Апиын егіп күнелтетін еді

Ауғанстан елінде Отан алдындағы борышын өтеген жерлестеріміздің бірі Нұрғуатов Жангерей Қайырқұлұлы. Ол 1966 жылы 28-ші қыркүйекте Индербор кентінде дүниеге келген. 1983 жылы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті бітірген соң Ресейдің Челябы облысы Миас қаласындағы геологиялық барлау техникумына оқуға  түсіп білім алады. Бірінші курстан кейін әскерге алынады. Қазіргі Жетісу облысындағы Үшаралда Қытаймен шекарада қызмет атқарады. Көп кешікпей шекара бөлімдерінен Ауғанстан еліне  жауынгерлер алына бастайды. Жангерейдің де жолы соғыс өрті шарпыған  Ауғанстан еліне  түседі. Соғыстан тыншымаған  елдің Пайзабад қаласының маңындағы Тергиран атты шағын әскери гарнизонға орналасып, маңайындағы қышлақтарды және жолай өтетін керуен жолдарын бақылауда ұстайды. Көп ұлтты елдің  солтүстік аймағындағы қышлақтарда  дені тәжік ұлтының өкілдері  қоныстаныпты.

-Қышлақтардағы жігіттердің жасын да, кәрісін де айырып білу қиын. Бәрі де қауға сақалды, әйелдері де солай паранжамен жүреді. Әйелдері ешуақытта ерлерінің алдына түспейді. Соңдарынан ғана еріп жүргенін көресің. Біз постыда тұрғанда балалары «сарбоз бақчиши» (сарбаз ауыстырайық), немесе «шураби бақчиши» (советтік ауыстырайық) деп қолдарына әртүрлі әшекейлер, ойыншықтар, «открыткалар» алып келеді. Бізден тамақ сұрайды. Біз кейде ескерткіш болсын деп ауыстырып аламыз. Балаларды аяйсың, аш жүреді. Үстеріндегі киімдерінің де жөні түзуі жоқ, тозған, жыртылған, алба-жұлба киімдерімен жүргендері. Әсіресе, салқын күндері қиын... Олардың қышлақтағы үйлеріне  де жолым түскен. Тастан салған бәкене үй, ішке кіргенде ыстың исі деміңді қариды. Шағын бөлмелері көп болғанымен өте жұпыны тұрады. Бөлме ортасында от жағады. Жерге төсеген жарым-жартылай алашалардан басқа ешқандай мүлікті көрмейсің.

Тұрғындары көбіне бақшасына апиын егіп, пайдаланады, содан нәпақа табады. Оны таудан аққан өзеннің суымен суарады. Мал атаулыдан қой-ешкі,  есек ұстайды. Ең көп қойы барының өзі оннан аспайтын болар. Ал есек бәрінде дерлік бар. Таулы-тасты жерге қолайлы  бұл жануарды олар өте қадір тұтады. Бірінде бір есек абайсызда минаға түсіп қалып, тұрғындардың біздерге біраз ренжігендері бар. Жылқы мініп жүргендерін ілуде біреуін көресің, -дейді Жангерей Қайырқұлұлы.

Бірінде түнде Жангерейлер қоныстанған әскери бөлімге шабуыл жасалады. Олар да қарап қалмай  дереу қимылдап автоматтан, БМП, БТР-лардан қарсы жаққа оқ атады. Дұшмандар кейін шегініп, ізін жасырып үлгереді. Тағы бірінде көрші қышлақтан дұшмандарға жол көрсеткен ұлты пуштун жігітін Кеңестік тыңшылар біліп қойып, жауынгерлермен бірге тұтқындаған екен.

-1986 жылдың желтоқсанында әскери борышымды аяқтап, Ауғанстаннан шыққанда да жолай бәрі тыныш болды. Алайда бізден кейін шыққан керуен дұшмандар тарапынан шабуылға тап болған екен. Араларында өлім-жітімдер кездескен. Біздер аман өткенімізге шүкіршілік еттік, - дейді ол.

Осылайша ашулы Ауған жерінде әскери борышын өтеген Ж.Нұрғуатов ІІ дәрежелі үздік шекарашы  белгісімен марапатталған. КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл, «Интернационалист-жауынгерге Ауғанстан халқының атынан алғыс», «Ұрыс әрекетерінің ардагері» және Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына мерекелік медалдармен марапатталған.

Ауылға оралған соң Челябы қаласындағы техникумын жалғастырып, аяқтайды. Бүгінде «Индерсу» мекемесінде су тазарту қондырғысында машинист қызмет атқаруда.

Отбасында жұбайы Сымбат М.Әуезов атындағы орта мектепте ағылшын тілі пәні мұғалімі болатын. Өкінішке орай  2017 жылы желтоқсанда өмірден озды. Ер жеткен ұлдары  Орынбасар мен Бауыржанмен бірге тұрады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521