Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет. Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс. Қазір «құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді» – деп алаяқтыққа қатысты құқық қорғау органдарына кешенді әрі нақты шараларды әзірлеуді тапсырған. Неге десеңіз, елімізде алаяқтық тыйылмай тұр. Сандық технологияның тілін меңгерген әккілердің құрығы ұзарып, алдап-арбау әдіс-тәсілдері күн санап мың құбылуда.
Алаяқтық өзіміздің Индер ауданында да өршіп тұр. Көп жағдайда орын алатыны – интернет алаяқтығы. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр.
Аудандық полиция бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың он айында 24 дерек тіркеліп, өткен жылға қарағанда (2023 жылы 10 айда - 15) 60 пайызға өскен. Бірі өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, бірі телефон шалған белгісіз адамға жеке мәліметтерін айтып, ең көбі 3 млн теңгеден астам онлайн-несие рәсімдеп, интернет-алаяқтықтың құрбаны болған. Тіпті кейбірі әлеуметтік желідегі алып сату жарнамаларына алданып, өзіне ірі көлемде шығын келтірілген. Сонымен қатар, брокерлік компанияларға ақша салып, екі еселеп қайтарып аламын дегендердің де айы оңынан тумапты. Аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, аға лейтенант Алтынбек Рақымғалиевтің айтуынша, көбінесе орта жастағы адамдар алаяқтардың арбауына түседі екен.
– Аудандық полиция бөлімі тұрғындарға әркез аталған қылмыстарды болдырмау, алдын алу мақсатында жеке дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақыру туралы жадынамалар таратып, аудандық желі сайттарын да ескерту хабарламаларын жариялап келеміз. Әлеуметтік желіге компьютер арқылы кіргенде сақ болу қажет. Десе де, алаяқтық дерегі азаймай тұр. Әсіресе, алданғандар қатарында жоғары білімді мұғалімдердің болуы тіптен қызық. «Телеграм» канал арқылы келетін жарнаманың да жетегінде кететіндер көп.Ескерте кетер жайт, ешқандай банк сіздің шотыңызда жүзеге асырылайын деп жатқан операциялар бойынша қоңырау шалмайды және құпия сөзді сұрамайды. Алаяқтықтың құрбаны болса алдымен мекен жайыңыз бойынша полиция бөліміне келіп арыз жазылады. Одан соң іс тергеліп, сотта қаралған соң Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190 бабы аясында қылмыстық жауапкершілікке тартылады, - дейді полиция өкілі.
Сондай-ақ, сала қызметкері белгісіз біреулер хабарласып, қандай да бір банктің атын атап, банк карточкасы жайлы ақпарат немесе басқа да жеке мәліметтерді сұраса, ең алдымен сол банктің сенім телефондарына қоңырау шалып, ақпараттың рас-өтірігін анықтап алу қажеттігін де баса айтты. Интернет алаяқтықтан сақтандыратын түсіндірме жұмыстарын көбейтуге халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі де итермелеп отырған секілді.
Жадыра НАРИМАНОВА