ғой. Шұңқыр ішінде автокөліктердің майынан босаған ыдыстары, покрышкалары, малдың өлекселері, баклашка сынды пластикалық қалдықтар да жайрап жатыр. Оның қоршаған ортаға қаншалықты зиян екендігін бағамдай беріңіз.

Өкінішке орай, бұған кенттен шыққан тұрмыстық қалдықтар да төгіліп тұрғанын кезінде жазғанбыз. Мысалы, ауданда тазалықпен бірден-бір айналысқан «Келбет» ЖШС кезінде қыс бойы кенттің тұрғындарынан шыққан қоқыстың бәрін арнайы полигонға апармай осында төгіп келді. Кейін көктем шыға әлдебіреулер бұл қоқысты әдейі өрт қойып, оның бықсыған қоламса иісі маңындағы Махамбет көшесі тұрғындарын мазалап, орынды ренішін туғызған болатын. Кейде өрт өршіген мезгілде маңындағы жанар-жағармай стансасына қауіп төнгізіп, өрт сөндірушілердің күшімен сөндірілген кезі де болған. Тіпті карьер маңындағы бір тұрғын үйінен шыққан лас суын кәріздік құбырмен жыраға ағызып қойғанын да көруге болады.

Жақында үлкен көлемде гипсокартон қалдықтарының төгілгеніне куә болғанымызды жоғарыда атап өттік. Ол аталған карьердің Махамбет пен Б.Момышұлы көшелерінің қиылысар тұсындағы жеріне төгілген. Қоршауға алынғандықтан, көше жағынан гипсокартонның төгілген жері көзге көп білінбейді. Ал жыра жақтан қарағанда гипс қалдықтары таудай болып, қабат-қабатымен жайрап жатыр.

– Қоқыстың бықсыған иісінің зардабын біразға дейін көріп келдік. Осы орайда талай құзырлы органдарға кезінде шағымданғанымызбен, ешқандай нәтиже шыға қоймады. Кейін ол жердің біразы қоқыспен бітеліп, қоршалды, - дейді карьер маңында тұратын Махамбет көшесінің тұрғыны Кенжек Бисалиев.

– «Қоқыстың бықсыған жағымсыз иісінен терезені аша алмаймыз, сыртқа кір жая алмаймыз» деп кезінде сол маңның тұрғындары шағым түсірген болатын. Содан тұрғындармен бірнеше рет жиналыс өткізіп, қоқысқа өрт қоймауды, қоршаған ортаны таза ұстауға үгіттеп жиналыс өткізгенбіз. Кейін бұл әрекет басылғандай болып еді. Ал гипсокартон қалдықтарының төгілгенін естімеппен. Өнеркәсіп қалдықтары өте зиян ғой. Бұл бағытта алдағы уақытта жұмыс жүргізетін боламыз, - дейді аудандық мәслихаттың депутаты Әлия Қарашина.

СОНДА КІМ ТӨКТІ?

Гипсокартон қалдығы болғандықтан да осы өнімді зауыттан шығаратын аудандағы бірден-бір кәсіпорын «ИСИГипсИндер» ЖШС ойға оралары сөзсіз. Себебі, бұл жерде бір үйден, не бір ғана көлікпен емес, бірнеше жүк көлікпен арнайы төккені көзге көрініп-ақ тұр. Ал аталған серіктестік директоры Жолдасқали Үмбетияровтың айтуынша, зауыттан шыққан гипсокартонның қалдықтары облыс орталығындағы арнайы полигонға ғана жөнелтіледі.

Осы орайда «Азбука чистаты» ЖШС-імен арада келісімшарты болса, оған зауыттан полигонға дейін индерлік "Дос Групп 2022" ЖШС тасымалдап отыр екен.

-Аталған серіктестік «Азбука чистаты» ЖШС-інің полигонға гипсокартон қалдықтарын тапсырғаны туралы міндетті түрде талон алады. Сондықтан олар төкпейді. Қоршаған ортаға залал тигізбеу, экология мәселесі де біздің үнемі басты назарымызда, - дейді «ИСИГипсИндер» ЖШС директоры Жолдасқали Үмбетияров хабарласқанымызда.

Осы орайда аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асхат Аймұратов күнделікті тұрмыстық қалдықтардың өзі арнайы белгіленген полигонға болмаса, бұл жерге қоқыс төгуге ешқандай рұқсаттың берілмегендігін алға тартты.

Ал бүгінде Индербор кентінің көркейту, көгалдандыру, тазалығын сақтау жұмыстарымен айналысып отырған "АгроСтройИндер" ЖШС директоры Әсемгүл Қалауова кенттен шығарылған қоқыстар арнайы қоқыс полигонына төгіліп отырғанын қаперге берді.

ЖЕРІН ҚОҚЫСПЕН КЕҢЕЙТІП КЕЛЕДІ

О заманда, бұ заман, жерін қоқыспен кеңейтетінді кім көрген? Бірақ, оған да таң қалмайтын болдық. Гипсокартон қалдықтары төгілген бұл жердің 2009 жылы тұрғын үй салуға арналып берілгендігін аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ардақ Үсенқызынан білдік. Қазіргі иесі тұрғын Т.Т. сол арадан қатарынан 10 соттықтан 6 жер учаскесін алып отыр екен. Көше жақ беті қоршалып, бір шетіне қойма ретінде құрылыс нысаны салынғанымен, тұрғын үйлердің құрылыстары жүрмеген. Жыра жағына гипсокартонды арнайы жүк көліктерімен төгіп, оның бетін қара топырақпен бітеп, жерін кеңейтіп келе жатқаны көрініп тұр.

- Индербор кентінде де 2009 жылға дейін жеке меншік құқығымен тұрғын үйге жер телімдері көп табысталған. Олардың ішінде жерін уақытында игермей отырғандары да кездеседі. Сол уақытта жеке меншік құқығымен табысталып игерілмеген жер телімдерін заңнамаға сай, мәжбүрлеп алынуға жатпай отыр. Яғни, бұл арада біз шара қолдана алмаймыз, - деді салалық бөлім басшысы Ардақ Үсенқызы.

Аудандық ішкі істер бөліміне хабарласқанымызда бұл карьерге гипсокартон қалдықтарын төгіп немесе қоршаған ортаға зиянын келтіріп жатыр деп ешкім арызданбағандығын айтты. Ал Индербор кентінің әкімі Шалқар Алмурзиевке хабарласқанымызда, ол төгілген өндірістік қалдық бойынша зерделеу жұмыстары жүретіндігін қаперге берді.

"ӨЗЕНГЕ ҚАУІП ТӨНУІ МҮМКІН"

Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақмарал Досымбетқызы құзырлы мекеменің елді мекендердегі санитарлық тазалыққа қатысты көптеген құқығы мен құзыреті шектелгенін, негізгі жауаптылық жергілікті атқарушы органдарда екендігін айтты.

- Егер бұл жер нақты полигон болса, санитарлық талапқа сәйкестігін қарауымыз керек. Бірақ, біздің кентте заңдастырылған полигон жоқ. Барлығы да стихиялық қоқыстар санатында.

Өндірістік қалдықтардың зар - дабы адамның тыныс, өкпе жүйесінің зақымдануына әкеліп, соматикалық ауруларға соқтыруы мүмкін. Әдетте біз оны өндіріс орындарынан бақылап отырмыз. Әрине, мәселе өзекті. Қалдықтар тұрмыстық болса да, өндірістік болса да, арнайы орындарға төгілуі керек. Әйтпегенде, жұқпалы аурулардың туындауына да әкеліп соқтыруы мүмкін, - деді ауданның бас санитарлық дәрігері.

Өндірісі дамығанымен, экологиясы нашар облысымыздың аудандарында экологиялық бөлім немесе эколог маман жоқ. Яғни өңіріміздің экологиялық мәселесі қадағалаусыз қалғанба дерсің. Бұған дейін облыстық экология департаментінің Индер ауданы бойынша инспекторы Марат Мұқанов болса, қазір ол зейнеткерлік демалыста. Ал аталған инспекторлық орны қысқарып қалған. Дегенмен, біз экология және геологиялық барлау саласының үздігі Марат Мұқановты да сөзге тартқанбыз.

–Бұл карьерге табиғи гипс емес, арнайы зауытта түрлі химиялық реагенттер қоспасымен жасалған гипсокартонның қалдықтары төгіліп отыр ғой. Бұл қоршаған ортаға өте зиян. Әрі химиялық қоспалар жерасты суымен байланысып, бірден-бір ауыз су көзіміз – Жайық өзеніне де құйылып жатыр. Сондықтан да бұған жеңіл қарауға болмайды.

Өндірістік қалдықтар облыс орталығындағы арнайы полигонға жеткізіліп, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі керек. Сонымен қатар басқа да қалдықтардың ретсіз төгілуі өрескел заң бұзушылық, – деді ол.

ЗИЯНДЫ ҚАЛДЫҚ КЕНТ ОРТАСЫНДА ҚАЛЫП БАРАДЫ

Ескі карьердің іші алдағы уақытта да осындай түрлі қалдықтармен бітеле берейін деп тұр. Ал шетелдерде осындай елді мекен ішінде қалған карьер немесе түрлі жыраларды стадион, не басқадай ойын алаңдары, демалыс аймағы ретінде әп-әсем етіп жасаған. Көршілес Ресейдің өзінде туристік орындар ретінде де жолға қойған.

Ал 6,5 гектар аумақты құрайтын қоқыс толы карьер кезінде «ИндерСтройИндустрия» ЖШС иелігіне тіркелгенін аудандық жер қатынастары бөлімінен білдік.

Әзірге карьер, жыраларымыз қоқыспен бітелуде. Жер иесі жерін кеңейту үшін арнайы төгіп жатқан жоқ па деген ой да мазаламай қоймайды. Қоршаған ортаға, бастысы адам денсаулығына зиянды қалдық кент ортасында қалып барады. Ал, құзырлы органдар бұған бей-жай қарамағаны жөн.

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521