ban2

Қатынды жолдас дейміз

Қазіргі жастар түгіл елуді еңсеріп, жасы алпыстан асқан ақсақалдар мен әжелеріміз де «Жолдасым» дегенді жиі айтады.

Шалым, кемпірім деп бір – біріне атауды күнделікті өмірден көріп, естіп жүрміз. Кейде қатыным дейді, бірақ, бұл сөз сирек қолданылады. Қатын атауына кейінірек тоқталармын.

Менің түсінігімде қазақта «жолдасым» тек қана дос, жолдас-жора мағынасын білдіреді. Қазақта: ерін – күйеуім, отағасы, әйелін – зайыбым, отанасы, қатыным деуші еді. Бүгінгі таңда ерлі-зайыптылардың бір-бірін «жолдасым» деп атауы әдетке айналған.

Теле–радиода бағдарлама жүргізуші журналистер де реті келгенде «жолдасым» деп айтудан жаңылмайды. Бұл «жолдасымды» кім, қашан ойлап тауып, айды аспанға шығарғанын білмеймін.

Кейде әзілдейтін адамыма: «Сенің отбасыңда әйелің бар, ұл-қызың, немерелерің бар, сонда әлі күнге дейін әйелің екеуің жолдас, достық қатынаста жүрсіңдер ме, әлде ана балалардың бәрі әйеліңе еріп келген бе?» десем үндемей, сасқалақтап қалады.

Біреулері бұл сөзіме тас-талқан болып ашу шақырады. Әлде «жолдасым» сөзінің мағынасын білмегендіктен, тіпті мән де бермеуі мүмкін. Еліміздегі өзге ұлттарда күйеуін – күйеу, әйелін – әйел деп атайды. Сол ұлттардың «Жолдасым» деген сөзін осы жасыма дейін естіп, көргенім жоқ.

Енді шал мен кемпірге келсек, осыдан 2-3 жыл шамасында Атырауға бардым. «Дина» базарынан «Жұмадағы жүздесу» газетін сатып алдым. Газетте ақтаулық журналист Жәнібек Қожық «Кемпір мен шал» мақаласын оқығанымда жұбайлық атаулардың мағынасына тоқталып, түсінік беріпті. Біраз нәрсеге қанық болдым. «Кемпір» деп күйеуі қайтыс болған егде жасқа келген әйелді атаған. Күйеуі тірі адамды ешкім кемпір демеген. Кейбір әжелеріміз кемпір деген сөзге ашуланып қалатыны сондықтан. Ал, шал сөзінің түпкі мағынасы түнгі төсекке жарымай қалған ер адам деген сөз. Ақтаулық журналистке бұл екі атауды салт-дәстүрді жақын білетін нағашысы айтқан екен.

«Қатын» сөзінің мағынасы өте ерекше. Нарқы алтыннан да қымбат десем артық айтқаным болмас. Бұл сөзді әйелдер естігенде жақтырмай бірден ала көздерімен ататынын да білемін. Түсінген әйелге ерекше құрмет деп есептеймін.

Бірде көрші Өрлік ауылындағы құдам немересінің шілдеханасына шақырды. Дастархан басында құдамның құрдастарының бірі әйеліне қатын деп айтып қалған. Әйелі жақтырмай: «Мынау мені қатын» дейді деп ренжігенін байқап қалдым. Ерлі-зайыптының екеуінде таныймын. Күйеуі менімен рулас, жасы менен үлкен. Сондықтан әйелі мені қайыным дейді. Бұл сөзге ашуланбай, қуанбайсың ба, «қатын» атағына жету үшін көп еңбектеніп, тер төгу керек дегенімде, қабағы жауатын бұлттай түнере түсті. Ашуыңды бас, сабыр сақта, түсіндірейін, бұл атаққа екінің бірінің қолы жете бермеген деп, түсіндіруге ыңғайланып айта бастадым:

Қ – дегенің: қамқоршым, А – дегенің: ақылшым, Т - дегенің: тынысым, Ы – дегенің: ырысым, Н – дегенің: намысым, дегенімде бұлттан шыққан күндей жүзі жадырап, жүзінде күлкі ойнады. Мұны саған кім айтты, қайдан білесің деп өзіме сұрақты жаудырды-ай кеп...

Атақты тарихшы, этнограф, ғалым Жағда Бабалақов «қатын» сөзін талдап мән-мағынасын осылай түіндірген. Бұл "Қазақ" газетінің 2015 жылғы нөмірі 25-26 санында «Жақының жарығы жарқырай бермек» мақаласында жарық көрген. Авторы алматылық журналист Есмұхамбет Айтмағанбетов екенін жадыңда сақтағайсың дедім.

Жас, кәрі болсын, қазақтың әрбір сөзін түпкі мағынасына зерделеп қарап, білуі шарт. Мақалама келтірген мысалдарым өмірде көріп, оқып білгенім. Естігенім десем бұл жалған деуі мүмкін жалпы оқырман. Ақтаулық журналист Жәнібек Қожық «кемпір мен шал» мағынасында: «қате болса кешірім сұраймын» деген. Мен де жалпы оқырман мына шатпағың қате десе, оқырмандарымнан кешірім өтінемін.

Қазақтың мақал-мәтелдері бәрі күнделікті өмірден алынған деп ойлаймын және ғылыми негізі жоқ емес. Қазақ: «жазым болайын десе быламықтан да тіс сынады» дейді. Тіршілікте адам баласының көргенінен көрмегені көп, білгенінен білмегені көп. Көрген- білгенімізді жастарға айтып, үйретсек, жазып отырсақ, артық болмас, қателікке де ұрынбас. Мынау менің «жолдасым» да өз орынын таңдасын, тәңірім мезгілсіз шал мен кемпірден сақтасын, «қатын» да шетке шығып қалмасын.

Қуанғали АРОНОВ,

зейнеткер.

Жарнама

banner_small

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Бейнебаян жаңалығы

Жарнама

banner_small

baner