Балам, мен күніне 10.000 теңге төлейін, күні-түні қасымызда бола аласың ба?

Жұмыста қағазға көміліп жатсам да, Мира әпкемен тығыз байланыстамын.

Әзірге күндізгі ауысымда ахуал тұрақты екенін, өлім тіркелмегендігін, жаңа ғана облыс басшылары аяқтай келіп, еріктілердің жағдайымен танысып кеткенін жеткізді. 1-2 жақсы жаңалығы бар. Атырауға әкімдіктің көмегімен дәрі-дәрмектер жеткізіліпті, ертеңнен бастап таратуды бастайды. Көрші елден дәрігерлер келуде. Қолдан келген амалдар жасалынып жатыр екен. Мақұл!

Жұмыс аяқталған соң, ерікті оғландарыма оралдым. Түнгі ауысымға Жәнібек пен Асқар деген еріктілер келіпті. Шыңдалып қалған. "Грязная зонаға" зыр жүгіре баллон тасып, қысқа уақыттың ішінде науқасқа жедел жасалуы тиіс іс-әрекеттерімізді үйреніп алыпты. Олар ауысымға кірісем дегенше, кешкі обходымды бастадым. Науқастардың барлығының жүзі таныс. Бізді әбден (онсызда санаулымыз ғой) танып алған. Тіпті, ақ комбинизонның ішінде көзілдірік тағып, маскамен тұмшаланып жүрсек те атымызды атап жатады. Көңіл-күйлері жақсы.

Тіпті бір апамыз: "мына кемпірдің асты-үстіне түсіп, елпілдеп әңгіме айтып жатасыңдар да, маған тіптен көңіл бөлмейсіңдер" деп бұрқылдай бастағаны бар. Палатадағылар боп бір күліп алдық. "...Барлықтарыңыз біз үшін бірдейсіздер, сіз қазақсыз, сіз орыссыз, сіз жассыз, сіз кәрісіз деп алалау біздің тіпті ойымызға да кіріп шықпапты. 5 теңге беріп ән айтқыза алмап ем, 5000 беріп қойғыза алмадық қой тіпті демекші, өзіңіз тілеп алдыңыз, енді бізден құтыла алмай жатпаңыз, ал" деп назды көңілін бір көтеріп қоямыз. Соңғы кездері емделіп жатқан аға-апаларымыз еріктілерге еркелікті бір кісідей салып жүрген жағдайы бар. Бүгін бір палатаға кірсем 2 баллонның қожасы боп жатқан бір апам: "Если что тағы бір баллонды әкеліп қоймайсыңдар ма?" дегені бар, палатадағылар болып тағы бір күліп алдық..))

Әттең, олардың көтеру үшін күліп жатқанымызбен, ішімізден алай-дүлей боп жатқанымызды қайдан білсін. Керек десе бас-басына бес-бестен қойып қояр едік қой. Өкінішке орай оған мүмкіндік болар емес. Бір қызығы кислородқа толып тұрған баллонды "грязная зона" ішінде әрлі-берлі тасыған кезде ауырлығын сезбейді екенбіз де, ал, ішіндегісі таусылып жеңілдеген баллондарды кері лифттің алдына дейін апарғанша зорығып кетеміз. Неге керісінше бәрі?! Сөйтсек қазір толық баллонды апарсақ, науқастың көңілі көтерілетінін біліп, қуантуға асығамыз деп темір емес телпек ұстағандай жүгіре жөнеледі екенбіз ғой.

Тез бітіп қалса жабырқайтындарын біліп, баллондарды ұйықтап жатқан кездерін пайдаланып алып кетеміз. Ең шеткі палатада кемпірі шалымен жатыр. Үнемі кірген кезде байқаймын, видеозвонок қосулы тұрады. Қызы болу керек. "Тағы не керек, не салып жіберейін" деп өбектеп жатқаны. Сол сәт таусылған баллонды алып, толығын ауыстырып жатсам, ақырын ғана: "...балам, мен күніне 10.000 теңге төлейін, күні-түні қасымызда бола аласың ба?" демесі бар ма?! Егер сол науқас ауруханадағы ең соңғы емделушілер болса бес тиынысыз-ақ жанында жатар ек қой. Өкінішке орай бұлар жалғыз емес және дем жетпей ентігіп түсушілер қатары көбеймесе азаймай тұр. Олар көбейген сайын баллонның аздығы көңілге кірбің ұялатады. Мен сол кезде бір ғана нәрсені түсіндім. Мұндағы еріктілерге мотивация сыйлағыларыңыз келсе, бізді кісі бойындай серейген-серейген қара баллондарға кислород құйғызып әкеліңіздерші. Басына қондыратын (шланганы мұрнына жалғау үшін) редуктор сыйлаңыздар (еріктілер өз қалталарынан базардан 5000 теңгеге сатып алып жүрді, кейін 2-3 есе бағаға қымбаттап кетті дейді). Кейбір палатаға кіргенде бір орын бос жатса жүрегіміз зу ете түседі. Бірден бұл жердегі науқастың қайда екенін сұраймыз. Ол жазылып, бүгін шығып кетті десе іштей Аллаға шүкіршілік етіп, қуанып қаламыз. Қайтыс болды десе бұл аты өшкір індет әлі қанша адамның түбіне жетер екен деп қамығып қаламыз.

Бірақ бұл жерде әр аттаған сайын сезімге бой алдырып тұруыңа болмайды. Бір медбикенің айтқаны бар, анау қайтыс болды ғой, мынау жүріп кетіпті ғой деп өзіңді мүжи берме, мен де осы жерге алғаш келген бойда бір науқастың көзімше өліп кеткенін көріп 7 күн бойы қызуым түспей, ауырып қалғаным бар деп. Ақырғы сапарына кәлимасын айтып үлгеріп кеткен әжейдің соңғы демі таусылған уақытта өз-өзіме: "Кім, болды қоя ғой, өйтіп шіли образға кіре берме. Сен хирургсың. Бұл науқас. Дерті асқынған. Ажалы келді. Қазір сен жылайды деп оның жанын қалдырып кетпейтіні анық. Бұл сенің ота үстеліңнің үстінде өлген 11-ші пациентің. Оған сенің етің де өліп кеткен. Доғар енді мұрын боғың ағып жылауыңды" дедім.

Мүмкін психология мамандығы бойынша стажировкадан өткісі келетін жастарды осы жерде бір жеті ұстау керек шығар. Десе де қан мен өлімді көп көру -жүректің қатаюына, ал, жүректің қатаюы өз кезегінде бейқамдыққа әкеледі дейді. Ал, Алладан ең алысы - ол қатігез жүрегі бар адам. Жүрегімізді сақтайықшы!...

 

Егер де қаржылай көмек қолын созамын деушілер болса, Гульназ Космурзиева ның каспий голдына жіберсеңіздер болады. Ол жиналған қаржыға керек-жарақтармен қамтамасыз етеді, тамақтар, дәрілер, қорғаныш құралдарын, т.б керекті нәрселерді алып, таратады. Каспий голд 8 778 510 51 30

 

Атыраулық ерікті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521