Болашақ қамын ойласақ…

Адамзат баласы электр энергиясын тұтына бастаған уақыттан бері оны пайдалану ауқымы еселене өсіп келеді. Өнеркәсіп пен өндірісте, халық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығында, тұрмыста оны үзбей пайдалану, сөз жоқ, күндердің күнінде энергетикалық ресурстардың сарқылуына әкеп соғатыны анық. Сондықтан еліміз аумағында атом электр станция­сын салу жобасы экономикалық тұрғыдан алғанда қажеттіліктен туып отыр деп санаймын.

- Жаһандық энергия тапшылығының өсуін ескере отырып, біз сенімді және экологиялық таза энергия көздеріне аса мұқтажбыз. Сондықтан, менің ойымша, атом энергетикасының дамуына ба­рынша назар аудару қажет. Генерацияның бұл түрі біздің экономикамыздың қарқынды да­мып келе жатқан қажеттіліктерін едәуір қанағаттандыра алады. Қазіргі уақытта дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр станциялары жұмыс істейді. Біз еліміздің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделері мен ерекшеліктерін ескере отырып, болашақ туралы ойлауымыз ке­рек. Сондықтан мен әрқашан атом электр станциясын салу мәселесі бойынша ойластырылған шешім қабылдау, қоғамда стратегиялық сипаттағы жоспарларды кеңінен талқылау қажет деп білемін, - де­ген болатын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Сол секілді, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев та: «Атом энергети­касын дамыту және атом электр станцияларын салу стратегиялық маңызға ие. Өйткені уақыт өткен сайын елде электр энергиясына деген сұраныс арта түсетіні түсінікті. Бұл ретте тұрақты энер­гия көздері болмаса айтарлықтай проблемаларға тап болуымыз мүмкін екенін ескеруіміз ке­рек. Жалпы электр энергиясын тұтынудың артуы – әлемдік үрдіске айналып отыр. Сондықтан аталған қуаттың жетіспеушілігі айқын байқалуда. Осы орайда электр энергиясы көздерін әртараптандырудың маңызы зор», – деген болатын.

Бұл ұсыныстар, сөз жоқ , қолдауды қажет етеді. Өйткені электр энергиясынсыз бірде-бір саланың жұмысы жүрмейтіні хақ.

Дүниежүзіндегі ең алғашқы атом электр станциясы 1954 жылы Обнинск (КСРО) қаласында салынған екен. Оның қуаты 5 Мвт болған. Кейін Колдерохоллда (Англия), Шиппингпортта (Аме­рика) атом электр станциялары жұмыс істей бастапты. Америкада тұтынуға қажетті барлық электр энергиясының 23 пайызын, Фран­цияда 75 пайызын, Жапонияда 48 пайызын атом электр станция­лары береді екен. Кейбір елдерде жедел нейтронмен жұмыс істейтін тиімді реакторлар іске қосылған. Оның ең алғашқыларының бірі Қазақстанда салынған. Ол Ақтау қаласын тұщы сумен, электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр.

Әлемнің жетекші елдерінің бірі Францияның атом электр стан­циялары арқылы электр энерги­ясын өндірудегі тәжірибесі және Түркияның осындай станциялар арқылы энергия өндіру ниеті басқа елдерді де атом электр станцияла­рына иелік етуге итермелейді. Қазақстан да бұл мәселеге бейжай қарамай, атом электр станциясын салу мүмкіндігін бұрыннан қарастырып келеді. 1997 жылдан бастап оны салу қажеттілігі туралы түрлі ойлар айтылып, ескі Маңғыстау атом электр станциясының орнына жаңасын салу мәселесі бірнеше рет көтерілді. Әрине, бұл ретте жұртшылықты алаңдататын жайт экология мәселесі ғой. Деген­мен, мамандардың айтуынша, атом электр станцияларының қоршаған ортаға келтірген за­лалы өте төмен көрінеді. Қазіргі уақытта оның негізгі бәсекелесі жылу электр станциясы десек, қуаты 1,000 МВт болатын газбен қуатталатын жылу электр стан­циясында жылына 13,000 тоннаға дейін және көмірмен қуатталатын жылу электр станциясында жы­лына 165,000 тоннаға дейін күкірт газы, азот оксиді, көміртек оксиді, көмірсутектер, альдегид­тер және күл сияқты зиянды зат­тар бөлінеді. Атом электр станци­ясында ауаға бөлінетін мұндай зи­янды заттар мүлдем жоқ. Демек, жылу электр станцияларының қоршаған ортаға зияны атом электр станцияларына қарағанда әлдеқайда көп. Сонымен қатар, кейбір атом электр станциялары қаланы ыстық су және жылумен қамтамасыз ету арқылы артылып қалған жылу шығынын тиімді бағытта қолдануға мүмкіндік береді.

Мамандар осындай көңіл тыншытар мәліметтер беріп отыр. Сондықтан, 6 қазанда референдумға қатысып, атом электр станциясын салу жоба­сына қолдау білдірейік дегім келеді.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ,

Қазақстан

Журналистер одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT