ban2

БОЛГАРИЯНЫ БАҒЫНДЫРҒАН БҮЛДІРШІН

Талантымен талайды тамсандырып, өнерімен баршаны тәнті еткен «Айналайын» балабақшасының кішкентай бүлдіршіні Ақжүніс Асқар Болгария Республикасының Варна қаласында өткен «Золотая мечта» байқауына қатысып, бірінші орынды еншіледі.

Ақжүніс Есетқызы «Домбыраның күмбірі» мен «Милая мама» әндерін орындап, шетелдік сарапшыларды таңғалдырды. Айта кетейік, бұл байқауда кейіпкеріміз өзімен шамалас қарсыласы болмасада, ортаңғы топта өнер көрсетіп бірінші орынға орнықты. Таудай талабы мен таланты ұштасқан бүлдіршіннің өзге елде Қазақстанның, соның ішінде облыс пен аудан атын асқақтатуы үлкен мақтаныш. Қос әжесі мен өнерге баулып жүрген ұстазы Бейбіт Өтеповпен бірге шетел асқан Ақжүніс алдағы аптаның алғашқы күні елге оралады.

-Бұған дейін Алматыдан жүлделі оралып, Болгария Республикасына жолдама алған қуанышымызды «Дендер» газеті арқылы елмен бөліскен едік ғой. Содан міне көп ұзамай Болгарияға жолымыз түсті. Стамбулдан басталған саяхатымыз кейін Варна қаласында жалғасты. Бұл елдің таңғажайып табиғаты мен көз тартарлық дүниелері бізге жақсы әсер қалдырды. Сонымен, қызымыз 29 маусым күні галаконцертке қатысып, бір қазақша, бір орысша өлеңді орындап тыңдармандар көңілін тербетті. Содан бірер минут өткен соң сарапшылар келіп, өзінің жүріс-тұрысы мен әнге деген ынтасының жоғары екендігін байқап, Ақжүніске бірінші орынды берген сәтте, көзімізден қуаныштың жасы ағыла кетті. Тіпті, қасымыздағы сол қалада тұратын қарағандылық қазақтар концертке қатысып, шашбауымызды көтерді. Әрине, Қазақстанның Туын өзге елде көкке көтеру – біз үшін үлкен жеңіс,-дейді қос әжесі Нұржамал Сағынтайқызы мен Сағима Кенжеғалиқызы.

Жалпы, бұл байқауда Қазақстан бойынша Арыс қаласының бишілері мен екі қобызшы қатысса, Ақжүніс Атырау қаласынан бір өзі екен. Дарынымен ерекшеленіп, өзге елде ұлттық мәртебемізді көтеріп қайтқан кішкентай Ақжүністің жетістіктері алдымен Алланың сыйы болса, екіншіден, бұлақ көрсе көзін ашып, таланттарды шыңдауда жан аямай тер төгіп жүрген ұстазы Бейбіт Ғилманұлының еңбегі. Әлемді аузына қаратқан бүлдіршінге әлі талай биіктерден көріне бер демекпіз.

Диас АЙБАР

Жарнама

banner_small

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Бейнебаян жаңалығы

Жарнама

banner_small

baner