Бұқарлықтар неге қобалжулы

Бұқар – аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықта шалғай жатқан шағын ауыл.

Заманында Жарсуат округіндегі «Жамбыл» кеңшарының фермасы болған ауылда бүгінде 12 үй 53 тұрғын бар. Электр жарығы мен табиғи газ, телефон сынды инфрақұрылым мен ауыз су желісі он екі шақырым жердегі Қарабау ауылынан тартылыпты. Осы орайда айта кетейік, ұзақ жыл Жарсуат ауылдық округіне бағынышты Бұқар ауылы енді, облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының шешімімен Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылына өтетін болады.

Тұрғындармен кездесуде округ әкімі Әлифолла Хабиболлаұлы жиын мақсатын түсіндірген соң, Елбасының халыққа арнаған Жолдауы мен арнайы мақаласын, оның жүзеге асыру барысын округ бойынша атқарылған игі істерге шолу жасаса, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Есқабылұлы ауданның даму бағытын баяндады.

Жиында Роза Досмағамбетова екінші топтағы мүгедек ұлының бірінші топқа ауысқаны мен тұрғын үйдің берілмей келетіндігін жеткізсе, Қуаныш Дүйсенғалиев қарттар жағы баяғыша Индер ауданына қала беруді қалайтындығын жасырмады. Сол секілді тұрғындар да бас ауырып, балтыры сыздағанда жедел жәрдемнің қажеттілігін де көтерді. Өкінішке орай, бұл жердегі медициналық пункт ғимаратының жағдайы апатты деп танылған екен.

Жиын барысында округ әкімі Ә.Балахметов өткен жылы Бұқар мен Кетебай ауылындағы медициналық пункті халық санының жетпеуінен жауып тастағаны мен бүгінгі таңда бұл жерлерге арнайы дәрігер маманды ұстауға штаттың бөлініп жатқандығын қаперлеріне берді. Аудан әкімінің орынбасары Қ.Нұрлыбаев егерде Бұқар елді мекені Қарабау ауылына қосылған жағдайда арнайы штаттың бөлінуіне жұмыстанатындығын айтты. Ал әзірге оларға ауыл тұрғыны, фельдшер Темірбек Абатов қызмет көрсетеді.

Дегенменде бұқарлық ағайындардың көкейінде әлі алаңдаушылықтың мұңы сезіледі. Жиын барысында жергілікті халыққа ауыл әкімі округ тарапынан көмектің болатынын, байланыс еш үзілмейтіндігін айтты.

Ауыл ақсақалы Сүндет Жалғасов ағаның Жарсуат ауылынан Бұқар ауылына әке-шешесімен көшіп келгеніне де біраз жылдың жүзі болыпты.

-  Бұл өңір әрине мал бағуға қолайлы. Биыл қар жылдағыдан жақсы жауды. Қолға қарап тұрған азын-аулақ мал болмаса, көбі жайылыста. Олардың бәрі Мұздыбұлақтың суын тәуір көреді. Барлық жағдайды елмен бірге көреміз,- дейді сөзге тартқанымызда.

Д.АЙБАР.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521