ban2

Үлкенге құрмет – өмір заңы

Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітабын оқи отырып, пікірімді білдіруде жөн көрдім.

Ол өскелең ұрпаққа ұғынықты тілді педагогтар мен ата-аналарға тәрбие жұмысын қай бағытта жүргізу керектігіне жөн сілтейді. Қазақстандықтарға біздің қуатымыз бірлікте екенін, ұлы тұлғаларды мысал ете отырып, өскелең ұрпақты үлкенді сыйлауға үйрету керектігін анық жеткізді.

Президентіміз қариялардың, әкелер мен жас ұрпақтың өзара байланысындағы маңызды сауалдарға жауап бергендей. Бағзы заманнан ақсақалдардың елді бірлікке шақыруды маңызды рөл ойнағанын,  салт-дәстүрге беріктік, еңбекқорлық пен болашақты болжай білген данышпандықтары жауларға қалқан болғанын анық ұқтырады. Даналықтарымен олар жас буынды оң жолға салып отырған, бойларына адами құндылықтарды сіңірген.

Бұл ойлар шындығында  қазіргі таңда өте актуальды. Қариялардың, әкелер  мен аналардың кеңесі уақтылы айтылған ой деп есептеймін. Себебі аталған кеңестердің (ұйым)  мемлекетіміздің отансүйгіш азаматын өсіріп-тәрбиелеп шығуда ықпалы зор болмақ.

Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбар: «Әке балаларына өзінің үлгілі ісінен артық байлықты қалдыра алмайды» деген екен. Ал, орыс жазушысы Л.Толстой ұрпақты тәрбиелеу үшін әуелі өзіңді (ата-ана) тәрбиелеуің керектігін айтқан.

Орта Азия мен Қазақстанның о заманнан үлкенді құрметтеу дәстүрі қалыптасқан. Демек, ата-аналар мен мектептер баланы жастайынан әдеп нормаларына үйретіп өсіргені абзал іс болмақ.

43 жылғы еңбек тарихым жазылған, оның 18 жылын директорлық еткен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте педогогикалық ұжым үлкен болатын. Жоғары оқу орнын бітіріп жұмысқа алғаш келгенімде М.Әзербаев, Р.Жұмағалиева, Т.Мартыненко, Ғ.Ғабдуллина, Ж.Кенжекеев,  М.Қарасаев, М.Жұмагелдина, О.Әжігереева, М.Хыкало, В.Вельтер, Қ.Құрманова, т.т. сынды аға буын ұстаздар құшақтарын жая қарсы алған тәжірибесі толыққан, әдістемесі әлеуетті жандар еді.

Мен әсіресе Қарасаев Мәулет Тілекқабылұлымен жұмыстас болғанымды мақтан тұтамын. Ол-аңыз адам.  Ерекше еңбекқор жан болғандықтан оған арнайы тоқталып отырмын. Оның адамгершілік қасиеті ең алдымен ата-анасына деген құрметінен көрінуші еді. Мақтанышқа айналған Мәулет еңбекке араласысымен мектептің алғашқы әскерге дайындық сабағы алға жылжып кете барды. «Зарница» мен «Орленок» командаларын әскери ойындарға мықты дайындағаны соншалық, облыста бізге тең келер бірде-бір мектеп болмады. Әсіресе, оның командалары мергендіктен алдына жан салмайтын. Сымдай тартылып сапқа тұрған оқушыларына қарап ертең бұл балалардың әскерде еш қиындық көрмейтініне сенетінмін.

Қарасаевтың осындай қажырлы еңбегін ескеріп, ауданның «Құрметті азаматы»  атағын берсе деген ұсынысым бар. Еңбек ардагерлерінің қоғамдағы рөлі артқан заманда бұл мүмкін деп ойлаймын. Бұл баршамыздың оған соғылған құрмет ескерткішіміз болмақ.

Соңғы кездері аға буын өкілдері кейінгі буынға әдеп нормаларын бұзғандары үшін ренжулі. 21 ғасыр мүмкін еместі мүмкін етуге болатындығын көрсеткен ғасыр. Жастардың елімізде жан-жақты дамуына бар жағдай жасалған. Ендеше, жастардың адамгершілік құндылықтарды былай ысырып тастауына не себеп? Ойлана келе, бәлкім, нарықтағы бәсекелестік адамгершілік қағидаларына кері әсерін тигізуде деп ой түйдім. Баласын үлде мен бүлдеге ораған ата-аналар тәрбиеге көңіл бөлуді қойғандай. «Борыш. Ар-ұят. Қайырымдылық. Кеңпейілділік» сынды құндылықтар ешқашан ұмыт қалмауы тиіс қой.

Ата-аналар ата-аналарына құрмет көрсету арқылы баласына үлгі болады. Олар отбасы мен Отанға деген махаббаттың құдіреттілігін ұқтырса, бала да солай өседі. Өз елінің патриоты болуы – мақтаныш.

Біз, алдыңғы буын өкілдері Елбасы идеяларын әр кез қолдаймыз. Өйткені, дана қария – жастарға тірек. Ендеше, отбасынан басталатын Отан деген қасиетті ұғымды ұрпақ бойына сіңіруге бірге атсалысайық. Оның ішінде ардагерлер кеңесі, жастар ұйымдары, мектеп пен ата-ана бір жағадан бас шығаруға тиіс.

 

Б.ҚАРЕКЕШОВА,

білім саласының ардагері.

Жарнама

banner_small

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Бейнебаян жаңалығы

Жарнама

banner_small

baner