Индерлік жастар Президент құрметіне бөленді

Наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде үлес қосқан бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттаған болатын. Сол құрметке бөленгендердің ішінде индерлік жастардың да бой көрсеткені біз үшін үлкен мақтаныш болғаны рас.

Атап айтсақ, Дендердің дарынды ұлдарының бірі, бүгінде түрлі жобаларды телевизия саласында шеберлікпен жүзеге асырып жүрген, жастар саясатының дамуында ойып тұрып орын алатын Алмас Сағынұлы «Құрмет» орденімен наградталса (ол туралы «Дендер» қоғамдық-саяси газетінің 2021 жылдың 26 қараша айында жарық көрген №47 (8355) санында «Біз бағындырмайтын белес жоқ» мақаласында жазылған болатын-автор), Нұрлан Салаватов «Шапағат» медалімен марапатталды.

astana

Медаль иегері 1996 жылы Индербор кентінде дүниеге келіп, орта білімді М.Әуезов атындағы орта мектептен алған. Одан соң 2013 жылы Атырау қаласындағы Атырау медициналық колледжде «Фельдшер» мамандығы бойынша білім алды. Оқу орнын бітірген соң 2017 жылы Атырау облыстық жедел-жәрдем бекетіне фельдшер болып жұмысқа орналасады. Бүгінде сол бекетте еңбек етіп, көптің алғысын алып жүр. Телефон шалып, құттықтағанымызда бұл марапат ол үшін тосын сый болғанын айтты.

– Президент қолынан марапат аламын деп ойламадым. Алғашында телефон арқылы «Сізге Президенттен марапат бар» дегенді естігенде түсінген жоқпын. Нұр-Сұлтан қаласына барып, салтанатты шара өткенге дейін сенімсіз болдым. Ал, атым аталған сәтте жүрегім аттай тулап, өзіме ырық бермеді. Шынымен Мемлекет басшысының алдында тұрмын ба деген ой болды.

Алайда, Мемлекет басшысы «Шапағат» медалін тағып, «Құтты болсын» деп қолымды алғанда өз-өзіме келдім. Мен мұны жастарға артылған үлкен сенім, зор қолдау деп түсіндім, - дейді ол. Айта кетейік, Ақордада өткен салтанатты жиын барысында 94 адам «Құрмет» орденіне, 25 адам «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, «Шапағат» медаліне 68 волонтер, меценат және басқа да азаматтар ие болған еді.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521