Жұмысынан айрылғандар 42 000 теңге көмек алу үшін қандай құжаттар жинау керек?

Төтенше жағдайға байланысты кірісінен айырылған азаматтарға әлеуметтік көмек ретінде берілетін 42500 теңгеге өтінішті жұмыскерлер емес, жұмыс беруші өткізуі тиіс. Бұл туралы Мемлекеттік сақтандыру қорының Әлеуметпен байланыс департамент директоры Гүлбағда Қоңырбайқызы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«42500 теңгеге өтінішті орта және шағын бизнеспен айналысатын жұмыс берушілер өздері береді. Өтініште ТЖ байланысты кірісінен айырылған азаматтардың тізімі болады. 26 наурыз күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің №110 бұйрығына қол қойылды. Бұйрықта көмектің тағайындалуына байланысты қағидалар бар. Қағиданың екінші қосымшасында өтініштің нысаны бекітілген. Жеке дара кәсіпкер болса, сол өтінішке қолын қояды. Тізімнің де нысаны бар, тізімді толық толтыру жұмыс берушінің міндеті. Ол жерде жұмыс істейтін азаматтың ЖСН нөмірі, аты-жөні, телефон нөмірі және қай уақыттан бері кіріссіз отырғаны жайлы ақпарат толтырылады», - деді Гүлбағда Қоңырбайқызы.

Сондай-ақ, маман аталған төлемді жеке тұлғаларға қызмет етіп жүріп, жұмысынан уақытша айырылғандар да ала алатынын айтты. «Ел арасында жеке тұлғаларға қызмет еткен көлік жүргізушісі, бала күтушісі, үй жинаушы сынды азаматтар бар. Олар да өз жұмыстарын тоқтатып отыр. Осы азаматтар бірыңғай жиынтық төлемді үш айдан кем төлемеген болса, әлеуметтік көмекке құжаттарын өткізіп, 42500 теңге алу мүмкіндіктері бар»,- деді ол.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін табысынан айырылып қалған азаматтарға ай сайын 42 500 теңге төлеп тұруға тапсырма берген еді. Алдын ала есеп бойынша, бұл көмекке шамамен 1,5 млн қазақстандық ілінеді. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, өзге де аз қамтылған топ өкілдеріне ұдайы тегін азық-түлік жеткізіліп отырады.

Айжан Қалиева,

Нұр-Сұлтан.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521