ЖҰМЫСТА ШАРШАМАС ҮШІН...

Үйге жұмыстан келгенде күні бойы жүк көтергендей шаршап келесіз бе? Кеңсе жұмысы денеңізді неліктен соншалықты шаршатады? Жұмыста шаршамас үшін не істеу керек? 

  1-қадам: Ыңғайлы жиһаз таңдаңыз

Егер жұмысыңыз отырыңқы күйде өтсе, жұмыс күндерін барынша жайлы өткізуге тырысыңыз. Заманауи кеңсе крелолары мен орындықтарының отыратын жері кейін қарай еңкейіп келген. Яғни адам отқанда артқа креслоның арқасына қарай жылжып кетеді. Бұл біздің қимыл-тірек жүйемізге ыңғайсыз. Негізі орындықтың отыратын жері шамамен 4 градусқа алға қарай еңкейіп тұру керек. Сол кезде адам аздап алға қарай жылжығандықтан аяғымен тіреп отырады. Бұл адам аяғына аздап күш түсіріп, дененің барлық артқы бұлшықеттерін (табаннан мойынға дейін) іске қосады. Олар түзу дене мүсінін ұстап тұратын табиғи сүйенішті құрайды. Кеңсе жиһазының биіктігі әр адамның жеке тұлғалық ерекшеліктеріне қарай таңдалады. Орындық биіктігін реттеуде адамның тізесі шамалы бүгіліп тұруы керегін ескеріңіз. Ал үстел биіктігі дұрыс болуы үшін оған отқанда төменге қарай бүгілмеуіңіз керек немесе шынтағыңызды үстелге қойғанда иығыңыз жоғары көтерілмеуі тиіс. Табаныңыз жерге тегіс тиіп тұрмас үшін көлбеу таяныш алуға болады. Ескі мектеп парталары естеріңізде болса, балалар аяғын қоятын таяныш болатын: бала аяғы көлбеу таянышта тұрса, оның жазуы әдемі болады деп саналатын. Оның себебі аяқта мұндай таяныштың тұруы денені тік ұстауға көмектеседі және иықпен қатысты қозғалыстар жеңіл орындалады.

2-қадам. Компьютерді дұрыс орнатыңыз

Биіктігі реттелетін, өзіңізге сай келетін үстел мен орындық таңдап, бірақ ол үстелге компьютерді дұрыс қоймасаңыз, барлық күшіңіз бекерге кетеді. Компьютер алдында жұмыс істеу – кеңсе шаршауын шақыратын тағы бір фактор. Егер тышқанмен жұмыс істесеңіз, жұмыс жасап отқан қолыңыздың шынтағы үстелдің үстінде жатуы тиіс. Монитор биіктігіне мән беріңіз: экранға қарағанда басыңыз төменге еңкеймей, алға тіке қарауыңыз керек. Монитор көз деңгейінде тұруы қажет. Әйтпесе, мойын бұлшықеттері қиналып, бас миына және көзге қан құйылуын қиындатып жібереді.

3-қадам: Ыңғайлы қалыпта отырыңыз

Жұмыс орныңызды барлық ереже бойынша дұрыс ұйымдастырсаңыз, денеңіз өзі-ақ дұрыс қалыпты қабылдайды. Бірақ әзір өзіңізге жеке жиһаз таңдау мүмкіндігі болмаса, физиологиялық дұрыс отыруды үйрену қажет. Егер креслода отқанда артқа қарай шалқайып кете берсеңіз, арқаңызға жақсы сүйеніш керек: арқаңызға жұмсақ жастық қыстырып қойыңыз.

4-қадам: Үзіліс жасаңыз

Мектепті еске түсіріңіз. Сабақ 45 минутқа созылады. Жоғары оқу орнында да міндетті түрде үзіліс жариялайды. Бұл уақыт кездейсоқ таңдалмаған: 45 минут өткен соң адамның зейін қою қабілеті төмендей бастайды, ал онымен бірге сіздің өнімділігіңіз де түседі. Сондықтан әр 45 минут сайын 5-минуттық үзіліс жасау маңызды: орныңыздан тұру, жүру, созылу, жүріп қайту. Сол кезде омыртқа мен мойынның еркіндігі мен иілгіштігін сақтайсыз, ал бас миы көбірек қоректік заттар алады. Сондықтан жұмыс жасау тиімділігіңіз арта түседі. Кеңседе өзіңізді жақсы сезінудің маңызды ережесі – терезені ашып, әлсін-әлсін желдетіп алу. Егер жұмыс істеу кезінде ұйқыңыз келе бастаса, ол ауада көмірқышқыл газының артып кеткенін білдіреді. Сондықтан әр 45 минут сайын терезені ашып, өзіңіз 5-10 минут жүріп қайтыңыз.

Мат.Әлеуметтік желіден алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521