ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылады. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты
— Жұмыс істеп тұрған Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін аппараттық құрылымның бір бөлігі, сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші лауазымы таратылуға жатады. Президент әкімшілігінің фукционалы, құрылысы және оны басқару жүйесі іс жүзіндегі қажеттілікке орай реформаланады. Әрине, бірқатар елде вице-президент лауазымы бар екені сіздерге белгілі. Біздің жағдайда аталған лауазымды бекіту мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сонымен қатар билік тармағына қатысты түпкілікті нақтылық енгізеді, — деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, аталған конституциялық жаңашылдық президентті билік институтының әлсіреуін білдірмейді. Керісінше, Президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі ең бастысы болып қалады.
— Қазақстан президентті республика ретінде табысты дамитындығына сенімдімін. Мұның үстіне халықаралық тәжірибе мұндай таңдаудың пайдасын сенімді түрде дәлелдеп отыр. Мен ұсынған мемлекеттік биліктегі реформалар, оның ішінде бірпалаталы парламентке — Құрылтайға өту, Халық кеңесін құру, вице-президент лауазымын енгізу еліміздің дамуына тың серпін беріп, оның әлеуетін күшейтетіндігіне сенімдімін, — деді Мемлекет басшысы.
https://kaz.inform.kz/news/memlekettk-kenessh-lauazimi-zhoyiladi-a33a4f/


