АРҒЫМАҚ МІНГЕН МАДИЯР

Қазақ ежелден жылқы малын қадірлеген. "Мінсе көлік, жесе тағам" деген халқымыз әрқашан "ат – ер қанаты" деген тәмсілді жадында сақтаған. Соңғы уақытта ұялы телефон мен планшеттен көз ала алмай қалған ұрпағымыздың арасында, атты жанына серік етіп жүрген жастарымыз бар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де жылқыға жаны құмар, бала кезінен ат құлағында ойнап, асау үйретіп жүрген Мадияр Бакетов.
Мадияр 2008 жылы Индер ауданында Индербор кентінде дүниеге келген. Ол тумысынан жылқы малына ерекше қызығушылық танытқан. Бала кезінен спортқа жақын, түрлі аң бейнеленген ойыншықтар мен кітаптарды қарап, танып өскен ол 10 жасынан бастап атқа деген ерекше ұмтылысыын ата-анасы байқай бастаған. Алайда, алғашында тек балалық қызығушылығы болар деп ойлағанымен, өсе келе ат спортына бейімділігін таныған. Осылайша, бір кездегі кішкентай Мадияр қазір аттың құлағында ойнайтын, тіпті ішкен асын тастай салатын бозбалаға айналған.
– Мені алғаш жылқы малына деген қызығушылығымды арттырған – анам. Бала кезімде анаммен бірге оның жұмысына барып, түрлі кітаптардан аң-құстардың, жануарлардың суретін танып, біліп өстім. Білмегенімді үйдегі әкемнен келіп сұрайтынмын. Одан кейін өзім бапкерім ретінде санайтын Сәулет Шапенов ағайым мен тетелес досым Бекзат Қасанов бар. Ол кісілер қалай атқа мінуді, қалай отыруды, бәйгеге шапқанда нені ескеру керектігін түгелдей үйретті. Жалпы осындай елгезек ағаларым барына қуанамын.
Бәйгеге шабу оңай емес. Атпен дос бола білу керек. Бірге дайындалып, бір-бірімізге үйреніп, астымдағы атқа сенім қажет. Бәйгеге шапқанда жануар болса да ат та өзінің жарыс алдында тұрғанын сезеді. Атты еркелетіп, баптаса ол да адам жанын түсіне біледі,- дейді Мадияр Бакетов.  
Әрине, атқа қызығатын балалар көп. Десек те аттың түсін танып, жүйрікті айыра білетіні кемде-кем. Мадияр ауыл арасындағы талай бәйгеде оза шауып, жүйрік баптаудың қыр-сырын меңгеріп алған.
Әкесі Самиғолла Піштібайдың айтуынша кішкентай Мадияр тек атқа қызығып қана қоймай, жанына ертіп жүргенде аттың тортөбелі мен бес қасқасын, айғасқа мен құла жирен болып келетін түр-сипатына ерекше мән берген.
– Есбол ауылында Нұрлыбек есімді досым шаруа қожалық ашқан болатын. Бізде өз тарапымыздан көмектесіп, кейде мал қосатынбыз. Анда-санда кішкентай ұлымды ертіп баратынмын. Сол кезде үйір-үйір жылқыны көргенде, «Әке менде жылқыға мінгім келеді» деп және «бесқасқаайғырды қара, торы төбел ат» келе жатыр дегенде, өзім таң қалатын едім. Менің көзіме қара, қоңыр болып көрінетін жануарды кішкентай бала түс-сипатын біліп тұр деп таңғалатынбыз. Оны байқаған досым қырдың өзінен атқа мінетін бала таба алмайсың, Мадиярдың атқа деген қызығушылығы ерекше деп айтқаны әлі күнге есімде, - деді әкесі.
Қазір шабандоз Мадияр асауға құрық тастап, ноқта салуды да үйренген.
– Басында жуас аттарға міндім. Әуелі, үлкен адамдардың алдына отырып, келе-келе ердің басынан ұстап, жетекте жүрген атқа отырғаныма мәз болдым. Үйренген соң ғана асау аттарға да міне бастадым. Алғашында жақын жердегі малды қайырып келу секілді қызметтерді атқарып жүретінмін, ал қазір жүйрікке міне сала бір-екі шақырым шауып келу үйреншікті дүниеге айналды, - дейді кейіпкеріміз.
«Ата-бабамыз алты күн аттан түспей, күн астына жортқан екен» деп кеуде соғып мақтанамыз. Алайда қазір ауылдарда атқа шабатын бала шынымен де азайды. Әрине, іздесек түрлі себеп табуымызға болады. Бір-бір үйдің көзі мен қарасындай болып отырған балаларының аттан құлап жарақат алып қалады деп уайымдауы да мүмкін... Бұл біз үшін әзірге жұмбақ.
Мадиярдың анасы да бұл туралы ойын жасырмады. «Жылқыға әуестік қанымызда бар. Өзім жас кезімде жылқы малын ұнататынмын. Онымен қоса аттың үстінде ойнап өсу қазақтың әр баласына тән қасиет болуы тиіс. Әрі спортқа, әрі денсаулығына өте пайдалы. Бұрын ата-бабаларымыз аттың үстінде өмір сүргенде, қазіргідей ауруда болмаған. Яғни, аттың пайдасы көп. Алғаш асау үйреткенде аздап жарақат алды, балаң болғасын, тезірек емдеп, келесі бәйгесіне дейін сауығып кеткенін қалайсың, Алайда өзінің ұмтылысы арқылы барлығын жеңді. Қазіргі уақытта қаладағы ат спорты федерациясы шақырып  жатыр деген анасы Гүлзина Азанова ең бастысы ұлының өз қалауы бар саналы ұрпақ болып өсіп келе жатқандығына қуанады.
Мадияр Бакетов тек атқа шауып қана қоймай, спортқа да бейім. Қазіргі таңда аудандағы Индер балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығып, боз кілемде қарсыластарынан оза шауып жүр. Жаттықтырушылары Нариман Нұрашев, Әділбек Құтқожин, Майдан Батанов, Азат Шайханов, Шерхан Нұғмашевтің тәрбиесін алып, біліктілігін арттыруда. Бұл бағытта да түрлі спорт бәйгелерінде жеңіс туын желбіретіп қайтқан. Біз байланысқан кезде кезекті жарысына дайындалып жатқандығын білдік.
«Ат шаппайды бап шабады. Бап шаппайды бақ шабады» деп өскен қазақпыз.  Ендеше, Мадиярдай жүйріктеріміз сөреден мәреге желдей есіп, ұлттық спортымызға қызығушылық білдіретін жастарымыздың саны арта берсін демекпіз.

 

Жадыра НАРИМАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521