Ел де, жер мен адам да өзгерсе де, байырғы хәлінен еш ажырамаған Бағырлайдағы ескі көпірден өтіп, ежелден малшылар төрт түлігін бойлата айдаса, кеңшар оларға пішен, отын тасыған төте "салық жолының" бір тармағын ала жиекке беттеп келеміз. бағытымыз - "теректі" мекені.
АҒАҒА ҚАРАП, ІНІ ӨСЕР
Ондағы мақсатымыз – ұзақ жылдар "Жыбырлақ" қыстағын жайлаған байырғы малшы Ислямғали мен Қапиза Амантурлиндердің құтты таяқтарын ұстап, шаруа бағып, кәсіпкерлікпен айналысатын ұрпақтарының тың бастамасына үн қосу, қолдау. Себебі, олар бүгінде қазақ баласын "Кел, балалар, оқылықтағы" саналылыққа шақырған данышпан Ыбырай Алтынсариннің "Өнер-білім бәрі де, оқуменен табылған" деп қазақ жұртына жар салған бастамасын терең ұғынып, сапалы адам болуға үндеген тұлға, "Қазақстанның еңбегі сіңірген мұғалімі", Еңбек Қызыл Ту орденді ұстаз Мұқанғазы Сиранов аруағына бас иіп, ол ұйымдастырған мектептің 100 жылдығына орай "Теректіге" ескерткіш-тақта орнату сынды игі істі атқарып отыр екен. Ал олардың үнемі табыс табу, мал-жан амандығы, шаруа қамы деп, соңынан жүгіре бермей, бір кезек руханиятқа бет бұрып, өз ағалары, тарих, шежіре, өлкетануға шынайы берілген журналист, облыстық мәслихаттың депутаты, аудандық "Дендер" газетінің бас редакторы Жанай Ислямғалиұлының қазақи көңілмен ортаға тастаған ойына түсіністік танытып, қолдау білдірулерінің өзі құптарлық десек те болады. Сондықтан да біздің жүрдек көлігімізге отырған әріптестер Мұқанғазы атаның ісін жалғаған немересі, "Қазақстан білім беру ісінің үздігі", Жарсуаттағы Махамбет атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің тәжірибелі мұғалімі Ғалия Ғазезқызы мен осы сала ардагері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Қымбат Хайроллақызы екеуі ерекше көңілді, әңгімелері де жарасқан.
«КЕҢШАРДЫ "ТЕРЕКТІ" АТАЙМЫЗ»
Осындайда еске түседі, сонау 90-ыншы жылдардың бас кезінде байырғы 1928 жылы қыркүйекте құрылған "Кедей шаруа" серіктестігінің негізін қалағандар ұрпақтарының бірі, соғыс және еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Үмбет Тасқарин ағамыз: - "Қазақстан Республикасының егеменді ел болып, нарықты экономикаға қадам жасауы көптеген істерге жаңаша қарауға үйретуде. Соның бірі шаруашылықтардың түрлі меншіктерге берілуінен көрінуде. Заман ағымына сай Амангелді атындағы совхоз да жуық арада ұжымдық шаруашылыққа айналмақшы. Осыған орай, біздің айтарымыз және көпшілік тұрғындардың тілегі-болашақ ұжымдық шаруашылық "Теректі" деп аталуы керек. Өйткені, оның сонау қайнар басы "Теректі" болды", - деп бастама тастап, онысы аудандық "Дендер" газетінде жарияланған болатын. Оқырмандарымыз бен жерлестердің біле жүргені абзал, Үмбет ағамыз бүгінгі мектепке де атақты ұстаз есімінің берілуіне айрықша үлесін қосып, бастамашы болған жан. Ағамыз: «М.Сиранов 1928 жылдың қыркүйегінде Гурьев Уезі, Орал губерниясының көшпелі №17 ауылының тұрғындарын жинап, алғашқы қоғамдық шаруашылық құрған. Мүшелікке он үш үй қабылданады да, оны "Кедей шаруа" деп атайды. Мұқанғазының өзі басқарманың төрағасы болып тағайындалады. Шаруашылықта аз ғана құрал-жабдықтар мен 10 бас жылқы, екі өгіз болады. Ал орталығы "Теректі" шағылы болып белгіленеді. Бұл негізі Иманалы ақсақалдың мекендеген қонысы екен. Иманалы терегі қазір де бар, өсіп тұр», - деп жазып қалдырған ("Абыздардың тұяғы - Асыл әке", Қ .Ү .Үмбетова , Г.Ү.Тасқарина,102 бет). Ағамыз бұл тақырыпқа бірнеше рет қайталай оралып та отырған.
ТӨБЕ БАСЫНДА ТӨБЕ БИ БАР
Сол өзі де, ісі де дуалы Үмбет атамыз кімнен кем еді! Индер жерінде болғанда 2-3 күн қасында жүрген қазақтың атақты ақыны Өтежан Нұрғалиевтің "Афина мектебі" кітабының алғы сөзінде: – "Қазақтың әр ауылында байлап қойған аттай төбе бар, төбе басында төбе би ақсақал бар. Қазаққа ақылды ызыңдаған жел айтпайды, ақсақал тебіренгенде аузынан төккен маржандай билік, лағылдай мақал, мәтел айтады. Әр ақсақалымыз бір-бір Сократ болса, әр заманымыз бір билік болса, біз неге жерден бас көтермейміз! Қазаққа философтар аспанынан жұлдыз теретін, оны ақын арқылы жазып беретін күн туды. Менің айтарым осы", – деп ой түйіндегенін оқып, басымызды иіп, бүгінгі бастама да сол ағаның асыл ойларымен үндесіп жатқанына қазақи дархан көңілмен шүкірлік етеміз.
НАДАНДЫҚ ТҮБІНДЕ СЕЛТ ЕТПЕСІН
Осы ретте қаламдасымыз, өлкетанушы, марқұм Аманғали Әміржанұлының "Ұлағатты ұстаздық ұстаным", "Атыраудың алғашқы ағарутшылары" кітабындағы мына бір пікірлерді келтіре кеткеніміз жөн сияқты: - ". . .Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы Ладыженскийдің пікірін ұсына кетелік: ол 1847 жылы Орынбордың әскери губернаторы генерал Обручевке былай деп жазған екен: " . . . о р д а ("Қазақтар" түсініңіз-А.Ә.) патша үкіметінің қамқорлығынан тысқары тұратындай, сөйтіп, даланы басқан надандық түнегінде селт етпей үнсіз жатып, алым-салық төлейтін мылқау, меңіреу күйінде қалатындай ету керек деген пікір басым болуға тиіс деген көзқарасты қолдаймын" (Орынбордың мемлекеттік тарихи мұрағаты, 6-қор 5 4 9 6 - і с . 1 8 4 7 ж . 2 8 3 - 2 8 5 - беттер. (Ә.Сембаевтың "Қазақ совет мектебінің тарихы". Ал, "Мектеп"", 1967, 396 бет, еңбегінен алынды). Міне, осындай кері түсінік, кедергілерге қарамастан қазақ жерінде ежелден мектеп ашу, үлкендер мен кішілерді дереу сауаттандыру мәселесі күн тәртібінен түспей, әлі күнге қанат жайып, бір байыз таппай келеді. Бұл халық алдындағы қасиетті әр кезде де көзі ашық, көңілі ояу, еліне адал қызмет ететін перзенттер ғана атқара білген. Сол жолда жанын қиса да, ары мен қызметін сатпаған. Тіпті патша өкіметі ұсынған билікке де көп қызықпаған.
"ҚАРАҢҒЫ ҚАЗАҚ ТӨРІНЕ...
" Сол қасиетті де қастерлі қызметтің қарқын алған тұсы ХІХ-ХХ ғасырлар болып келеді. Бұл меңіреу болып көрінген жалпақ даланың байлығын бауырға басса да адамына сырт қараған қоғамның өзі осындай өнер-білімге тартылысы түрлі қиындықтың керегесін қиратып, ілгері басып, әр кез жақсылыққа ұмтылған ғой. Оған дәлел, жоғарыда жазған А.Әміржанұлы келтірген мына мұсылман мектептері туралы деректерде: Нарын өңірінде (Бегайдар) Ахмет мешіті (иесі Ахмет ахун), Тұщықұдықта Құрманбек Нұрманов, Мұқыш қажы Мұңайтпасұлы мешіттері,Дендер өңірі (бұрынғы №3 ауыл) Бекмұқанбет медресесі (иесі Б. Сүлейменов), Дендер өңірі (бұрынғы №1 ауыл) Жиенғали, Қожахмет мешіттері, Көкмешіт иесі Әйіп қажы Бекенов, Дендер өңірі Тегісбай Әлімбаев мешіті, Дендер-Қызылжыра-Тоғайбай мешіттері деп келтірілген. Бұл мешіттер жерлестеріміздің дүниетанымын кеңейтіп, сауаттарын ашуда, олардың өмір сүру деңгейін жоғарылатуда, рухани-мәдени байлығын арттыруда елеулі үлестерін қосқанын жазған автор. Мұны бұлай келтіріп отырғанымыз, кейін уақыт өте келе осы мешіттер мен медреселер жанынан орыс-қазақ мектептері де көптеп ашыла бастаған. Оған мұғалімдер тағайындалып, сыныптары шәкірттерге тола бастаған. Соның бірі әлгінде айтылған Әйіп қажы болса, одан білім алған жаңалыққа ұмтылған лектен халық ағарушылары "Үмбет Бисалиев, Қабижан Абақанов (Кейін екеуі де Ленин орденімен марапатталған), Қалеш Қабдолқалықов, Ғабдолла Байбеков, Есет Мусалимов, Хамит Бекенов, Сайхан Жұмахметов, Мәселі Нысанғалиев, Мұқанғазы Сиранов діни және дүниеәуи білім алған",- деп жазылған ауданның энциклопедиясында (35 бет). Аудан энциклопедиясында: "1923-24 жылдары аудан жерінде І сатылы 11 қазақ мектебінде 11 мұғалім қызмет еткен" деп жазылған. Бұл оқу орындары қатарында "Мәмбет" (Шынтеміров Төлештің қыстауында), құм ішіндегі "Жұлдыз", "Қараой", "Қостан" "Сазды", "Майда", "Үлкен шағыл", "Қыстау шағыл" (кейде Құлжым мектебі деп те атайды), "Қарақұс", "Тума", "Қырғи", "Хозауыл" мектептері жұмыс жасағаны айтылады. ҚЫСТАҚТАРДАН
БАСТАЛҒАН ЖОЛ
Осы кітапта "1924 жылы Терек деген жердегі өзінің қыстауында мектеп ашып, бала оқытуға, елді осы іске жұмылдыруға өлкеге есімі белгілі ұстаз М.Сиранов үлкен үлес қосқан" деген де жолдар бар. Ол "1921-1928 жылдары Қаңбақты, Толыбай, Тума ауылдарындағы бастауыш мектептерде бала оқытып, ересектер арасындағы сауатсыздықты жоюға да белсене қатысқан" деген жолдарды да таптық ("Білім беру". Ғ.Габдуллина, Т.Биғазиев.38 бет). Әрине, Ү.Тасқарин ағамыздың жазуынша, бастауыш мектептер "Теректе", Шолақ шағылда", "Жанаманда" да жұмыс істеген. Оларда сабақ берген мұғалімдерді де атап, олардың ішінен Оралдан училище бітіріп келген Рахметолла Абдырахманов пен Серікбай Шынтасовтың майданнан оралмағанын айтады. Мұның бәрі бұдан 100 жылдай бұрынғы атқарылған оң істер болса, сол халыққа білім шырағын жаққан белгісіз болып қалған қасиетті орындарды іздеп тауып, ұрпаққа ұлағат етіп, құрмет көрсету бүгінгілер алдындағы парыз. Онымен қоса бүгінгі заманауи тілде айтқанда, бұл туризмді дамытуға да қосқан үлес болары анық. Әрине, бүгінгі көзбен қарап, "Жайлы мектеп" сынды барлық жағдайы қарастырылған әмбебап оқу орындарымен ол қыстақтарды салыстыруға еш келмес. Бірақ өмірдің кішкене тал бесіктен басталатыны сияқты дала жұртын білімдендіру, ізгілікке ұмтылдыру осындай қоңыр қыстақтарда, ағаш үйлерде, аласа там-сарайлардан бастау алғанына ешкім де дауласпас.
"ТЕРЕКТІ" ТӨРІНДЕГІ ЕСКЕРТКІШ
Сондай қасиетті орындардың бірі – Елтайдың қырлық бетінде 30 шақырымдай жердегі "Теректі" мекені. Осы күздің аспаны шайдай ашық күні салтанатты да ұлағатты өткенді еске алу шарасы жарасымды көңіл-күй астында өтті. Ескерткіш-тақтаның ашылуын ұжымын бастап келген М.Сиранов атындағы орта мектептің директоры Сәбит Ешмұханбетов жүргізіп, алдағы уақытта атап өтілетін 100 жылдық мерейтойға дайындық мәселелерін қысқаша баяндап берді. Ақ жамылғы жабылған ескерткішбелгінің алдына тартылған лентаны ауданның Құрметті азаматы Тасқали Темірболатов пен ата немересі Ғалия Мұқанғазина қиып, Елтай ауылдық округі әкімі Дулатбай Сариев пен аудандық білім беру бөлімінің өкілі Шәрбану Сабырова бастаған көпшілікке қарата игі тілектерін арнап, бастаманы қолдаған баршаға ақ алғыстарын жаудырды.
ҚОЙНАУЫ ҚҰТ ПЕН ТАРИХ
Құмдағы салтанатты шараға мұрындық болған игі бастаманың иесі редактор журналист Жанай Амантурлин алдымен осы маң тарихына қысқаша шолу жасады. Жас кезінде мал бағып отырған ата-анасына көмектесіп, дала баласына тән әдетпен келген қонақты аттан түсіріп, көлігін суытып, қолына су құйып, төрге бастап жүргенде Қарпаш қарт Аяпбергеновті де талай қарсы алып, әңгімесіне құлақ түргенін, оның осы "Жыбырлақ" құдығының шығыс беткейінде Мұқанғазы Сирановтың
қыстағы болғанын айтуымен, оның орнын іздеуге көшкеніне біраз жылдарын арнағанын баяндады. Онымен қоймай, өңір тарихына шолу жасап, Мәмбет шағылының Исатай мен
Жаңақала аудандарымен шектесетін тұста Себек-Беріштің Бозайының баласы Шорманға ұзатылған пір Бекет атаның туған қарындасы Мырзағұлқызы Ақмаңдайдың зираты жатқанын айтқанда, салтанатқа келген М.Сиранов атындағы орта мектептің бір топ мұғалімі мен қонақтар да "ой, пәлі" десіп, бір серпіліп қалды. Қойнауы құтқа толы бұл Нарынның топырағын түртіп қалсаң, бұрқ етіп тарихтың бір-бір парағы ашылатыны аян ғой. Сонау Өрлікте жатқан Досбол бидің асында Қараойдың "Досайынан" жіберілген бәйге аттарының маңдай тіреген зират тарихы да өзге түгілі өзіңді таңдандыратынын қызықты етіп әңгімеледі журналист.
«ҰСТАЗДЫҢ АҒАСЫНЫҢ ҮЙІНДЕ ЖАТЫП ОҚЫДЫМ»
Сәлден соң осы "Терек" мектебінде оқыған Ағибаш Қалбағаеваның естелігіне тоқталғанда біз де: "Мен төртінші сыныпқа дейін құмдағы төбелердің арасында "Мұқанғазы терегі" деп аталған саз балшықтан салынған жер үйде оқыдым. Ол кезде Мұқаңның ағасы Ғұбайдолланың үйінде жаттым. Қасымда құрдасым Иман Ғұбайдоллаұлы, Сағын Андашұлы, Аманғалидың қызы Тәбилашпен бірге оқыдым. "Мұқанғазы терегі" деген жерде оқығанымызда, атыраулық Шопанов Кенжеғали сабақ берді, одан кейін біздің ұстазымыз болуға Бисалиев Үмбет келді",-деп жазған мектеп түлегі Кетебай Темірешұлының естелігі де еске түсе кеткені.
ҚОҢЫР ТӨБЕЛЕР ТЫЛСЫМЫ
Көптен жиек бойына қадам баспаған көпшілік үшін бұл ұл ы д ал адағы өзгерістердің бастысын айыру да әсте қиын ғой. Бірақ, әр сәткі бір жұтым таза ауасына бәс жоқ, ал сап-сары қозы қарын құмды алқаптар бүгінде байсалды қоңыр төбелерге, қоңырқай жусанды беткейлерге өзгеріпті. Маң даладағы талайдың санасын оятып, болашағына жол сілтеп, ұрпағына үміт пен талап сыйлаған "Теректідегі" өткенге кішінің ізетін ұқтыратын бұл маңызды шараның дақпыртын далаға дереу жеткізейінші дегендей, әлсін-әлі ұйтқиды. Қыр табиғаты болса осылайша самал желді төсінде ойнатқан маңғаз кейіппен бағзы бір күзгі шуақтың да тілін тауып, өзара әзілдесіп тұрғандай.
С.БИСЕНОВ,
Елтай ауылы