ban2

Бас имам мұқтаж отбасыға пәтер кілтін тапсырды

Жақында ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы Б.Мансұров Индер ауданына сапары аясында асыраушысынан айрылған мұқтаж отбасына пәтер кілтін табыс етті.

Ұлыстың ұлы күніне тұспа-тұс келген осынау көктемнің жайма-шуақ күнінде 2 бөлмелі жылы да жайлы пәтердің іші әп-сәтте ақ тілек пен жарқын күлкіге, қуанышты көңіл-күйге кенелді. Себебі Назгүл осы күнді ұзақ күткен болатын. 3 жыл бұрын шиеттей балапандарымен отағасынан айырылған ол: "Біз жалдамаған пәтер, аттамаған табалдырық болмады. Тіпті шектен тыс ылғал тартуына байланысты бір қызымның өкпесіне салқын тиіп, ота жасалды", - дейді көзіне жас алып.

Иә, біз сол сәт осыдан 3 ай бұрынғы ұнжырғасы түскен Назгүлді емес, керісінше келешекке деген үміті оянған, бұл қоғамда жүрегі ізгілік пен мейірімге толы жандардың аз емес екеніне көзі жеткіздік, еш алаңсыз бір-бірін қуалап, ойын қызығына батып жүрген бүлдіршіндерді көрдік. Назгүлдің ортаншы ұлы Азаматының алған марапат қағаздарын көріп, бұл шаңырақта күні ертең еліміздің дамуына аянбай үлесін қосатын болашақ қайраткерлердің өсіп келе жатқанын көріп, іштек қуандық. Лайым да солай болғай! Жалпы 2 ай бұрын "Әйіп қажы" мешітінің бастамасымен, "Иман жастары" еріктілер тобының ұйымдастыруымен басталған "Көпшілікпен баспана" акциясы аясында жерлестердің, атымтай жомарт жандардың арқасында бас-аяғы 3.000.000 теңге жиналып, сол қаражатқа кентіміздің орталығында орналасқан 70 пәтерлік үйдің өте ұқыпты сақталған 2 бөлмелі пәтері сатып алынған болатын.

Кетерімізде кішкентайлардың жүздерінен осы іске атсалысқан барша жандарға деген алғысқа, қуанышқа толы жүздерін көріп, жер бетіндегі барша сәби атаулы бақыттан жүзі бал-бұл жайнай беруді Алла нәсіп етсінші деген тілекпен сыртқа қарай беттедік. Күннің нұры кешегіден де жарық.

Р.ЖҰМАБАЙ.

Жарнама

banner_small

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Бейнебаян жаңалығы

Жарнама

banner_small

baner