ЫҚШАМ АУДАН ПАЙДА БОЛАДЫ

Бүгінде қайнаған құрылыс алаңына айналған Индербор кентінде Тәуелсіздік жылдарында пайда болған ықшам аудандар қатары, бұйырса, тағы жаңа екеуімен толығады.

Оның бірі аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында Индербор кентінің Көктем шағын ауданының батыс бетінде пайда болмақшы. Онда алғашқы 48 пәтерлік тұрғын үйлердің іргетастары құйылып та қойылды. Аудандық құрылыс және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан Иманғазиевтің айтуынша, бұл маңдағы 35 га жер теліміне егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы дайындалып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (ИКИ) жүргізу үшін су, кәріз, электр, газ, жылу, жол құрылыстарына жобалау-сметалық құжаттары жасақталынып, құрылысын ағымдағы жылы бастау жоспарланып тұрған көрінеді.

-Бұл учаскеде қазіргі уақытта 48 пәтерлік 4 қабатты 4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 5 қабатты 80 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Бұдан басқа тағы да 80 пәтерлік-10, 40 пәтерлік-4 тұрғын үйдің, денешынықтыру кешені, балабақша, мектептің жобалары демеушілік арқылы дайындалуда,-дейді салалық бөлімнің басшысы. Бұл, әрине, тек құрылыс, тұрғын мәселесінің шешімін табуға жол ашуымен бірге қосымша жұмыс қолдарының да қатары өсе түсетінін көрсетеді. Өйткені, мектеп, ФОК, балабақша, тағы басқалары салына қалса, онда жұмыс істейтіндер де осы индерліктер болары сөзсіз. Ендеше игі іске тек сәттілік тілейік.

Ал бұл жаңа ықшам ауданының №11 учаске дегеннен гөрі, құлаққа жағымды, ел мен жердің тарихына қатысы бар атауының да болуын бүгіннен ойластырған артық болмайтын сияқты. Ал оған лайықты би, батырлар мен жырауларымыздың да аттары аз еместігі айқын.

С.ХАЛЫҚОВ

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521