Курск соғысына-75 жыл

Сонау бір оты сөнген соғыстың тарихта ең елеулі бетбұрысты кезеңі болып енген Курс доғасындағы  шайқасқа бүгінде 75 жыл толып жатқандығын көрші ел дүбірлете атап өтіп, «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» деген ұранға айрықша мән мен сипат беруде.

Шын мәнінде бұл соғыс халықтар достығы жеңісінің шынайы көрінісі дегенге келіңкірейтіні анық. Сондықтан да екі жақтан да миллиондаған жауынгерлер мен мыңдаған қару, соның ішінде екінші Дүниежүзілік соғыстың ең қаһарлы күші танылған танкілердің ұрыс алаңына айналған Прохоровка шайқасының жарқын беттері бүгінде қайтадан парақталуда.

-1943 жылы 12 шілдеде сағат 8.30- да бастау алған алапат шайқасқа екі жақтан мыңнан астам түрлі маркалы танктер бір-біріне қарсы жүріп, оқпен жарып, болмаса өртеп, түйіп, қиратып, әйтеуір, сол күні қараңғы түскенше толас таппапты, - дейді сол бір Курск-Белгород доғасындағы қанды Жеңісті атап өтуге қатысып келген Атырау облысы Индер ауданы Есбол ауылының тұрғындары Сапаровтар әулетінің ұлдары мен немерелері.

Олар Есмұрат пен Бағдат  Шамұратұлдары, Инамат Бағдатұлы мен Абай Есмұратұлы, Астанадан Асхат Ишанғалиұлы, Әлішер Асхатұлы,Рахат Ерланұлы болып, сонау бір 1942 жылы соғысқа алынып, бұрынғы Курск, қазіргі Белгород облысы жеріндегі Томаровка қаласындағы «Бауырластар зиратындағы» мәңгілікке қалған аталары Сағынғали Сапаровтың басына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, мерекелік салтанатқа қатысып оралған еді.

-Бізді осыдан бір-екі ай бұрын Томаровка қаласы басшылығынан Курск доғасындағы шайқастың 75 жылдығына орай  өтетін шараларға азат етуге қатысқан жауынгердің ұрпағы ретінде шақырған болатын.

Бүгінде Тәуелсіз еліміз Қазақстанда тұрсақ та сонау соғыс жылдары, атап айтқанда 1942 жылы соғысқа алынып, қан майдан ортасында Сталинградтан бастап от пен оқты кешкен. Жылдың үстінде соғысып, Курскі доғасындағы ғаламат шайқаста Томаровка қаласын азат етуде қаза тапқан бауырымыздың есімін еске алып, ерлігіне бас июді жөн санап, әулетімізбен ақылдаса отырып, жолға шыққанбыз, - деген Бағдат Шамұратұлы бізге бар жайды әңгімелеп берген-ді.

Жерлесіміздің айтуынша, Есбол–Орал-Саратов-Воренеж-Белгород арасын алғашқыдан машинамен өндіріп жүріп өтіп, күн жарымда белгіленген Томаровка қаласына жетіпті. Онда қала басшылығы жылы ұшырай қарсы алып, ұйымдастырған демалыс үйінде тыныстап, 6 тамызда орталық алаңда өткен үлкен салтанатты шараға қатысады.

- Алдымен алаңда еске алуға арналған  «Ашық микрафон» жұмыс істеп, онда боздақтарға, ерлікке арналған ақындар өлеңдері оқылды. Одан соң салтанатты жиын өтіп, боздақтар ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. «Мы славим твой подвиг, солдат» атты тақырыппен Белгород мемлекеттік филармониясы концерт қойып, қонақтарға «Жауынгерлік каша» таратылды.

«Естелік Алауы» («Севеча памяти») акциясы ұйымдастырылып, қаза тапқандарға арналып дұға оқылып, кешкісін мерекелік от шашу, соңы көңілді ән-биге ұласты,-деген қазақстандық қонақ аталған шарада өзіне қала басшысы Л.М. Сабаевадан соң сөз берілгенін де айта кетті.

- Қазақ елінің атынан барша халықты Курск доғасындағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен және Томаровка қаласын азат етілген күнімен құттықтадым. Бұл соғысқа қазақ халқының мыңдаған ұл-қыздары да белсене қатысып, өшпес ерлік пен жанқиярлықтың сан үлгісін танытқанын мақтан етіп, олардың арасында өз ағам, мотоатқыштар полкіндегі миномет расчетінің командирі, аға сержант Сағынғали Сапаровтың да қасиетті қаны төгілгенін еске алып, рухына бас идім.

Туысқан халыққа өзімізбен ала елген еліміздің рәміздер үлгісі мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кітабын табыстап, ұлттық зерлі шапанды естелік ретінде музейге ұсынғанымда жанымда тұрған Анна Демидовнаның көзінен жас шығып кетті. Бұл біздің қалалық музейдің ең қымбат жәдігерлерінің бірі болады деп, ризашылығын жаудырды, - деп еске алады Бағдат Шамұратұлы.

Бұл елгезек жан өткен соғыстағы әскери қызметшінің қаршадай қызы болса да1941 жылы маусымда Шығыс шекарадан бастап, содан тылға жөнелтіліп, бірақ осы Томаровка жеріне келгенде соңына жеткен жаудың қол астында қалып, сан ауыртпалықты бастан кешеді.

Міне, содан қала жаудан азат етілген соң осы жерде тұрып, ерлік даңқ мұражайын жасақтап, оған талмай жәдігер жинаған патриот жанның көрмегені аз болмай шықты. Ал Жеңістің әрбір естелігі ол үшін әр кез ең қымбат жәдігерге айналған.

Ал жерлестеріміз Томаровка қаласындағы бауырластар зиратындағы 983 боздақтың арасынан №731-інші болып тұрған  Сағынғали Сапаровтың басына барып, гүл шоқтарын қойып, мұсылманшылық жолмен бет сипап, дұға етеді. Сондай-ақ туған жерден жырақтағы алып ескерткіштегі тізімге үңіліп,атақ-жөні қазақ баласына ұқсайтындарды іздестіруді де ұмытпайды.

- Мәселен, Абабаев Харип, Абдурахманов Абиджан, Абхазеев Лұқман, Авхадиев Лүкман, Ақбаров Байдак, Арбабаев Карип, Ахмедов Саак, Букеев Кадр, Гарифуллин Майзур Зайнулович, Джумбеков Тдян, Исмагилов Ислам, Кувиев Кулмаш, Кулдашев Мамасалье, Мумагиев Кахим, Муждабаев Кахим, Мусагиров Сергоза, Назмуддинов Габбас Назмуддинович, Нурмамбетов Юмсамбек,Сабиров Капан, Рамаллаев Ибрагим, Сардыбаев Дизимкуль, Саудигиров Бесимбай, Ташбаев Агил, Тумажаев Джумабай, Шайхиев Талғат, тағыда басқа көптеген боздақтарды бауырлары сарғая күтіп жүр ме кім білсін!-дейді алыс жолдан оралғандар, қолдарындағы сан тізімді көрсетіп.

Ал көршілеріміз қасиетін сонау Куликово, Бородино шайқастарымен теңестірген Прохоровка даласында бүгінде алып мемориалды ескерткіштер кешені сап түзеген. Халықтар достығының жемісіндей көрінетін ол жеңістің туын тіктеген қарапайым жауынгер мен қираған, өртенген алып танктер өткен соғыстың енді қайталанбауын үндегендей ызғар шашып тұр екен.

Иә, сол бір күндей күркіреп өте шықан сұрапыл да қасіретті соғыс оралмасын, ана мен бала жыламасыншы...

 

С.ХАЛЫҚОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521